astana-view

«Атамекен»: шенеуніктер МЖӘ заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылуы тиіс

2021 жылғы 27 Қазан
5291 просмотров

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамаловтың төрағалығымен өткен «Атамекен» ҰКП МЖӘ жобаларына мониторинг жүргізу жөніндегі кеңестің кезекті отырысында МЖӘ ҚазОрталығы «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне МЖӘ мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» МЖӘ заң жобасы тұжырымдамасының жобасын таныстырды. Талқылауға елорда мен өңірлерден 100-ден астам адам қатысты.

 «Нарық өкілдері 20-ға жуық ұсыныс енгізді, олардың басым бөлігі ескерілді. Алайда бірқатар өзекті мәселе күн тәртібінде тұр», – деді «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов.

 Кәсіпкерлер тексерушілердің іс-әрекеттерін және МЖӘ шартын бұзу жағдайларын реттеуді, сондай-ақ негізсіз әрекеттері сотта дәлелденген мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне жеке жауапкершілік шараларын енгізуді сұрайды. Өкілеттікті асыра пайдалану жағдайы Орал қаласында орын алған. Онда аудит департаменті 4 ведомство тексергеннен кейін МЖӘ шартын бұзу туралы шешім шығарды. Бұған байқау құжаттамасының қателіктері негіз болды.

 «Кәсіпкер байқау құжаттамасын әзірлеуге қатысы жоқ, ол жобаға ұсыныс жасалғанда келеді. Бұл жағдайда жеке қаражатын салып, жобаны аяқтаған компания зардап шекті. Кәсіпкерге өз кінәсіздігін дәлелдеуге тұра келді және аудит шешімі күшін жойды», – деді Ляна Тұрсынова.

 «Бұл жүйелі мәселе. Әкімдіктер өз міндеттерін орындамағаны бойынша фактілер бар. Актілер қабылданды, ал төлемдер жасалмады. Әкімшілер, бірінші басшылардың әкімшілік жауапкершілігін қарастыру керек. Біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз», – деді Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров.

Депутат Аманжан Жамалов ұлттық экономика министрлігіне заң жобасын үкіметтің 2022 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспарына енгізуді ұсынды.

 МЖӘ сарапшылық қоғамдастығы тарапынан МЖӘ сарапшыларының біліктілігін арттыру және сертификаттау мәселелері қызу тудырды.

«МЖӘ орталығының тұлғаларды сертификаттау мен аккредиттеуге қатысуы мүдделер қақтығысын тудырады. Сертификаттау мен аккредиттеуді тәуелсіз ұйымдарды тарту арқылы жүзеге асыру қажет», – деп ұсынды «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік және концессия сарапшылары орталығ» ҚБ директоры Болат Халық.

 Аманжан Жамалов Ұлттық экономика министрлігіне МЖӘ ҚазОрталығы қызметкерлерінің құзыреті мен берілетін ұсынымдардың сапасы бойынша сарапшылар қауымдастығының ескертулерін бақылауға алуды тапсырды.

«Ұлттық жобалардың жаңа форматы бекітілді. Біз талқылап жатқан мәселелер қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар мен ұлттық жобаларға қатысты. Туындауы мүмкін жаңалықтарға дайын болу керек», – деп атап өтті депутат Аманжан Жамалов.

 «Бұл мәселені егжей-тегжей пысықтау қажеттігіне көзіміз жетті. Жұмыстың басы бар. Келесі жиналыста мемлекеттік органдар мен бизнестің шоғырландырылған позициясын енгізіп, МЖӘ бойынша заңжобасы тұжырымдамасының жобасын бекітуді сұраймын», – деп қорытындылады Аманжан Жамалов.

 Сондай-ақ, кеңес отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асқар Жамбақин IT-саласында МЖӘ жобаларын іске асыру және ақпараттандырудың сервистік моделі бойынша жаңа тәсілдерді атап өтті.

«Бұл механизм мемлекеттің басым міндеттеріне жедел ден қоюға мүмкіндік береді» , – деді Асқар Жамбақин.

Қазіргі таңда тиісті түзетулер әзірленуде және жақын арада барлық мүдделі тараптардың қарауына шығарылады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер