astana-view

Елордада Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтарының мамандарына арналған оқу курстары өтіп жатыр

2022 жылғы 27 Сәуір
7174 просмотров

Жобаның тиімділігін арттыру және Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары мамандарының қызмет көрсету сапасын күшейту  мақсатында кеңес ұсынушы және тәлімгерлік көрсететін мамандарға 2 күндік  арнайы оқыту курстары ұйымдастырылуда.

Орталықтарда көрсетілетін қызмет түрлерінің маңыздылығын барынша түсіну үшін кеңес беруші және тәлімгерлік көрсететін мамандар – әйелдер кәсіпкерлігінің гендерлік аспектілері, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытудың бағыттары, үнемді технологиялары, краудфандинг и краудинвестинг негіздері бойынша егжей-тегжейлі білімдерін  шыңдамақ. Сонымен қатар, тренинг барысында Орталықтың қызметін әлеуметтік желілерде ақпараттық сүйемелдеу жұмыстарын ұтымды жүргізе білу және өз өңірінде әйелдер қауымдастығын құра білу әдістері жайлы пікір алмасады. 

Онымен қоса, екі күндік тренингте Орталық мамандарына «БҰҰ-Әйелдер» Құрылымының жаһандық принциптері жайлы кеңінен ақпарат ұсынылады.  Бұл оқыту курсы «БҰҰ-Әйелдер» Құрылымының қаржылай қолдауы арқылы жүзеге асырылуда.

«Соңғы статистикаға сүйенсек, еліміздің кәсіпкерлік саласының 50%-ына жуығы – қыз-келіншектер. Бүгінде іскер ханымдардың бизнесі еліміздегі кәсіпкерліктің және ел экономикасының дамуына қосып отырған үлесі зор. Әйелдердің бастамасымен көптеп жұмыс орындары ашылуда. Қазіргі кезде қыз-келіншектер үшін ыңғайлы бизнес түрлері де сан алуан. Олар кез келген өзгерістерге тез икемделеді және өз біліктілігін арттыруға әрдайым ынталы. Осы орайда, өткен жылы еліміздің барлық өңірінен Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтарын аштық. Бүгінде бұл орталықтар 1300-ден астам қыз-келіншекке (олардың 43%-ы әлеуметтік жағынан көмекке мұқтаж топтардан) өз қызметін ұсынып үлгерген. Орталықтардың экономикалық мүмкіндіктерін одан әрі дамыту мақсатында қызмет ететін мамандарға арнайы оқу курстары ұйымдастырылуда. Оң нәтижеге үмітіміз зор», - деді «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Нариман Әбілшайықов.

Әйелдердің құқықтары мен экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту еліміздің 2030 жылға дейінгі Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында да, сондай-ақ тұрақты даму мақсаттарында да ерекше назарға алынған басымдықтың бірі.  

Осыған орай, өткен жылы «Ынтымақтастық қоры» аясында, ҚР Ұлттық экономика министрлігі, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия және «Атамекен» ҰКП бірлесіп, еліміздің барлық өңірінде Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары ашылған.

Бұл бастама Азия Даму Банкінің және Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы қаражаты есебінен қаржыландырылады, ал «Атамекен» ҚР ҰКП бұл бастаманы жүзеге асыруда.

Аталған орталықтардың қызметі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің (Кеңес 2015 жылы құрылған) қағидасына негізделіп құрылған. Оған Кеңестің қыз-келіншектердің кәсіптегі бастамаларын дамытуда барынша өзара көмектесу сынды ұстанымы негіз болып отыр. Өңірлік Іскер әйелдер кеңестерінің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, кәсіпті енді қолға алған қыз-келіншектерге өңірдегі тәжірибелі іскер ханымдар үнемі қолдау көрсетуде.

Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтарында қызметтің 7 түрі ұсынылады: кеңес беру, өзекті мәселелерді және әйелдердің қажеттілігін анықтау, кәсіби дағдыларды дамытуға арналған оқыту қызметтері, кооперация, әлеуметтік кәсіпкерлік және инвестиция тарту, бизнесті бағалау және тәлімгерлік, әйелдерге әртүрлі жобаларға қатыса алатыны жайлы ақпарат ұсыну, керек-жабдықтарды шығарушы компаниялардан кеңес алуды ұйымдастыру сынды бағыттар қарастырылған. 

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер