astana-view

Қостанайда бизнесмендер қызметкерлерін вакцина салдыруға ынталандыруды қолға алды

2021 жылғы 19 Тамыз
6502 просмотров

Қазақстанда COVID-19 пандемиясына қарсы вакциналау кампаниясы қарқын алуда. Науқанға қатысуға кәсіпкерлерде белсенділік танытып жатыр. Қостанай бизнесмендері ұжымды ынталандыру мақсатында вакцина салдырған қызметкерлерге демалыс күндерін белгілеп, сыйақы берумен қатар, шипажайға жолдама беріп, тұрмыстық техника ойнатып, тіпті жем-шөп ұсынған. 

Вакцина салдырған қызметкерлеріне жем-шөп қорын Ұзынкөл ауданындағы «Куйбышевское-Агро» ЖШС сыйақы ретінде ұсынған. Қазіргі тапшылық жағдайында 3 тонна шөп сыйға тарту – нағыз олжа. Ал ауыл тұрғындарына жем-шөппен қамтылу ең жақсы мотивация. 

«Қазір қандай жағдай  орын алып жатқанын білеміз. Қалыпты өмір салтына оралуға вакциналау көмектеседі, сондықтан кәсіпорнымызда осындай акцияны қолға алдық. Қазіргі кезде 65 қызметкердің 45-сі вакцина салдырды. Қенсаулыққа келгенде жедел әрекет ету керек», – деген ойда «Куйбышевское-Агро» ЖШС директоры Сәлім Қуанышбаев. 

«Өркен» ЖШС-ның Лисаков қаласындағы филиалында 658 қызметкер еңбек етеді, ұжымның 93 пайызы вакцина салдырды. Мұндай ұйымшылдықтың құпиясы қарапайым – дер кезінде жүргізілген түсіндіру жұмыстары мен ынталандыру шаралары. 

«Кәсіпорнымызда вакцина салдырған қызметкерлерге материалдық көтермелеу ретінде 10 000 теңге беріліп жатыр. Сонымен қатар вакцина салдырған күні қызметкерді жұмыстан босатамыз. Вакциналау қызметкерлерге ғана емес, бүкіл кәсіпорынға қажет, өйткені індет өршіп, науқас саны өсіп келеді, мұның бәрі өндірістік процеске кері әсер етуде. Біз басқа да компанияларды вакцина науқанына атсалысуға шақырамыз. Осылай ғана көпшілік тезірек сакцина салдырып, ұжымдық иммунитет қалыптасады», – дейді «Өркен» ЖШС инженері Марк Муровцев.

«Therma Park» ЖШС қызметкерлері толық вакцина салдырған. Бірегей монша-сауықтыру кешенінің басшылығы мұнымен шектелмей бүгінде клиенттер арасында да насихаттау жұмысын жүргізіп жатыр. Вакцина салдырған тұрғындар арасында термопаркке 70 абонемент ұтысқа қойылды. Тағы 80 абонемент 24 тамызда таратылады. 

«Өңірімізде осындай жауапкершілігі жоғары бизнес нысандар көп. «СарыАркаАвтопром» ЖШС қызметкерлері «Сосновый Бор» шипажайына жолдама ала алады. «БК-Строй» ЖШС-да персоналға ақшалай сыйақы қарастырылған. «Милх» ЖШС жақын арада қызметкерлер арасында тұрмыстық техника ұтысын ұйымдастрмақ. Өңірде ірі кәсіпорындарда вакцина салдырған қызметкерлерге қосымша демалыс күнін беру қарастырылған. Нәтижесінде облыста вакцина салдырған азаматтар қатары күн санап артып келеді», – дейді Қостанай облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Мұрат Әбенов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер