Адами капиталды дамыту комитеті Ұлттық палатаның кадр даярлаудағы қызметін заңнан алып тастауға қарсы
Адами капиталды дамыту комитетінің мүшелері Ұлттық палатаның кадр даярлаудағы қызметін заңнан алып тастауға қарсылық білдірді.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында Адами капиталды дамыту комитетінің отырысы өтті. Қатысушылар алдымен «Ұлттық палата туралы» заңға енгізілген өзгерістерді талқылады.
Комитет регламентіне сәйкес, палата мамандары комитет отырысына 5 жұмыс күніне дейін заңға енгізілетін өзгерістер туралы мағлұматты алдын ала жолдады.
«Ұлттық палата туралы заңның 13-бабында «Ұлттық палатаның кадр даярлаудағы қызметіне» байланысты норма бар. Кәсіпкерлерден құрылған бастама топ 13-бапты жою, яғни Ұлттық палатан бұл қызметті алып тастауды ұсынған. Осы өзгеріске қатысты пікір білдіріңіздер», – деп бастады жиынды Адами капиталды дамыту департаментінің директоры Азамат Бейсенбенов.
Осы уақытқа дейін Ұлттық палатаға 10-12 қауымдастықтан бұл функцияны – 13-бапты қалдыру керек деген ұсыныс түскен.
Комитет мүшелері заңға енгізілетін өзгерісті қолдамайтынын жеткізді. Олар палатаға хат жолдап, 13-баптың сақталуын қолдап жазған.
«Бизнес оқу орындарына оқу бағдарламаларын жасауға көмектесуі керек деп санаймын», – деді Алматы технология университетінің ұстазы Шайзада Байкенова.
Бұдан әрі комитет отырысында аккредиттеу ережелері және қауымдастықтарға қойылатын біліктілік талаптары талқыға түсті.
«Қауымдастықтардың құрылған күніне қойылатын талапты 3 жылдан 1 жылға дейін қысқартуды ұсынамын», – деді Сәуле Самиден.
Сонымен қатар, Ұлттық палата өкілі Азамат Бейсенбенов күн тәртібіндегі үшінші мәселеге – комитеттердің қызметіне тоқталды. Оның айтуынша, трансформациялау жөніндегі жұмыс тобы комитет регламенті және ережесін біріктіріп, бір типтік ереже жасау керек деген ұсыныс бар.
«Сондай-ақ, қосымша «бір қауымдастық – бір дауыс» идеясы ұсынылды. Яғни, палатаға тіркелген қауымдастықтың комитетте қанша 15 мүшесі болса да, тек бір дауыс деп есептелуі керек. Жұмыс тобы комитет мүшелеріне және комитет төрағассына қайта сайлану құқымен 2 жыл мерзім бекіту керек деген ұсыныс жасады», – деп негізгі ұсыныстарды атады Азамат Бейсенбенов.
Жиын соңында комитет мүшелері бір ауыздан заңға енгізілетін өзгерістерге қатысты және талқыланған басқа мәселелерге байланысты ұсыныстарын жолдайтын болып келісті.
«Егер қандай да бір ұсынысыңыз немесе заңдағы бапты алып тастау, қалдыру деген пікіріңіз болса, хат түрінде жолдаңыз. Оны жалпы жұмыс тобының қарауына жібереміз», – деді Адами капиталды дамыту комитетінің төрағасы Ирина Смирнова.
Айта кетейік, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының кезектен тыс съезінде «Атамекен» қызметін трансформалауды бастау керек деген шешім шығарылды. Соған сәйкес жұмыс тобы құрылып, оған комитет мүшелері, өңірлік кеңес өкілдері, кәсіпкерлер, қоғам белсенділері және басқа тұлғалар кірді. Нәтижесінде «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобалар қолға алынды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: