astana-view

Бизнес-омбудсмен Мемлекет басшысына бизнестің пандемия жағдайындағы ахуалын баяндады

2021 жылғы 22 Желтоқсан
3680 просмотров

Осы жылы бизнес-омбудсмен кеңсесіне 3912 өтініш келіп түсті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15%-ға төмен. 1463 өтініш немесе 38% кәсіпкерлердің пайдасына шешілді.

Түскен өтініштер, негізінен, сатып алулар, жер, салық, құрылыс мәселелеріне қатысты болды. Мұндай статистиканы Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында мәлімдеді.

Бизнес-омбудсмен Президентке атқарылған жұмыс нәтижелері туралы жыл сайынғы баяндаманы ұсынып, коронавирус пандемиясының отандық бизнеске тигізген әсерін баяндады.

2020-2021 жылдары кәсіпкерлермен және бизнес-қауымдастықтармен өткізілген кездесулердің нәтижелері бойынша 346 жүйелі проблемадан тұратын тізілім жасалды. Бүгінде тізілімде көрсетілген 115 мәселе шешілді, 130-ы қолдау тапты және шешу сатысында тұр. Сондай-ақ, 101 мәселе бойынша Үкімет мемлекеттік органдарға тиісті тапсырма берді. Проблемалық мәселелерді шешу үшін заңдарға, заңға тәуелді актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатыр.

Пандемия және шектеу шаралары кезінде бизнестің жағдайын, олардың проблемалары мен қажеттіліктерін зерттеу бойынша белгілі бір жұмыстар жүргізілді.

Жыл басында 50,4 мың бизнес субъекті қатысқан сауалнама нәтижелері респонденттердің 60%-ы мемлекеттік қолдау шараларын пайдаланғанын көрсетті. Негізінен кәсіпкерлер үшін салықтар мен кредиттерді төлеуден босату бойынша шаралар сұранысқа ие болды.

Осы жылдың тамыззында карантин шараларынан неғұрлым зардап шеккен сауда және қызмет көрсету саласындағы 10 200 бизнес субъектіден сауалнама алынды. Бұл саладағы қысқартылған қызметкерлердің үлесі 17%-ға жетті. Айта кету керек, респонденттердің 20%-ы кәсібі жабылды немесе жабылу алдында тұр деп белгіледі, ал 57%-ы мемлекеттік қолдау шараларын алмағандарын атап өтті.

«Мемлекеттік қолдау шараларын алған көптеген кәсіпкер оларды алу кезінде қиындықтарға тап болған. АӨК және қоғамдық өнеркәсіп саласындағы бизнес субъектілері үшін бәсекеге қабілеттілікті одан әрі арттыруда мемлекеттік қолдау шаралары маңызды. Респонденттердің 78% осындай пікірді жеткізді», – деп атап өтті Рустам Жүрсінов.

Салықтар мен ЕТҚ төлемдерінен, мүлік салығынан және реттелетін сатып алуларда өнімді кепілді өткізуден босату жөніндегі шаралар неғұрлым сұранысқа ие.  

Рустам Жүрсінов рейдерліктен және кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласудан қорғауға қатысты Бас прокуратурамен бірлесіп жүргізіліп жатқан жұмысты атап өтті. Бизнеске түсетін қысымды төмендету үшін рейдерлікке қарсы күресті күшейту, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың заңсыз араласуынан қорғау бойынша заңнамалық түзетулер пысықталды.

2021 жылғы 2 шілдедегі заңдармен Қылмыстық және Қылмыстық процестік кодекстеріне, ӘҚБтК-не, сондай-ақ «Прокуратура туралы» ҚР Заңына түзетулер енгізілді. Сонымен қатар, ведомствоаралық жұмыс тобы жұмыс істейді, 2021 жылдың қыркүйегінде кәсіпкерлік субъектілерінің өтініштері қаралды.

Рустам Жүрсінов атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен көлемін арттыру мақсатында салалық мәселелер бойынша бизнес-омбудсменнің қоғамдық өкілдерін тарту қажеттігі туындағанын айтты.

Бизнес-омбудсменнің кеңсесі пилоттық режимде бизнеске түсетін әкімшілік қысым индекстерін әзірледі. Олар санитарлық-эпидемиялогиялық, өртке қарсы, экологиялық қауіпсіздік, құрылыс, жер қатынастары, еңбек қатынастары және салық міндеттемелері сияқты салаларды қамтыды.

Нәтижесінде бақылау мен қадағалауға ұшыраған кәсіпкерлер үлесінің төмендегені байқалады (тексеруге жарияланған мораториймен байланысты – авт.).

«Көрсеткіш неғұрлым жоғары болса, тәуекелге бағытталған тәсілді қолданудың тиімділігі соғұрлым жоғары болады. Пилоттық режимде әзірленген әкімшілік қысым индекстері өзінің тиімділігі мен өміршеңдігін көрсетті. Осы индекстер негізінде әкімшілік қысым рейтингін тұрақты түрде жүргізуге болады», – деді Рустам Жүрсінов.

Бизнес-омбудсмен Мемлекет басшысының «таза парақтан» реттеуді енгізу жөніндегі тапсырмасын орындау бойынша мәліметтерді ұсынды. Тиісті заң жобасы ҚР Парламент Сенаты қарауында жатыр. Бизнеске қойылатын барлық ескірген міндетті талапқа ревизия жүргізілетін болады. Аталған жұмыс 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін жалғасады. Кәсіпкерлер тапсыратын есептілік және мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау қызметі қайта қаралады. Түпкі мақсат – мемлекет пен бизнес арасындағы қатынастарды толық цифрландыру.

Мемлекет басшысы Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің жұмысына оң баға беріп, бизнеске қатысты әкімшілік құқық бұзушылықтардың өсу себептерін анықтауға және оларды жою шараларын әзірлеуге бағытталған бірқатар тапсырма берді.

#бизнесобудсмен #бастау #бизнесқорғау


Еншілес ұйымдар

Серіктестер