astana-view

«Атамекен» микроқаржы ұйымы арқылы шағын несие рәсімдеу мерзімін қысқарту тетігін ұсынды

2021 жылғы 28 Қазан
2453 просмотров

Қазір елімізде «Бастау Бизнес» жобасының түлектері үшін Микроқаржы ұйымдары арқылы шағын несие беру қарқынды жүріп жатыр. Алайда кәсіпкерлер несиені рәсімдеу мерзімінің ұзақ болуына қатысты шағымын жеткізді. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы несиені қарастыру мерзімін қысқартуға байланысты ұсынысын жеткізді.

Биыл мамырда бюджетті нақтылау аясында МҚҰ бюджеттік несиесін бөлудің заңды қаржы операторы ретінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ (жеңілдетілген пайыздық мөлшерлеме бойынша МҚҰ бюджеттік несиесін алудың қолданыстағы заңды жалғыз механизмі) қарастырылған.

Осыған байланысты, шілденің ортасынан бастап МҚҰ несиелеуге өтінімдер қабылдауға кірісті.

Алайда, ұзаққа созылған бюджеттік рәсімдерге байланысты (министрліктер мен облыс әкімдіктері арасында, ал одан әрі әкімдіктер мен Аграрлық несие корпорация арасында несие шартын жасасу) МҚҰ үшін Аграрлық несие корпорациясының несиелік желілері қыркүйекте ашылды.

Әрбір өтінім МҚҰ-да несиелеуді мақұлдағаннан кейін Аграрлық несие корпорациясының мақұлдау рәсімінен өтеді. Яғни, бір несие комитетінің орнына бір өтінім екі түрлі несие ұйымдарының екі несие комитеттерінде мақұлдау процедурасынан өтеді.

Мұнымен қоса МҚҰ-дан Аграрлық несие корпорациясына өтінімдерді қабылдау екі мекеме филиалдарының өзара іс-қимыл процестерін пысықтаудың жеделдігіне байланысты қыркүйектің соңында қазанның басында басталды.

Осыған байланысты, осы жылдың III тоқсанында МҚҰ-ға тапсырылған өтінімдерді қарау мерзімдері ұзартылды.

Сондай-ақ, сараптама барысында өтінімдердің 90 пайыздан астамында заңды ескертулер анықталатынын, оларды жоймай, заңнамаға сәйкес несиелеуге тыйым салынғанын назарға алған жөн. Тиісінше, ескертулерді түзету өтінімнің ұзақтығына айтарлықтай әсер етеді.

Осы жағдайдың туындауын болдырмау үшін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2020 жылдың соңында Үкіметке МҚҰ-ны мемлекеттің қатысуымен жергілікті бюджеттен операторларсыз (немесе әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы) қорландыру схемасын ұсынды.

Алайда, бұл үшін бюджет заңнамасына өзгерістер енгізу қажет болды. Сондықтан «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасында, яғни Аграрлық несие корпорация арқылы әрекет ететін МҚҰ қорландыру тетігі уақытша қабылданды.

Осы баяндалғанды ескере отырып, ҰКП мемлекеттің қатысумен тікелей жергілікті бюджеттен немесе Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациядан МҚҰ қорландыру мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін бюджет заңнамасына өзгерістер енгізуге бастамашылық жасауды орынды деп санайды. Бұл екіжақты қарауды болдырмайды және несиеге өтінімнің өту мерзімін 7 күнге дейін қысқартады. Сондай-ақ МҚҰ-ның бюджеттік несиелерді алу уақытын қазіргі төрт айдан бір айға дейін азайтады.

Айта кетейік, 2021 жылғы 27 қазандағы жағдай бойынша МҚҰ жалпы сомасы 11,0 млрд теңгеге 1 710 өтінім қабылдады. Оның ішінде несие комитеті 3,7 млрд теңгеге 667 өтінімді мақұлдады.

Аграрлық несие корпорациясына 405 өтінім берілді, 136 шағын несие рәсімделді.

Анықтама ретінде:

Мемлекет басшысы мен Үкіметтің тапсырмасын іске асыру аясында жергілікті атқарушы органдар және Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен микроқаржы ұйымдарының желісі құрылды.

Микроқаржы ұйымдарының қызметінің негізгі бағыты – «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жобасына қатысушыларға, яғни жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған халыққа, сондай-ақ бизнес бастағысы келетін жеке тұлғаларға несие беру.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер