astana-view

«Атамекен»: кәсіпкерлерге жүргізілген сауалнама қорытындысы бизнесті қолдаудың қосымша шаралары негізіне алынады

2021 жылғы 23 Тамыз
4868 просмотров

Бүгін Үкімет басшысы Асқар Мамин Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі жобалық кеңсе отырысында «Атамекен» ҰКП жүргізген сауалнаманың түпкілікті қорытындысын егжей-тегжейлі зерделеуді және бизнесті одан әрі қолдау бойынша қосымша шаралар дайындауды тапсырды.

Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша «Атамекен» ҰКП-ға орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, бизнесті Мемлекеттік қолдау шараларын алушылардың бірыңғай тізілімін қалыптастыру үшін заңнамаға енгізілетін қажетті өзгерістерге талдау жүргізеді.  

«Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов сауалнамаға 10 мың кәсіпкер қатысқанын хабарлады. Айта кетейік, сауалнаманың түпкілікті нәтижесі отандық бизнестің жағдайын көрсетеді және кәсіпкерлікті дамытудың одан әрі тәсілдерін қалыптастыруға көмек көрсету үшін Үкіметте ұсынылады.

 Бұдан бөлек, «Атамекен» бизнесті Мемлекеттік қолдау шараларын алушылардың бірыңғай тізілімін қалыптастыру үшін заңнамаға енгізілетін қажетті өзгерістерге талдау жүргізуге қатысады. ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин өңірлердің экономикалық картасы негізінде Мемлекеттік қолдау шараларын алушылардың бірыңғай тізілімін құру бизнесті қолдау шараларының барлық спектрі: субсидиялау, «Қарапайым заттар экономикасы», «Бастау Бизнес» бағдарламаларының тиімділігіне мониторинг жүргізу және талдау сапасын арттыруға мүмкіндік береді деп атап өтті.

Үкімет мәліметі бойынша субсидиялау құралының негізгі тұтынушылары – шағын және орта бизнес, бұл жобалар саны бойынша 99%-ды құрайды.  БЖК-2025 бағдарламасын іске асырудың оң қарқыны байқалады. Осы жылдың қаңтар-шілде айларында 408,3 млрд теңге сомасына шамамен 14 мың жоба субсидияланды, субсидиялардың жалпы сомасы 47,7 млрд теңгені құрады.  «Қарапайым заттар экономикасы» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы бойынша 774 млрд теңге сомасына 2,9 мың жоба мақұлданды, соның ішінде 2,4 мың жоба субсидияланды.

 Бүгінгі таңда Қазақстанда «Бастау Бизнес» жобасының түлектеріне несие беру үшін 15 микроқаржы ұйымы (МҚҰ) құрылды. Өтінімдерді қабылдау осы жылдың 15 шілдесінде басталды, осы уақытқа дейін шамамен 1,6 мың жаңа жұмыс орнын құрумен, жалпы сомасы 4,58 млрд теңгеге 797 жоба бойынша өтінімдер қабылданды. Басым бағыттар бойынша мал шаруашылығы, нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер өндірісі, сауда саласындағы жобалар көш бастап тұр. Ең көп өтінім Қарағанды (120), Жамбыл (100) және Шығыс Қазақстан (83) облыстарында берілді.

 Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес-қауымдастыққа сілтеме бойынша сауалнамаға қатысуды ұсынады:

https://docs.google.com/forms/d/e/1FAIpQLSdele9AqxyHypC_73gvm01S3hZAm7L8Lvlb3WAjBfke7M5dbA/viewform?usp=sf_link


Еншілес ұйымдар

Серіктестер