astana-view

Лицензиялауды енгізу сапа мәселесін шешпейді – жеке балабақшалар

2022 жылғы 13 Мамыр
- Астана қаласы
12077 просмотров

 Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығы ҚР Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі ұйымдардың қызметіне лицензиялау енгізу туралы ұсынысын орынсыз деп санайды.

 Осы салада жұмыс істейтін кәсіпкерлердің пікірінше, бұл шара көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылауға мүлде әсер етпейді, тек шағын және орта бизнеске қосымша кедергі келтіреді. Бұл жаңашылдық бірқатар жекеменшік мектепке дейінгі ұйымның жабылуына және балабақшалардың көлеңкеде жұмыс істеуіне әкеп соғуы мүмкін.

Кәсіпкерлер осы және басқа да дәлелдерді бүгін Нұр-Сұлтан қаласының кәсіпкерлер палатасы алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында айтты.

 Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығының төрайымы Лейла Күленова лицензиялау жеке балабақшалар көрсететін қызметтер сапасының бақылауына кепілдік бермейтінін атап өтті. Өйткені, іс жүзінде лицензия тек бір рет, балабақша ашылған кезде беріледі.

«Жеке балабақшалардың өкілдері мектепке дейінгі білім беру қызметтерінің сапасын бақылау үшін механизмдер керегімен келіседі. Алайда, лицензиялауды қайтару балабақшалар жұмысының сапасын қамтамасыз етпейді. Қазіргі кезде Қауымдастық құрамына 2 817 балабақша  немесе жұмыс істеп тұрған барлық балабақшаның (4973 бірлік) 43%-ы кіреді. Олардың көбі мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істеп жатыр, яғни олар ҚР БҒМ 2016 жылғы 29 қаңтардағы № 122 бұйрығына сәйкес қойылатын нормаларға сай келеді», – деп атап өтті Лейла Күленова.

Қауымдастық мүшелерінің пікірінше, бұл норма енгізілген жағдайда жекеменшік балабақшалардың басым бөлігі жабылуға мәжбүр болады. Осылайша мектепке дейінгі білім берумен қамту көлемі азаяды. Кәсіпкерлердің осы жүйеге 2010 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін 280 млрд теңгеден астам сомада салған инвестициялары жоғалады. Сонымен қатар, 2000 жылы лицензиялау кезінде жұмыс істеген көлеңкелі балабақшалардың саны күрт артады.

Кәсіпкерлер мектепке дейінгі білім беру ұйымдары соның ішінде жеке балабақшалар жұмысының сапасын қамтамасыз етудегі басты мәселе кәсіби мамандардың жеткіліксіздігі деп санайды.

 «Тәрбиелеушінің қоғамдағы төмен мәртебесі мен төмен еңбекақы; педагогтардың біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау үшін тиімсіз жағдайлар; еңбек нарығы мен бизнестің нақты талаптарына қатысты ҚР БҒМ талдауының болмауы; ЖОО және колледж түлектерінің білімі мен дағдылары сапасын бақылау және бағалаудың тиімді жүйелерінің болмауы; оқу орындарының ескірген материалдық ресурстары мен оқу жабдықтары – осы және басқа да шешілмеген мәселелер салдарынан жеке басында материалдық проблемасы көп, кейде тіпті психикалық-эмоциялық тұрғыда шаршаған, біліктілігі төмен педагогтармен жұмыс істеуге тура келеді», – деді спикер.

Қауымдастық мүшелерінің пікірінше, бұл жайт балабақшаларда әртүрлі инциденттерге әкеледі.

Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша тауар нарықтарына кірудегі кедергілерді анықтау және жою жөніндегі өңірлік кеңестің төрағасы Бейсен Жолболдиев лицензиялауды енгізу осы саладағы ШОБ дамуына кедергі келтіретінін және сыбайлас жемқорлық қатерін арттыратынын атап өтті. Бұдан басқа, қызметтің бұл түрі қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік органдар тарапынан да бақылауға және қадағалауға жатады.

«Біз Нұр-Сұлтан қаласының кәсіпкерлер палатасы ретінде бұл ұсынысты қолдамаймыз. Қызметтің бұл түрі лицензияланатын қызмет түрінен 2011 жылы шығарылған. Содан бері кәсіпкерлер өз қаражатын осы бизнеске инвестициялады. Палата ретінде бизнесті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу үшін мемлекеттік қолдау шараларымен қамту мақсатында оны бірқатар бағдарламаға енгізуге бастамашылық жасадық. Дегенмен, тек Нұр-Сұлтан қаласы бойынша әлі күнге дейін мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында орын тапшылығы байқалады. Елордада бала туу көрсеткіші артып келеді, демек балабақшаларда қосымша орындар құру қажет.  Ал лицензиялауға қатысты ұсыныс бұған қайшы келеді», – деді Бейсен Жолболдиев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер