astana-view

Мемлекет басшысы «Атамекенді» дамыту стратегиясын қолдады

2022 жылғы 27 Сәуір
10171 просмотров

«Атамекен» бизнес пен билік арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді көпірі болуы тиіс.

Бүгін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы Райымбек Баталов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде «Атамекен» ҰКП-ны трансформациялау тәсілдерін таныстырды.

Райымбек Баталовтың «Атамекен» алдында белгілеген маңызды міндеттерінің бірі – шағын және орта бизнестің тұрақты дамуын арттыру.

Алматы қаласында шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламасы табысты іске асырылды. Бұл бизнестің осы санаты үшін салалық білімнің экожүйесін құру, микро және шағын бизнестің қажеттіліктерін бірегейлендіру және ШОБ-тың әкімдіктермен бір терезе арқылы байланысын цифрландырудың қажеттілігін көрсетті.

2022 жылғы ақпанда өткен кәсіпкерлер палатасының кезектен тыс съезінде микро және шағын бизнесті қолдауға, қорғауға және дамытуға назар аудара отырып, ҰКП қызметін трансформациялау туралы шешім шығарылды.

Төралқа төрағасының айтуынша, «Атамекен» салалық сараптаманың сапасы мен жауапкершілігін арттыру үшін бизнесті жұмылдыруы тиіс. Палата үкімет үшін өзіндік бір «полигон» болуы керек. Сонда кәсіпкерлікке қатысты шешімдер түрлі бағдарламаның құжаттары мен мемлекеттік органдардың бұйрықтарында рәсімделгенге дейін оны бизнес талқылап, тексереді.

Нәтижесінде күшейтілген ынтымақтастық пен құрылымды серіктестіктің арқасында бизнестің де, мемлекеттің де ұпайы түгел болады.

Бизнеске заңнамалық деңгейде қысымды төмендету, сот пен прокуратура органдарының бизнесті қорғаудағы тиімділігін арттыру да – өзекті міндеттердің бірі. Ол үшін заңнаманы жетілдіру жұмысын күшейту, бизнесті қорғау практикасын жинақтау және тарату, «Шағын бизнес адвокаты» институтын дамыту қажет.

Осы және басқа да бастамалар «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының жаңа стратегиялық бағытын іске асыруға ықпал етуі керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев палатаның бизнес пен билік арасындағы ықпалдастықтың алтын көпірі болуға тиіс екенін ерекше атап өтіп, «Атамекеннің» қызметін жүйелі түрде өзгерту қажеттігін қолдады.

Сонымен қатар Президент бизнес-ортаны бюрократиядан арылту жөнінде қабылданып жатқан шараларды және жүктелген міндеттерді жылдам әрі тиімді шешу үшін трансформация кезінде президиум төрағасы мен палата басқармасының позицияларын қосу қажет екенін мақұлдады.

Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті дамытуға және бизнес-қоғамдастықтың құқығын қорғауға ықпал ететін институт ретінде ҰКП-ны реформалау жұмыстарын жандандыруды тапсырды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер