astana-view

«Атамекен»: Қытай шекарасындағы жүктің тоқтап қалуы салдарынан вагон иелері 7 млрд теңгеден астам шығынға ұшырады

2021 жылғы 10 Тамыз
5453 просмотров

2020 жылдың шілдесінде Ұлттық Кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлерден Қытай бағытында теміржол көлігімен жүк жөнелтудің кешігуіне қатысты шағымдар түсе бастады. Жағдайдың жақсаруына қарамастан, вагон иелері мен жүк жөнелтушілер әлі күнге дейін шығынға ұшырауда. Ұлттық палата кәсіпкерлердің мүддесін 2,3 млрд теңгеге қорғай алды.

 «Қазіргі кезде Қытай бағытында жол бойы тасталған составтар саны қысқарғанын көріп отырмыз. Қысқы кезеңмен салыстырғанда вагондар саны 10 мыңнан 5 мың бірлікке дейін қысқарды. Алайда, бизнес өкілдері әлі де шығын көріп жатыр, өйткені біраз вагон тоқтап тұр. Сондай-ақ қоймаларда жаңа жөнелтуді күтумен тұрған жүкке қатысты мәселелер бар», – деді «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Талғат Темірханов.

 ҰКП мәліметтері бойынша вагон иелері 2020 жылдың қарашасынан бастап 2021 жылдың шілдесіне дейінгі аралықта 7 млрд теңге жоғалтқан. Қазақстан тасымалдаушылары мен вагон операторлары қауымдастығының өкілдері шекарадағы кептеліске дейін жүк жөнелтушілер составтарын уақытында қайтарғанын, кешіктірудің ең ұзақ мерзімі бір аптаға жеткенін түсіндірді. Бүгінгі таңда вагондарды қайтару мерзімдерін бұзу орташа есеппен 1-1,5 айды құрайды, осындай жайт вагон операторларының қызметіне кері әсер еткен.

 «Астық Транс» АҚ иесі жүктің шекарада тұрып қалуы салдарынан 1 млрд-тан астам теңге жоғалтқан. Бұдан бөлек, компанияның хабарлауынша, вагондардың бір бөлігі әлі де теміржолда қозғалыссыз тұр.

 «Егер Қытай тарапы 2020 жылғы қыркүйекте пайдалануға берілген Алашанькоу станциясындағы (ҚХР) астық терминалында вагондарды қабылдап алуды ұлғайту жөнінде шаралар қолданса, тоқтап тұрған астық тасымалдаушылардың негізгі бөлігін қысқартуға болады. Аталған станция бір мезгілде 200 мың тоннаға дейінгі жүктерді қабылдай алады», – деп хабарлады компания өкілдері.

 Талғат Темірханов автомобиль тасымалдауында да тура осындай жағдай екенін атап өтті. Қытай тарапы автомобиль қабылдауды тәулігіне 200 бірліктен 30-50 бірлікке дейін қысқартты. Көлжат, Майқапшағай автомобиль өткізу пунктері жабық тұр.

 Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2020 жылдың желтоқсанында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен кәсіпкерлер форс-мажорды рәсімдеп, серіктестермен қарым-қатынастарын сақтап қалуы үшін Қытай шекарасындағы жағдайды түсіндіруге қатысты хат беруді сұрады.

 «Былтырдан бері барлығы үш хат алдық, бұл хаттарды кәсіпкерлер форс-мажор жағдайларын рәсімдеуге пайдалана алды. Форс-мажор туралы анықтама көмегімен бизнестің муддесін 2,3 млрд теңгеге қорғай алдық. 30 шілдеде «Атамекен» Қазақстан-Қытай шекарасындағы жүк тасымалдауға қатысты  ағымдағы жағдайды сипаттауымен кезекті хат алды, бұл құжатты да кәсіпкерлер форс-мажор туралы куәлікті рәсімдеуде негіз ретінде қоладана алады», – деп атап өтті Талғат Темірханов.

 Қазақстанның сыртқы сауда палатасы 2020 жылы кәсіпкерлерге 33 куәлік берді, 102 млн теңгеге кәсіпкерлердің мүддесі қорғалды. 2021 жылдың қаңтар-тамызында 2,2 млрд теңгеге 203 куәлік берілді.

 2021 жылдың тамызында ҚХР карантиндік шараларды әлі де сақтап отыр, осыған байланысты жүк ағыны тәуліігне 1 мыңнан 400 вагонға дейін қысқартылды. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ шектеулерге байланысты жабық вагондар мен жартылай вагондардағы жүктерді контейнерлік жөнелтілімдерге қайта бағыттауды ұсынды.

 «Қытай тарапы контейнердегі жүктерді тез қабылдайды. Бірақ кәсіпкерлер контейнерлер мен фитинг платформаларының тапшылығын, және контейерлерді көрші елдерден іздеуге уақыт кетіп жатқанын айтуда. Осындай жайт контейнерлермен жүк тасымалдауды қиындатып, тиімсіз етті. Бұдан бөлек, Қазақстанда әзірге тариф белгілеу және станциялардағы терминалдар мен жөндеу базаларын жабдықтау бойынша даулы мәселелер сақталып отыр, – деп түсіндірді Кәсіпкерлер палатасының мамандары.

 «Атамекен» ҰКП тыйымдар мен шектеулердің сақталуына байланысты  Үкіметке екі ел арасындағы жүк ағынын қалпына келтіру үшін Қытаймен екіжақты келіссөздер жүргізу туралы кезекті рет бастама көтерді. Ұлттық палатаның бастамасымен бұл мәселе Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы жөніндегі комитеттің сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі 11-ші отырысы шеңберінде талқыланды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер