astana-view

ҰКП-да өндірушілер мен құрылысшыларға арналған құрылыс материалдарының онлайн-платформасы таныстырылды

2022 жылғы 28 Сәуір
3156 просмотров

Ұлтттық палата алаңында «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» құрылыс материалдарының «Material.kz» онлайн платформасын таныстырды.

 Material.kz – құрылыс компаниялары мен құрылыс материалдарын өндірушілерді біріктіретін (В2В) платформа.

 Жаңа платформа құрылыс нарығының ашықтығын қамтамасыз етеді және делдалдар қатысуын болдырмауға, құрылыс материалдарының құнын және жалпы құрылыстың өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар платформада отандық өндірушілердің динамикалық бағалары бар сметалық жоспарлау мен талдаудың онлайн-жүйесін пайдалануға болады.

 Платформа шеңберінде бірінші кезекте құрылыс компанияларының құрылыс материалдарына қажеттілігінің онлайн-витринасы және отандық жеткізушілердің құрылыс материалдарының витринасы әзірленді. Бұл сервистерге коммерциялық ұсыныстарды электрон цифрлық қолтаңба көмегімен жіберу функциясы қарастырылған. Әзірге сервис тестік режимде іске қосылған, сынақ жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Мемлекеттік сатып алу порталының дерекқорларымен интеграция іске асырылды.

Қазақстандық құрылыс материалдарын өндірушілер «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тапсырыс берушілердің қажеттіліктерімен таныса алады. Қажет болған жағдайда, осы жерде тіркеуден өткеннен кейін ЭЦҚ көмегімен құрылыс компанияларына электрон коммерциялық ұсыныстарды жіберуге болады. Жеке кабинеті арқылы құрылыс компаниялары келіп түскен коммерциялық ұсыныстар туралы хабарлама алады.

Бұдан басқа платформада отандық өндірушілер құрылыс компанияларына арналған бағада материалдардың витринасын құра алады. Ал құрылыс компаниялар өз кезегінде өндірушілерді іздеу шығынысыз отандық құрылыс материалдарына тікелей қол жеткізе алады.

 Қазіргі кезде платформада 70 өндіруші тіркелген, 169 тауар жарияланған. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша құрылыс материалдарына қажеттілік 53 млрд теңгені құрап отыр.

Екінші кезеңде, платформаның статусын және ол арқылы материалдарды сатып алу тәртібін анықтағаннан кейін, жеткізушілер мен құрылыс салушылар арасында онлайн келісімшарттар жасау функциясын дамыту мүмкіндігі қарастырылған.

Платформаның статусын анықтау үшін онлайн платформада құрылыс материалдарын сатып алу кезінде шартты жеңілдіктерді қолдану бөлігінде Қаржы министрлігінің Мемлекеттік сатып алу қағидаларына бірқатар өзгеріс енгізуі қажет. Бұдан кейін портал құрылыс материалдарын және өзге де функцияларды сатып алу-сату мәмілелерін жасау үшін пысықталатын болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер