astana-view

«Шетелдік кәсіпкерге қолдау көрсетуге дайынбыз».  Ербол Өстеміров бизнес-омбудсмендердің халықаралық форумына қатысты

2021 жылғы 15 Желтоқсан
4086 просмотров

«Отандық бизнесмендерді шет мемлекеттер аумағында да құқықтық қорғау маңызды. Олардың басына күн туғанда көмек қолын созуға дайынбыз». Мұндай пікірді Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл аппаратының басшысы Ербол Өстеміров Ташкентте өткен бизнес-омбудсмендердің халықаралық форумында айтты.

2021 жылғы 14 желтоқсанда Ташкентте Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі уәкілдердің бірінші халықаралық форумы өтті. Оған Өзбекстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Корея Республикасы, Қырғыз Республикасы, Грузия, Украина, Польшаның бизнес-омбудсмендері қатысты.

Конференцияда Ербол Өстеміров қатысушыларды Қазақстандағы бизнесті қорғау жүйесі, бизнес-омбудсмен институтының дамуы, оның құрылымы мен жұмысы туралы хабардар етті.

«Аталған институт 5 жылда кәсіпкерлердің 30 мыңнан астам өтінішін қарады. Бизнестің 840-тан аса жүйелі проблемасының тізімін жасап, оның 69%-ы шешілді. Бұл жұмыс түрлі бағытта – мемлекеттік органдармен бірлесіп, Жол карталары шеңберінде, Үкімет алаңында жүргізіледі», – деді бизнес-омбудсмен.

Сондай-ақ, Ербол Өстеміров Қазақстандағы бизнесті қайта реттеу бойынша іске асырылған ауқымды шараларды атап өтті. Мемлекеттік органдардың рұқсат беру және бақылау функциялары бірнеше есе қысқартылды, мемлекеттік бақылау, бизнес есептілігі жүйесі оңтайландырылды.

Реттеуші саясатқа түбегейлі өзгерістер енгізу қажет екенін тәжірибе көрсетті. Шетелдік және отандық сарапшылармен, соның ішінде Дүниежүзілік банкпен, Азия даму банкімен, USAID-пен бірлесіп, жаңа реттеушілік саясаттың қағидаттары мен тәсілдері әзірленді.

Бұл мәселе бойынша заң жобасы Парламенттің қарауына енгізілді, қазір белсенді түрде талқыланып жатыр. Заң жобасында бизнеске қойылатын реттеуші талаптар үшін базалық жағдайлар жасалған. Олар енгізілетін реттеудің түсінікті уәждерімен орындалуы, қолжетімді нысанда баяндалуы тиіс. Реттеу қатаңдығы деңгейі тәуекел деңгейіне байланысты болуы керек.

Осы нормаларға сәйкес келмейтін талаптардың күші жойылады, ол үшін құралдар жиынтығы – Міндетті талаптар тізілімі енгізіледі.

Адал кәсіпкерлерді қолдау міндетін шешу үшін «Бизнес-әріптестер тізілімі» ақпараттық жүйесі құрылды. Ол кәсіпкерлер туралы жан-жақты ақпаратты жинақтайды, олардың әдептілігі мен сенімділігін көруге мүмкіндік береді, жосықсыз контрагенттерді анықтау құралдарын ұсынады. Бұл кәсіпкерлік тәуекелдерді және сәйкесінше мемлекетпен қарым-қатынастағы жағымсыз салдарды азайтады.

Ербол Өстеміров отандық бизнесмендерді шет мемлекеттер аумағында да құқықтық қорғау маңызды екенін, олардың басына күн туғанда көмек қолын созуға дайын екенін жеткізді.

Бұған дейін Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және Грузия бизнес-омбудсмендері арасында Өзара көмек және ынтымақтастық туралы екіжақты келісімдерге қол қойылған болатын. Қол жеткізген уағдаластықтардың арқасында шет елдердегі бизнесмендерді құқықтық қорғауға қатысты көптеген проблемалық мәселе шешіліп келеді.

Атап айтқанда, Қазақстан мен Өзбекстанның бизнес-омбудсмендері аппараттары арасында атқарушылық іс жүргізуді жүзеге асыру және келісімшарттық міндеттемелерді орындауға қол жеткізу кезінде өзара көмек көрсету бойынша жұмыс жолға қойылған.

Форум барысында Өзбекстан, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Грузия, Украина, Корея және Польша елдерінен тұратын Еуропа және Азия бизнес-омбудсмендерінің Ташкент декларациясына қол қойылды. Декларацияның ережелері заңнама саласындағы ынтымақтастықты, кәсіпкерлік субъектілерінің құқығы мен заңды мүдделерін қорғау, кәсіпкерлікті дамытуды қолдау, халықаралық ынтымақтастық саласындағы әріптестікті қозғайды.

«Біз барлық кәсіпкерге қолдау көрсетуге дайынбыз, өйткені бизнестегі әріптестердің адалдығы дұрыс экономикалық қатынастардың кепілі болатынына сенімдіміз. Кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша жұмыста әрі қарай да тиімді және жемісті ынтымақтастықта боламыз деген үміттеміз», – деп толықтырды Ербол Өстеміров.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер