Биыл «Бастау Бизнес» жобасын аяқтаған 15 мыңнан аса азамат кәсіп ашты – Мырзахметов
2021 жылы «Бастау Бизнес» жобасы аясында 33 мыңнан аса адам кәсіп ашудың қыр-сырын меңгерді.
Жоспар бойынша соның 30 пайызы жұмыс бастау керек болатын. Бұл міндет 53 пайызға артық орындалып, курс аяқтаған 15 мыңнан аса азамат кәсіп ашты. Бұл туралы Үкімет отырысында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов мәлімдеді.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы және Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында мемлекеттік органдармен үш тарапты тығыз жұмыс істейді. Бірінші сала – «Бастау Бизнес» жобасы. Осы жылдың жоспары бойынша 30 мың адамды оқыту керек болатын. 10 пайызға артық, 33 мыңнан аса адам оқыды. Олардың үштен бірі, яғни 30 пайызы өз жұмысын ашу керек болатын. Бұл 53 пайызға артық орындалды. Қазір курс оқыған 15 мыңнан аса азамат кәсібін бастады», – деді Абылай Мырзахметов.
Басқарма төрағасының айтуынша, «Бастау» түлектерінің 75 пайызы гранттар арқылы, 3 800-і шағын несиелер арқылы кәсіп ашқан. Сондай-ақ, курсқа қатысқандардың 64 пайызы – жұмыссыздар, 30 пайызға жуығы – өзін-өзі қамтитын азаматтар, 70 пайыздан астамы стартап кәсіпкерлер болды.
«Бұл жалпы әлеуметтік маңызы жоғары, елге керек бағдарлама. Мемлекет қойған тапсырманы толық қамтылып отыр. «Бастаудың» алғашқы уақытында бизнес жоспарлардың 70-80 пайызы ауыл шаруашылығына қатысты болатын. Қазір сервис, яғни қызмет көрсету саласы дамып, кәсіп ашқандардың 40 пайызын қамтып отыр», – деді төраға.
Абылай Мырзахметов пандемияға байланысты соңғы екі жылда оқыту онлайн atamekenacademy порталында жүргізіліп келетінін атап өтті. Биыл тиісті министрлікпен тығыз байланыстың арқасында тағы бір портал қосылды. Енді тек оқыту ғана емес, барлық процесс онлайн іске асырылады.
«Бастау Бизнес» курсын оқыту, несие алу, яғни тиісті қаражат алу да онлайн болып, оқушыларға өте ыңғайлы болады», – деді Абылай Мырзахметов.
Сонымен қатар, басқарма төрағасы биыл Халықты жұмыспен қамту жол картасының аясында несие беру мәселесі шешілгенін атап өтті.
«Өткен жылдары біз оқытып, түлектердің несиеге қолы жетпейтін. Енді Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласынан басқа барлық облыс орталығында тиісті микроқаржы беретін мекемелер құрылды. Оларға қыркүйекте бюджеттен тиісті қаражат бөлінді. Қазір 9,8 миллиард теңгеге 1600 жоба келіп түсті. Тиісті информжүйе құрылды. Оның бәрі онлайн қаралады. Біздің ойымызша келесі жылдың наурызында бұл қаражан толығымен игеріледі», – деді Ұлттық палатаның басқарма төрағасы.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: