astana-view

«Атамекен» трансформациясы: өңірдегі кәсіпкерлерді қорғауды күшейту, Палатаға тән емес функциядан бас тарту талқыланды

2022 жылғы 29 Наурыз
4456 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасын трансформациялауға қатысты құрылған жұмыс тобының кезекті отырысы өтті. Бизнес өкілдері ұсынған шаралар «Атамекеннің» қызметі мен өкілеттілігінен бастап, «ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңға енгізілетін өзгерістерге дейінгі бірқатар мәселені қамтыды.

ҰКП мамандары кәсіпкерлер, өңірлік кеңестер мен Палатаның салалық қауымдастықтары өкілдерінен келіп түскен ұсыныстарды жұмыс тобындағы бизнесмендермен бірге  сарапқа салды.

 «Елдегі 1,3 млн кәсіпкердің мүддесіне қатысты мәселелерді оқшау талқылауға болмайды. Жұмыс тобының шешімі заңды болуы керек», – деп атап өтті «Өңдеу өнеркәсібі одағы» ЗТБ басқарма төрағасы Марат Баққұлов.

Кәсіпкерлердің негізгі ұсыныстарының қатарында ҰКП басқармасынан комитеттерге шешімдер қабылдау және салалық позицияны қалыптастыру жөніндегі өкілеттікті қайта бөлу, өңірлерде кәсіпкерлерді қорғау жөніндегі жұмысты күшейту және Кәсіпкерлер палатасына тән емес функциялардан бас тарту мәселелері бар.

«Бұған дейін шешімдердің орталықтан қабылданатынын байқадық. Комитет мүшелерінің позициясы бүкіл сала атынан мемлекеттік органдарға жіберілетін пікір бола бермейтін. Егер ортақ консенсус болмаса, Палата жауапкершілікті алып, бүкіл бизнес атынан позицияны ұсынбауы тиіс. Мұны жекелей жауапты болатын мемлекеттік органдардың құзыретіне беру керек», – деді «Өңдеу өнеркәсібі одағы» ЗТБ басқарма төрағасының орынбасары Әділбек Бектібаев.

 «Қазақстанның машина жасаушылар одағы» ЗТБ басқарма төрағасының орынбасары Павел Беклемишевтің пікірінше, трансформациялау рәсімін қысқа мерзімде және «Атамекен» ҚР ҰКП жыл сайынғы съезін шақыру қажеттілігін ескере отырып жүргізу қажет.

Сондай-ақ, «ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заң жобасын талқылау барысында пікірлер екіге бөлінді. Жұмыс тобының мүшесі Иван Кравченконың айтуынша, жаңа заңды бастамалау керек, өйткені «ұсыныстардың көлемі заңды түзету мүмкін емес екенін көрсеткен».

Ал «Аспан групп» басшысы Болат Нұрқожаев «ҰКП туралы заңды түбегейлі өзгертудің қажеті жоқ» деген пікір білдірді. Спикер қауымдастықтар бүкіл бизнестің мүддесіне өкілдік етпейтінін айтты. Сондықтан, оның айтуынша, Ұлттық палата болмаса, өңірлерде наразы кәсіпкерлер саны артуы мүмкін.

«Трансформациялау Ұлттық палата жұмысын жақсартуға, клиентке бағдарлануды жоғарылатуға бағытталған.  Ешкім қалыптасқан институтты жоюға талпынып жатқан жоқ», – деп атап өтті «Атамекен» ҚР ҰКП төралқа төрағасы Райымбек Баталов.

Палата басшысы трансформациялауға қатысты кездесулер тұрақты өтетінін айтты.

Айта кетейік, «Атамекен» ҰКП трансформациялау жұмысына Қазақстанның аудиторлар палатасы да қосылды. Ұйым ҰКП-ның қаржы, шаруашылық және құқықтық қызметін талдауды бастады.  Ұлттық палатаның трансформациясы туралы барлық өзекті ақпарат ұйымның ресми сайтында «Атамекен» ҚР ҰКП-ны реформалау» қосымша бетінде жарияланған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер