astana-view

«Алтын сапа» байқауы және «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына қатысуға өтінім қабылдау басталды

2022 жылғы 28 Ақпан
13507 просмотров

«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 9 қазандағы № 194 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алу байқауы және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауына өтінімдерді қабылдау басталғандығын хабарлайды.

1. Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы (бұдан әрі – сыйлық) ұйымның өнім және/немесе қызметтер сапасы саласында айтарлықтай нәтижеге қол жеткізгені, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз еткені үшін, сондай-ақ ұйымның сапаны басқарудағы тиімділігі жоғары әдістер (енгізілген менеджмент жүйесі болғаны міндетті) енгізгені үшін байқау негізде ұсынылады.

Байқауға Қазақстан Республикасының аумағында тауарлар өндірумен, қызметтер көрсетумен (қару-жарақ пен әскери техника өндіруді қоспағанда) айналысатын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар қатыса алады.

Байқауға мемлекеттің қатысу үлесі 50%-дан асатын ұйымдар, сондай-ақ белгіленген тәртіп бойынша оңалту және банкроттық рәсімдерін жүзеге асыру туралы шешімдер қабылданған ұйымдар қатыса алмайды.

Сыйлық үш санатта (шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъекті) және мына мына номинациялар бойынша беріледі:

1) «Өндiрiстiк мақсаттағы үздiк кәсiпорын»;

2) «Халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздiк кәсiпорын»;

3) «Қызметтер көрсететiн үздiк кәсiпорын»;

4) «Азық-түлік тауарларын және/немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын».

Байқауда «Үздік индустриялық жоба», «Үздік инновациялық жоба» арнайы сыйлықтары тағайындалады.

Байқауға қатысушылар алдыңғы үш жыл ішінде шығарылатын өнімнің немесе көрсетілетін қызметтердің жоғары сапасын растауы тиіс.  

Байқау жыл бойына өткізіледі және мынадай негізгі кезеңдерден тұрады.

1. Өтінімдерді 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін электронды түрде www.altynsapa.kz сайтында тапсыру қажет. 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап өтінімдерді қабылдау тоқтатылады!

Байқауға қатысуға ниет білдірген заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер  Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 31 шілдедегі №1167 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алуға арналған байқауға қатысушылардың материалдарын ресімдеу, ұсыну және алдын ала бағалау ережесіне» (www.altynsapa.kz сайтының «Қатысу шарттары бөлімінде» жазылған) сәйкес өзі орналасқан жердегі өңірлік кәсіпкерлер палатасына (бұдан әрі – ӨКП) материалдарды ресімдеп, 1 шілдеге дейін тапсырады.

2. ҰКП сараптамалық тобы алдын ала бағалап және 40 финалисті анықтайды (тамыз-қыркүйек).

3. Сараптамалық топ кәсіпорындарға барып, байқаудың финалистерін бағалайды.

4. Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты атағын және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының дипломанты атағын беру жөніндегі Комиссия отырысы (қараша).

Сыйлық лауреаттарына тиісті диплом, байқау эмблемасы және 450 айлық есептік көрсеткіш ақшалай сыйақы беріледі. Лауреаттар төрт жыл бойы «Алтын сапа» байқауының эмблемасын жарнамалық мақсатта пайдалану құқығына ие болады.

2. «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауы – отандық өнімнің сапасын арттыруға және Қазақстан нарығын сапасы жоғары әрі бәсекеге қабілетті өніммен толықтыруға бағытталған жеке және заңды тұлғалар қызметін жандандыру мақсатында жыл сайын өткізіледі.

Байқау мынадай үш номинация бойынша жүргізіледі:

1) «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар»;

2) «Халыққа арналған үздік тауарлар»;

3) «Үздік азық-түлік тауарлары».

Әр номинация бойынша үш жеңімпаз айқындалады.

«Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы бір жыл бойы өткізіледі және келесі негізгі кезеңнен тұрады.

1. Өтінімді «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауының өткізілуіне кемінде 10 күн қалған мерзімде www.altynsapa.kz сайтында немесе өңірлік кәсіпкерлер палаталарына ұсыну қажет.

Өңірлерде көрме-байқаудың өткізілу кестесі облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімдіктерімен келісім бойынша жасалады және www.altynsapa.kz сайтында жарияланады.

Байқауға қатысуға ниет білдірген заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 31 шілдедегі №1167 қаулысымен бекітілген «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік және республикалық көрме-байқауларына ұсынылатын материалдар мен өнімді ресімдеу, ұсыну және алдын ала сараптамалық бағалау ережесіне» (www.altynsapa.kz  сайтында жарияланған) сәйкес өзі орналасқан жердегі өңірлік кәсіпкерлер палатасына материалдарын ресімдеп, ұсынады.

 Өңірлік көрмеге қатысу байқауға одан әрі қатысудың міндетті шарты. Өңірлік байқаулардың 9 жеңімпазы ғана «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауына қатысу мүмкіндігіне ие болады.

2. Нұр-Сұлтан қаласында республикалық көрме-байқаудың өткізілуі (қыркүйек-қазан). Көрме қорытындысы бойынша ҰКП сараптамалық тобы үш номинация бойынша 27 финалисті анықтайды.

3. Үшінші кезеңде 27 финалист (15-25 қазан аралығында) онлайн-дауыс беруге қатысады.

4. «Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты атағын және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының дипломанты атағын беру жөніндегі Комиссия байқаудың 9 қатысушысына «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының дипломанты атағын беру туралы шешім қабылдау отырысы (қараша).

Байқау дипломанттарына диплом мен байқау эмблемасы тапсырылады. Дипломанттар төрт жыл бойы «Қазақстанның үздік тауары» байқауының эмблемасын жарнамалық мақсатта пайдалану құқығына ие болады.

«Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» байқауқауларының жеңімпаздарын марапаттау жыл сайын Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен салтанатты рәсімде өткізіледі.

Байқауларға әлеуетті қатысушыларды сайтта оқыту үшін: www.altynsapa.kz «Оқыту» бөлімінде байқауларды өткізу тәртібі және байқаулардың материалдарын ресімдеу ережелері бойынша бейнесабақтар жарияланған.

Байқауды ұйымдастырушы ӨКП базасында тегін оқыту семинарларын өткізеді. Семинарларды өткізу кестесі биылғы наурызда байқау сайтында жарияланады.

Құрметті кәсіпкерлер, сапа саласындағы байқауларға қатысуға шақырамыз. Толық ақпарат алу үшін әлеуметтік желілердегі «Алтын сапа» ресми парақшасына және www.altynsapa.kz сайты жаңалықтарына жазылыңыз. Кеңес алу үшін байланыс телефондары: 8 (7172) 919-388 (ішкі 1931) және 8 (7172) 919-344.

Өңірлердегі байқауларға жауапты ӨКП қызметкерлерінің байланысы телефоны www.altynsapa.kz  сайтында жарияланған.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер