astana-view

«Атамекен» ҚР ҰКП басқармасы өкілеттігін тоқтатты

2022 жылғы 18 Ақпан
14678 просмотров

«Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов басқарма атынан өзі және 6 орынбасары өкілеттігін тоқтатып, Ұлттық палатадан кетуге шешім қабылдағанын мәлімдеді. Бұл туралы ол «Атамекен» ҚР ҰКП кезектен тыс IX съезінде мәлімдеді.

 «Сегіз жыл ішінде біз бәріміз бірге үлкен жолды өткердік. Билікпен құрылымды диалог жүргізу басты міндетіміз болды. Барлық мәселені шешпегенімізді, барлығына қол жеткізе алмағанымызды мойындаймын. Бүгінде айтылып жатқан сын, орынды сын деп санаймын, бұл әріптестерімізбен жіберген олқылық. Дегенмен, Палата ұйым ретінде қалыптасты, осы бағытта Тимур Асқарұлы (Құлыбаев – авт.), басқарма, дирекциядағы әріптестер, өңірлік кеңестер, орталық аппарат және делегаттар, белсенділер, қауымдастықтармен бірге біз Палатаны құрғанымызға қуаныштымын. Бұл ұйымды әрі қарай дамыту керек, қазіргі кезде өңірлер мен қауымдастықтар арасында түсініспеушілік бар. Бұл бағытта өзімнің жеке бағдарым бар. Бірақ Райымбек Әнуарұлы (Баталов – авт.)  бастаған жаңа төралқа реформалар жолымен әрі қарай ілгерілейді деген сенімдемін. Сондықтан барлық жағдайды ескере отырып, басқарма төрағасы жаңадан сайланған төралқа құрамы алдында, жаңа төралқа алдында өкілеттігін тоқтатуы керек деген шешім қабылдадым. Біздің ортақ үйіміз, институтымыз «Атамекен» аяққа тұрды», – деді «Атамекен» ҚР ҰКП экс-басқарма төрағасы.

Кәсіпкерлер, әріптестер Абылай Мырзахметовке және командаға кәсіпкерлер палатасын құрудағы атқарған қызметі және кәсіпкерлердің проблемалық мәселелерін шешкені үшін алғыс білдірді.

Қазақстан кәсіпкер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова Абылай Мырзахметовке сегіз жылда атқарған орасан еңбегі үшін алғыс айтты. Себебі Палата құрылатын кезде оның болашағанына күмәнданғандар көп болған. Бірақ Палата өзінің керегін, маңызын дәлелдеді.

«Бүгін осы 8 жылдың ішінде, Абылай Исабекұлы, айттыңыз ғой, 8 жылдың ішіндегі жетістігіміз жер мен көктей. «Атамекен» құрылып жатқан кезде мен Қаржы министрлігінде жұмыс істедім. Сол кезде министр айтқан, осындай шешім қабылданды, кәсіпкерлерді жинақтау керек деп. Бұл не деген бастама деп сұрады? (...) Осы жерде, бірінші қатарда отырған көп әріптестерім айтқан, «Сіз қайда бара жатырсыз. Ол жердің болашағы көлеңкелі ғой, түсінікті емес қой» деп», – деді Ләззат Рамазанова.

Абылай Мырзахметов 2013 жылдан бастап «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы болған, бұған дейін 2007 жылдан бастап «Атамекен» одағы» Қазақстанның ұлттық экономикалық палатасы» ЗТБ басқарма төрағасы қызметін атқарған. Сондай-ақ басқармадан төрағаның бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов, орынбасарлары Олжас Ордабаев, Талғат Темірханов, Ербол Өстеміров, Арман Мамбетаев, Альбина Досщиева кетті.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер