astana-view

Мемлекеттік объектілерде құрылыстың тоқтап қалу себебі анықталды

2022 жылғы 29 Наурыз
4643 просмотров

28 наурызда ҚР премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысы өтті. Жиында құрылыс саласын дамыту мәселесі қаралды.

Бұған дейін штабтың 17 наурызда өткен отырысында «Атамекен» ҰКП құрылыс саласының проблемалық мәселелері мен оларды шешу бойынша ұсыныстарын айтты.

Жиын барысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев «Атамекен» ҰКП-ның құрылыс жобаларын қаржыландыруға байланысты саладағы проблемалардың барына қатысты позициясын растады.

Министрліктің ақпараты бойынша, қазіргі кезде бюджет есебінен қаржыландырылатын 2 237 объектінің 268-інде құрылыс жұмыстары тоқтатылған.

Уәкілетті орган құрылыс жұмыстары тоқтауының негізгі себептері ретінде құрылыс материалдары, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер бағасының өсуі себебінен құрылыс құнының қымбаттауы, сондай-ақ тапсырыс беруші тарапынан қаржыландырудың болмауын атады.

Бұған дейін Ұлттық палата құрылыс жобаларын тиімсіз жоспарлау және қаржыландыру мәселелерін уәкілетті органдар деңгейінде бірнеше рет көтерген болатын.

Үш жылға есептелген бюджеттік жоспарлаудың қолданыстағы жүйесі жобаны әзірлей және бекіте отырып, оны бір жылда іске асыруды қамтамасыз етпейді. Бұған қоса жүйеге жобалау-сметалық құжаттаманың қолданылу мерзімі байланыстырылған. Бұл өз кезегінде оны іске асыру кезеңінде жобаның іс жүзінде қымбаттауына әкеп соғады.

Көп жағдайда тапсырыс берушілер бекітілген жобалар бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын сатып алуды тиісті қаражаты болмай жүргізеді. Соның салдары жобаны іске асыру мерзімінің созылуы немесе тоқтап қалуына ықпал етеді.

 ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов мұндай фактілерді анықтау үшін қаржы, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне әкімдіктермен бірлесіп, бюджеттік заңнаманы бұза отырып (бюджетте қарастырылған қаражатсыз), құрылыс жұмыстарын жүргізуге конкурстық рәсімдерді өткізуге жол берген лауазымды тұлғаларды анықтау және жауапкершілікке тарту бойынша жұмыс жүргізуді тапсырды.

 Бұл мәселені жүйелі шешу мақсатында «Атамекен» ҰКП бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп, бюджеттік инвестициялық жобаларды тиімді жоспарлау, қаржыландыру және іске асыруды қамтамасыз етуге бағытталған қолданыстағы заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар пакетін әзірледі.

 Жиын барысында Әлихан Смайылов салалық министрліктерге осы ұсыныстарды екі апта ішінде қарауды тапсырды.

Сондай-ақ, құрылыс жобаларын жоспарлау мен қаржыландырудың проблемалық мәселелерін шешу мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне Ұлттық экономика, Қаржы министрліктері және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, тұрғын үй құрылысы кезінде FIDIC стандарттарын енгізу мәселелерін пысықтау тапсырылды.

 Жиында өткен жылдың жазында басталған бюджет қаражатынан қаржыландырылатын құрылыс жобаларын түзету рәсімінің мәселелері қаралды.

Еске салсақ, ҚР Үкіметі өткен жылдың жазында ҰКП бастамасымен құрылыс материалдарының күрт және айтарлықтай қымбаттауына байланысты бюджет қаражатынан қаржыландырылатын жобаларды түзету рәсіміне бастамашылық жасаған болатын.

 Уәкілетті орган әзірлеген жеделдетілген түзету рәсімінің алгоритміне сәйкес 642 жоба бойынша түзету жүргізуге бастама жасалды.

Бүгінгі күні 220 жоба бойынша қымбаттаудың 10%-дан асқан фактісін қаржы аудиті органдары және ведомстводан тыс кешенді сараптама растады.

Бұл ретте, осы уақытқа дейін, яғни 10 ай өткеннен кейін 66 жоба бойынша тапсырыс берушілерде қаражатының болмауына байланысты объектілер құрылысының құнын ұлғайту туралы қосымша келісімдер жасалмаған.

 Жедел штабтың 17 наурыздағы отырысы барысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне Қаржы және Ұлттық экономика министрліктерімен бірлесіп, белгіленген тәртіппен жобалау-сметалық құжаттамаға түзету жүргізе отырып, 10%-дан астам көлемде қымбаттаған іске асырылып жатқан құрылыс жобалары бойынша қаржыландырудың болмау себептерін айқындау тапсырылды.

Бүгін өткен жиын барысында «Атамекен» ҰКП мамандары республикалық бюджеттің қолда бар резервтерінен жетіспейтін қаражатты бөлу мәселесін қарау қажеттігі туралы айтты. Бұл әлеуметтік тұрғын үй, мектептер, балабақшалар, ауруханалар, көлік және инженерлік инфрақұрылым сияқты объектілердің құрылысын қысқа мерзімде аяқтауға мүмкіндік береді.

17 және 28 наурызда өткен отырыстар барысында жедел штабтың берілген барлық тапсырмасы бойынша «Атамекен» ҰКП тиісті мемлекеттік органдармен, салалық қауымдастықтар мен бизнес субъектілерінің өкілдерімен бірлесіп тиісті жұмыс жүргізеді.

  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер