astana-view

Кәсіпкерлік қызметке қатысты негізгі шешімдер қабылданды

2022 жылғы 30 Наурыз
4572 просмотров

ЕЭК Кеңесінің 2020 жылғы 23 қарашадағы № 105 «Мемлекеттік сатып алу мақсаттары үшін тауарлардың жекелеген түрлерінің шығарылған елін анықтау қағидаларын бекіту туралы»  шешіміне өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің өндірушілері үшін Одақ шеңберіндегі мемлекеттік сатып алуға тең қолжетімділік қамтамасыз етілген тауарлардың тізбесі кеңейтілді.

Өзгерістер өнеркәсіптің кейбір салалары, атап айтқанда, «Энергетикалық машина жасау, электр техникалық және кабель өнеркәсібі» (әртүрлі кернеудегі кабельдер, сымдар, сымтемір, талшықты-оптикалық және оптикалық талшықтар кабельдер), «Арнайы машина жасау» (лифтілер), «Медициналық бұйымдар» (медициналық маскалар, компьютерлік томографтар, рентгеноскопиялық аппаратуралар және вибрация аппараттары), «Құрылыс материалдары» (цемент, бетоннан немесе жасанды тастан жасалған бұйымдар, қиыршық тас және өзге де түйіршіктер, үгінділер, тастан жасалған ұнтақ) салаларына қатысты.

 Сондай-ақ отандық фармацевтика саласының өндірушілерін қолдау үшін медициналық қолданысқа арналған дәрілік заттарды тіркеу және сараптау ережесіне өзгерістер енгізілді.

ЕАЭО нарығы үшін тиімділігі жоғары препараттар, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйелерінің өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік беретін дәрілік препараттарына қол жеткізудің жеңілдетілген және жеделдетілген рәсімдерінің үш түрі енгізілді.

 Бұл ретте 2022 жылғы 27 наурыздан бастап ЕАЭО аумағында дәрі-дәрмекті «шартты түрде» тіркеу мүмкіндігі жасалады. «Шартты» тіркеу артықшылығы оларды қолданудың барлық ықтимал қауіптерінен едәуір асып түсетін препараттар және ауыр мүгедектік немесе өмірге қауіп төндіретін ауруларды емдеуге, алдын алуға немесе диагностикалауға арналған дәрі-дәрмектерге ғана беріледі.

Бұл жерде қазіргі уақытта диагностикалау, алдын-алу немесе емдеудің тиімді әдісі жоқ аурулар тобы туралы немесе тіркелген препаратты қолдану бұрыннан бар әдістерге қарағанда айтарлықтай артықшылыққа ие болатын жағдайлар туралы айтылған.

Бұл шара нарыққа инновациялық дәрілік препараттарды тезірек шығаруға және пациенттерді дәрімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

 Электр қозғалтқышы бар моторлы көлік құралдарының жекелеген түрлері бойынша Қазақстанға 2022 жылы – 10 дана, 2023 жылы – 15 дана мөлшерінде электромобильдерді бажсыз әкелуге квота берілді.

Сондай-ақ, ҚР бастамасы бойынша ЕЭК Алқасы еуропалық гербицидтерге қатысты демпингке қарсы шаралардың қолданысын 2022 жылғы 30 қыркүйекке дейін және графиттелген электродтарға қатысты 2022 жылғы 1 қазанға дейін тоқтатты. Бұл шаралар тиісінше АӨК және металлургиялық кәсіпорындар саласындағы қазақстандық тұтынушыларды қолдауға бағытталған.

Қазақстан Республикасының бастамасымен 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұрықтанған балық уылдырығына қатысты кедендік әкелу бажының ставкалары нөлге төмендетілді. Аталған шара отандық балық өсіру саласын қолдауға және одан әрі дамытуға бағытталған.

  Бұдан басқа, жеке тұлғаларға пошта жөнелтілімдерімен тасымалданатын тауарлар үшін бажсыз әкелу лимиті 1000 евроға дейін өсті.

Ресей тарапымен екіжақты консультациялардың қорытындысы бойынша ҚР үшін өңделмеген ағаш материалдарына 477497 текше метр мөлшерінде квота белгіленгенін атап өткен жөн.

 Бұған дейін РФ үкіметінің 2021 жылғы 20 шілдедегі № 1225 қаулысымен 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап өңделмеген ағаш материалдарын Ресей Федерациясының аумағынан әкету Хасан (РФ-КХДР) және Лютя (РФ - Финляндия) мемлекеттік шекарасы арқылы теміржол өткізу пункттерінен ғана жүзеге асырылғанын атап өтеміз.

Бұл шектеуде ЕЭК елдері үшін жеңілдік қарастырылмаған және ҚР-ға әкетуге тыйым салынған.

Мұндай квотаны алу Ресей тарапымен келіссөздердің қорытындысы бойынша мүмкін болды.

Ал, 2023 жылға арналған көлем Ресей тарапымен екіжақты келіссөздер шеңберінде айқындалатынын атап өтеміз.

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер