astana-view

Бизнесті бақылау мен реттеу түбегейлі өзгермек

2021 жылғы 31 Тамыз
1066 просмотров

Жаңа талап енгізілсе, ескі екеуінің күші жойылады.

Бизнесті бақылау мен реттеу туралы жаңа заң жобасы мемлекет пен бизнес арақатынасын «ақ парақтан бастап», жазалаудан – өзара сенім деңгейіне көтеруі тиіс. Ұлттық экономика министрлігі мен «Атамекен» ҰКП әзірлеген жоба  парламенттің жаңа сессияда ең бірінші қолға алатын басты құжаты болуы ықтимал, деп жазады еп жазады  Kursiv.kz
Талап етіп, тәртіпке салады

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деген ұзақ та қиын атау иеленген заң жобасы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі жолдауында арнайы тапсырма берген соң жазыла бастады. 

«Мемлекеттік реттеуге азаматтардың денсаулығын және экологияны қорғау үшін ғана жол беріледі деген еді» Президент.

Қазақстандағы бизнес ахуалға арналған кез келген шолуда көтерілетін ортақ мәселе – бизнеске қойылатын талаптың да, ереженің де көптігі. Қазіргі кезде кәсіпкерлерге қойылатын талаптардың санын ешкім  дөп басып айта да алмайды. Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов 12 мың талап  қойылады десе, бизнес-омбудсмен Рустам Жүрсінов оның саны 13 мыңнан асып жығылады дейді. 

 Рустам Жүрсіновтың айтуынша, мемлекеттік реттеу қай кезде қажет, қай кезде артық екенін нақтылайтын өлшем болмаған соң, мемлекеттік органдар жыл сайын бизнеске қойылатын жаңа талап ойлап тауып, қолданысқа енгізіп жатады. 

Бұл ретте бизнес-омбудсменнің айтуынша, кейбір талаптар «ескірген, ойға сыймайтын, бір-бірін қайталап жатады». 

Талап көп болған сайын, жаза да көп: 2015-2020 жыл аралығында әкімшілік жауапкершілікке тартылған кәсіпкерлер қатары екі есе өссе, ммлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың іс-әрекетіне бизнес тарапынан түскен шағым-арыз саны 4 есе артқан.

Жаңа заң жобасының мақсаты – қойылатын талаптар санын тұрақты қысқарту механизмін ұсына отырып, мемлекет пен бизнес арақатынасы сипатын түбегейлі өзгерту. 

Ең басты жаңалық – «реттеуші гильотина» қағидатының  енгізілуі. Бұл механизм қойылатын талаптарлы  толық шолып, бизнеске қажетсіз талап қоймауға ықпал етеді. Жақсылықовтың айтуынша, заң қабылданғаннан кейін осы талаптарды түбегейлі қысқарту үшін, оларды қайта қарау  жұмысы басталады. Шенеуніктер мен бизнесмендер шамамен алдағы екі жылда осы іспен айналысатын болады.

Заңда барлық реттеуші талаптар сәйкес келуі тиіс сегіз қағидат нақты жазылған: негізділік, ашықтық және болжамдылық, ұтымдылық, тұрақтылық, пропорционалдық, айқындылық, орындау мүмкіндігі және кәсіпкерлік қызмет субъектілерінің теңдігі.

«Ұтымдылық принципі дегеніміз, айталық, 1 млн теңге шығын әкелетін құқық бұзудың алдын алу үшін, орындалуы бизнестің қалтасына 10 млн теңге салмақ салатын талаптың қажеті жоқ дегенді білдіреді» деп толықтырды Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Ербол Өстеміров.

Бизнесті бақылау тәсілдері де, көзқарас та  түбегейлі өзгермек.  ҰКП басшысының орынбасары оның қалай жұмыс істейтінін кондитерлік цех мысалында түсіндіреді. Қазір тауар цехқа кіргеннен бастап, стол бетін қандай шүберекпен сүрту керек – бәрі реттелген, қойылатын талабы толық жазылған.  Жаңа реттеу  жүйесі бүкіл процеске емес, «басты, бақылау нүктелеріне» назар аударатын болады.

«Мәселен, шартты түрде қамыр илеу және дайын өнім деп алайық. Егер бұған дейін 10 бақылау нүктесі болса, енді олардың саны азаяды» дейді Ербол Өстеміров.

Тағы бір маңызды өзгеріс – «1 in 2 out» қағидатын енгізу. Бұл дегеніміз –  бизнеске қойылатын бір жаңа талапты енгізерде қолданыстағы және құқықтық реттеу саласында қолданылатын екі талаптың күші жойылады деген сөз. 

«Бизнеске қойылатын талап қатары жыл сайын азаяды деген  үміттенеміз. Мұндай құралдар басқа елдерде сынақтан өткен. Сондықтан біз оларды өз тәжірибемізге  енгізбекпіз» түсіндіреді Тимур Жақсылықов.

Тағы бір жаңалық –кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптардың бірыңғай тізілімі жасалмақ. Оны Ұлттық экономика министрлігі мен Әділет министрлігі түзеді.  Тізім бизнеске қойылатын қолданыстағы барлық талаптар қамтиды.

Сондай-ақ, шенеуніктер ұсынған талаптар ашық тексерістен өтеді. Ендігі жерде кез келген жаңалық кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында мақұлдағаннан кейін ғана енгізіледі. 

«Алдымен жаңа талап ҰКП, ҰЭМ және басқа да мемлекеттік орган өкілдері кіретін,  ҰЭМ жанындағы сарапшылар тобында қаралатын болады. Егер оны сарапшылар тобы мақұлдаса, ВАК келісім қажет емес. Егер нақты шешім шықпаса, онда ведомствоаралық комиссияға жүгінеміз» деп түсіндірді Ербол Өстеміров.

Сондай-ақ, заң жобасы бизнес-омбудсменнің рөлін күшейтеді. Мысалы, заң жобасындағы өзгерістің бірі –  реттеуші норматив пен талапты жою немесе қайта қарау жөнінде ұсыныстар енгізу құқығын берсе, екіншісі реттеуші апелляция институтын енгізу мүмкіндігін береді. 

Министрлік бизнес-омбудсменнің ұсыныстарын қарағаннан кейін, сараптама тобының немесе ВАК талқылауына реттеуші құралдың күшін жою не талдау арқылы қайта қарау мәселесін ұсынады. Рустам Жүрсінов бұл қадам бизнестің жүйелі мәселелері, шенеуніктердің озбырлығы және жетілмеген заңнамамен тиімді күресуге көмектеседі деп есептейді.

Аталмыш заң жобасы  қазір Мәжілісте жатыр. Бұл құжатты Президент тапсырмасынан кейін, Ұлттық экономика министрлігі ҰКП-мен бірлесе әзірлеуге кіріскен еді. Маусым айында ол парламент төменгі палатасының қарауына ұсынылды.  ҰКП заң жыл соңына дейін қабылданады деген үмітте. 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер