astana-view

Абылай Мырзахметов Үкіметке бизнесті қолдаудағы кешенді шараларды таныстырды

2021 жылғы 03 Тамыз
6291 просмотров

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов бүгін Үкімет отырысында пандемия кезіндегі дағдарысқа қарсы кәсіпкерлікті қолдау шараларын баяндап, мелекеттік сатып алудағы  отандық кәсіпкерлердің үлесін арттыру, қайта қаржыландыруға өтінім беру мерзімін бір айға, кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру бағдарламасын тағы бір жылға ұзартуды ұсынды.

Пандемия басталғалы бері Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет бизнес қауымдастықпен ақылдаса отырып, дағдарысқа қарсы шаралардың төрт пакетін қолданды. Оған байланысты экономиканы қайта дамыту үшін кешенді жоспар қабылданды. Жалпы 260 шарадан тұратын ауқымды жоспар іске асырылды.

Бұл шаралардың көбі 1 шілдеде аяқталды. Ал кешенді жоспар бойынша тиісті нормативтік-құқықтық актілер қабылданды. Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов енді осы актілердің бәрін тиімді қолдану – Ұлттық палатаның негізгі мақсаты екенін атап өтті. Ол үшін бизнесті қолдаудағы кешенді шаралар жоспары әрі қарай іске асырылады.

Ashyq жүйесі – кәсіпкерлерге қауіпсіз, үздіксіз жұмыс істеу құралы

Пандемия кезінде бірден-бір маңызды мәселе – кәсіпкерлік үздік жұмыс істегені керек. Яғни, отандық кәсіпкерлер үздіксіз жұмыс істеуді сұрап отыр. Мемлекет басшысы 19 шілдеде нақты тапсырма берді.  Ashyq жүйесінің тиімділігін айтып, қатысушылар санын арттыруды, жүйеге кіруді жеңілдетуді тапсырды. Тапсырма орындалды – кәсіпкерлер Ashyq жүйесіне белсене қосылып жатыр.

«Бұл мәселе тиісті құзыретті мемлекеттік органдармен егжей-тегжей қаралды. 27 шілдеге қарай 40 саладағы  22 мың кәсіпкер осы салада жұмыс істеді. Президенттің тапсырмасынан кейін жүйеге тіркелген кәсіпкерлер саны  72 мыңға дейін көбейді», – деді ол Үкімет отырысында.

«Бастау Бизнес» – кәсіпкерлер санын, жұмыспен қамтылғандар санын арттыру құралы

«Бастау Бизнес» жобасы бойынша жыл сайын 30 мың адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылатын. Биыл  жеті айдың ішінде 25 мың адам оқып, жылдық жоспардың 85 пайызы орындалды. Осы 25 мың адамның 64 пайызы – жұмыссыздар, 30 пайызы – өзін-өзі жұмыспен қамтитындар. Азаматтар тарапынан сұраныс жоғары.

«Осы жылдың ерекшелігі – жоба қатысушылары тек оқып қоймай, 6 пайызбен  жеңілдетілген несие ала алады. Мұны Үкімет қолдады. Мұндай несие беру үшін микроқаржы ұйымдары құрылды. Жыл соңына дейін 5 мыңға жуық жоба осы 22,5 млрд теңге несиемен қамтылады», - деді Абылай Мырзахметов «Бастау Бизнес» түлектерін қолдау шараларына тоқталып.

Кешенді жоспар аясындағы дағдарысқа қарсы шаралардың бірі – мемлекеттік саясатты жетілдіру мәселелері бойынша мемлекеттік сатып алу және жергілікті қамтуды дамыту заңнамасы.

Яғни, мемлекеттік сатып алу саласындағы отандық кәсіпкерлердің үлесін арттыру шаралары қарқынды іске асырылып жатыр.  

«3,5 мыңнан астам отандық тауар өндірушіге 1 трлн теңгеден астам сома, оның ішінде құрылыс-саласында 300 млрд теңгеден астам қаржы сатып алу саласында қолжетімді болды. Жол картасын әрі қарай тиімді пайдалану үшін «Самұрық-Қазына қоры» және шикізат саласында осы жұмысты қарқынды жүргізуге тапсырма беруіңізді сұраймыз», – деді ол Үкімет басшысына.

Келесі қолдау шарасы – «Қарапайым экономикалық заттар» жеңілдетілген несие беру бағдарламасы.

Өткен жылы пандемияға қарамастан, 3 мыңға жуық жобаға жеңілдетілген несие берілді. Жалпы сомасы 751 млрд теңге болды. Барлық саланы қамтыды. Осы 3 мың жобаның 88 пайызы кәсібін ұлғайту үшін, 12 пайызы жаңа кәсіп ашу үшін қаржыландырылды.

«Бұл негізінен халық көп тұтынатын салаларды қамтып, импортты алмастыру мәселесін шешіп отыр. Жоспар бойынша бағдарлама аясында 23 мыңға жуық жұмыс орны ашылып, 30 млрд теңге салық төлемі түседі», – деді Абылай Мырзахметов.

Сондай-ақ, кәсіпкерлер Ұлттық банк тарапынан айналым ақша беру – жеңілдетілген несие бағдарламасын қолдайды. Басқарма төрағасы осы аталған екі бағдарламаны тағы бір жылға ұзартуды сұрады.

«Осы екі бағдарламаны тағы бір жылға ұзартуды сұраймыз. Өйткені пандемия әлі жалғасып жатыр. Ауқымды қаражат берілсе, кәсіпкерлердің сұранысы қолдау табады», – деді Ұлттық палатаның басқарма төрағасы.

Кәсіпкерлер үшін қайта қаржыландыру тиімді болып отыр.

 Өткен жылы бұл бағдарлама қазан айында аяқталған. Бірақ Үкімет кәсіпкерлерді қолдап, 1 тамызға дейін созған болатын. Бұл бағыт бойынша 29 саладан 165 салаға кеңейтілді.

«Енді кәсіпкерлер бұл бағдарлама бойынша құжат қабылдауды тағы бір айға созса деп сұрап отыр. Сонда олар қайта қаржыландыруға құжатын тапсырып үлгереді», – деді Абылай Мырзахметов.

Соңғы мәселе – қызметтің бәрі онлайнға көшті. Соның ішінде – кепілдік беру мәселесі. Бұл бағытта «Даму» қоры өте белсенді жұмыс жасап жатыр. Жоғарыда айтылған барлық бағдарламада кепілдік беру мәселесі шешіліп келеді. Алайда, өкінішке қарай, Мәдениет және спорт министрлігінің Архив істері және құжаттаманың басқару комитетінің осы кепілді қағаз жүзінде болуын талап етіп отыр. Олар кепілді қағаз жүзінде сақтағысы келеді.

«Жарты сағаттың ішінде атқарылатын қызметті 7 күнге созып отыр. Осы мәселені министрлік тезірек шешіп берсе деген өтініш бар. Соған тапсырма берсеңіз», – деп түйіндеді сөзін басқарма төрағасы.

ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Ұлттық палата мен үкіметтің дағдарысқа қарсы шаралары тиімділігін көрсеткенін атап өтті.

«Үкімет пен «Атамекеннің» дағдарысқа қарсы шаралары пандемия жағдайында өзінің тиімділігін көрсетті. Осы бағдарламалар бойынша барлық іс-шара  жыл соңына дейін жеткізілуі тиіс», – деді Асқар Мамин.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер