astana-view

Елорданың қолөнер шеберлері ұлттық байқауға қатысып жатыр

2021 жылғы 10 Қыркүйек
- Астана қаласы
7848 просмотров

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Born Nomad – Power Awards 2021 жалпыұлттық байқауына қатысуға 34 елордалық шебер өтінім берді.

 2021 жылдың 21 маусымында Қазақстандағы АҚШ елшілігі мен «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әйелдер кәсіпкерлігін қолдау, дәстүрлі қолөнерді сыртқы нарықта ілгерілету мен шығармашылық индустрияларды дамыту арқылы мәдени мұраны сақтау мақсатында «Born Nomad» бірлескен жобаның басталғанын хабарлады.

 «Born Nomad – Power Award» жалпыұлттық байқауы қазақ мұрасын қайта жаңғырту мен кеңінен насихаттауға, Қазақстанның дәстүрлі қолөнері мен халық шығармашылығының заманауи талдауын рухтандыруға бағытталған.

 «Қатысуға өтінім бермес бұрын әлеуетті қатысушылар Atameken Academy платформасында «Қолөнер бренді және өнім» тегін оқу курсын өтуі керек еді. Курс барысында шеберлер өнімнің өзіндік құны, баға белгілеу, маркетинг, сату және дистрибьюция, логистика мәселелерін оқыды. Курс аяқталған соң қорытынды тестілеуден жақсы баға алған тыңдаушылар ATAMEKEN сертификатын алды. Оқу нәтижесі бойынша Нұр-Сұлтан қаласынан 34 өтінім берілді», – деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Алмат Жүнісов.

 Елордалық қатысушылар арасында қыз-келіншектер саны басым. Олар тігінші және зергерлік шеберлік, тоқу, кілем тоқу, кестелеумен айналысады.

 «Байқаудың қазылар алқасына АҚШ және Қазақстан ұйымдарынан өкілдер мен сарапшылар шақырылды. Олар қолөнер шеберлерінің экономикалық және әлеуметтік рөлін күшейтуге көмектеседі. Байқау қатысушыларға бүкіл Қазақстанға өзін танытуға, өз жұмысы мен шығармашылығы туралы айтуға, сондай-ақ кері байланыс алуға және олардың өнімдері нарықта қаншалықты бәсекеге қабілетті екенін саралауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар сұранысқа ие коммерциялық өнімді жасау үшін нені жақсарту қажеттігін түсінуге көмектеседі», – деп атап өтті Алмат Жүнісов.

  Born Nomad – Power Awards 2021 байқауы: «дәстүр», «инновация», «шебер әйел», «жас талант», «3D қолөнері» және «шығармашылық ынтымақтастық» номинацияларында өтеді. Бірден бірнеше номинацияға қатысуға болады.

 «Маған байқаудың қолөнер шеберлігін қолдау, атап айтқанда шебер әйелдерді қолдау бойынша идеясы ұнады. Иә, шеберлер өз кәсібін жақсы біледі, олар өндіре алса да, сол өнімді сата алмайды. Ал дайын өнімді сата алу өте маңызды. Бізге осыны үйретуге тырысып жатқаныңызға рақмет. Мен сублимациямен – футболкаларға сурет салумен айналысамын. Жұмысымда қазақи нақыш, ою-өрнекті қолданамын. Байқауға дайындық аясында оқуға қатыстым, өте пайдалы болды», – деді қатысушы Аңсаған Мұстафа.

Дина Бекжанова 2018 жылдан бастап құрақ көрпе тігумен айналысады, 200 АЕК грантын жеңіп, 2 тігін машинасын сатып алды, қазір үйден жұмыс істейді. Бұған дейін ол әртүрлі қолөнер байқауларына, соның ішінде Ресейде өткен байқауға қатысты.

«Мақсатым – қазақ қолөнерін дамыту, оны халықаралық деңгейде танымал ету, өйткені қазақ өнері ерекше», – дейді Дина.

 Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері қазанда анықталады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер