astana-view

Жаркенттік кәсіпкер түйіршіктелген жем шығарады

2021 жылғы 27 Қыркүйек
- Жетісу облысы
3369 просмотров

Панфилов ауданы Жаркент қаласының тұрғыны Аманбол Құсайынов түйіршіктелген жем өндірісін бастады.

Кәсіпкер – «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздері бойынша оқыту жобасының түлегі. Өткен жылы оқуын аяқтаған. Аманбол Құсайынов түйіршіктелген жем өндіретін шағын цехқа арналған жабдықты өзі құрастырған. Өнім арнайы қаптамасыз шығарылады. Мал азығын Панфилов ауданы мен Алматы қаласындағы балық шаруашылықтары, шаруалар мен  жеке мал асыраушылар сатып алады. Өнімнің құны зауыттарға қарағанда 10-15%-ға төмен. Қазір цехта үш адам жұмыс істейді.

«Бүгінгі таңда ұсақталған, мөлшерленген, жоғары температурада буланған құрама жем аулада кептіріледі. Сондықтан цех көктемнен күзге дейін маусымдық жұмыс істейді. Кептіру жабдықтарын сатып аламын. Көптеген фермер малды ескі тәсілмен тамақтандырады. Ал түйіршіктелген құрама жемнің өнімділігі 80%-ға жоғары», — дейді кәсіпкер. ⠀

Биыл кәсіпкер «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша екі миллион теңге инновациялық грант ұтып алды. Бұл қаражат цехты жаңартуға жұмсалатын болады. Өндірістің толық қуаттылығы іске қосылғанда цех ай сайын бір тоннаға дейін түйіршіктелген жем шығара алады.

Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, жыл басынан бері «Еңбек» бағдарламасы аясында «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне 3,1 мыңнан астам жұмыссыз және жас кәсіпкер оқытылған. Жоба бойынша өткен жылы және биыл оқытылғандарды қоса алғанда 1200-ден аса бизнес-жоба гранттық қаржыландыру мен жеңілдетілген несие алды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер