astana-view

Кәсіпкерлер «Самұрық-Қазына» қорының сатып алу жүйесін реформалауға қатыса алады

2022 жылғы 25 Қаңтар
8128 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына «Самұрық-Қазына» қорының негізгі регламенттеуші құжаттарының жобалары талқылау үшін  келіп түсті. ҰКП мүдделі кәсіпкерлер мен қауымдастық мүшелерін 2022 жылғы 26 қаңтарда Қор қызметкерлерінің қатысуымен зум-конференция форматында құжаттарды талқылауға шақырады.

Қарауға Қордың сатып алуын жүзеге асыру тәртібі, тауарларға маркетингтік бағаларды айқындау ережесі, оффтейк-келісімшарттар жасасу және оларды орындау тәртібі, Қордың сатып алуын жүзеге асыруға бақылау жүргізу қағидалары түсті. Кәсіпкерлер палатасы құжаттарды қауымдастықтарға, бизнеске және ҰКП өңірлік өкілдіктеріне жіберді.

Талқылау 26 қаңтарда сағат 15:00-де өтеді. Қатысу үшін 8-701-535-7536 телефонына хабарласуға болады. Ұсыныстар мен ескертулерді dzms@atameken.kz поштасына  2022 жылғы 1 ақпанға дейін жолдаңыздар.

Айта кетейік, Қордың жыл сайынғы сатып алу көлемі – шамамен 4 трлн теңге. Бұл сома қазақстандық бизнесті қолдаудың және отандық тауар өндірушілерді дамытудың маңызды тетігі болып саналады.

Кәсіпкерлер палатасы бизнеспен бірлесіп, 6 жылдан астам уақыт бойы Қордың сатып алуларына талдау және мониторинг жүргізіп келеді. Соның нәтижесінде бизнестің сатып алуға қатысуындағы кедергілер мен проблемалар анықталады. Осы уақыт ішінде Палата мен бизнестің ұсыныстары бойынша «Самұрық-Қазына» қорының сатып алу ережелеріне елеулі өзгерістер енгізілді, сондай-ақ алдын ала біліктілік іріктеу, холдингішілік кооперация шеңберінде сатып алуды қысқарту, төлеу мерзімдері, ҚМЖ және басқа да маңызды мәселелер бойынша бизнес мүдделері қорғалды.

Өкінішке қарай, соңғы бір жыл ішінде Қордың уәкілетті менеджменті бизнестің мұң-мұқтажы, талап-тілегіне мүдде танытпағаны себепті  жасампаз және құрылымды жұмыс пәрмені жоғалғанын растауға мәжбүрміз. 2021 жылдың наурызынан бастап Қор және бизнестің қатысуымен бір ғана жиын өтті. Оның нәтижесінде кәсіпкерлердің проблемалары еленбеді. Жолданған 50 ұсыныстан 1 ұсыныс, яғни 5 пайызы ғана қабылданған. Бизнес шағымдарын қарау процесі және оларға жедел әрекет ету жабық жүргізіледі әрі транспарентті емес. Ұлттық палатаның Қормен;  отандық тауар өндірушілердің сатып алуларға қол жетімділігін арттыру, шағымдарға тез әрекет ету, әсіресе жүргізіліп жатқан, негізсіз кейінге қалдырылған шағымдар бойынша өзара ынтымақты, ашық цифрлық арна құруға талпынысы қолдау таппады. Мемлекеттік сатып алулардың үздік тәжірибесін негізге алу бойынша бастама назарға алынбады.

Палатаның барлық ұсынысы бизнестің жүйелі өтініштері негізінде қалыптастырылып, қауымдастықтармен бірлесе әзірленді, мемлекеттік органдардың түрлі алаңында айтылды. Бұл ретте Үкіметтің қолдауы мен тиісті тапсырмалары болды, бірақ Қор тарапынан түсіністік пен орындау болмады. Осылайша, осы уақытқа дейін кәсіпкер Тапсырыс берушімен «бірге-бір» қалып келеді. Отандық тауар өндірушілер мүддесін қорғау үшін Қор тарапынан тиісті және қажетті қадағалау мен бақылау жоқ. Шарт жасасу, тауарларды қабылдау талаптары регламенттелмейді, сонымен қатар сатып алу туралы үлгілік шарттар жоқ.

Өз тарапымыздан Холдинг пен оның еншілес компанияларының ашық және түсінікті сатып алу процесін қалыптастыру тұрғысынан Қор сатып алу бойынша жүйелі жұмысты жандандырады деген үміт артамыз.

Қордың атына тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің бірыңғай номенклатуралық анықтамалығы бойынша «Атамекен» ҰКП-ның 25.01.2022 жылғы хаты

 «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ сатып алу қызметіндегі жаңа тәсілдерді талқылау бойынша кеңес өткізуге қатысты «Атамекен» ҰКП-ның 24.01.2022 жылғы хаты

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер