astana-view

Бизнесті қолдау және қорғау: Ұлттық палатада Президент тапсырмасын орындау механизмі талқыланды

2022 жылғы 26 Мамыр
8570 просмотров

Бүгін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Қиқымов өңірлік филиалдардың басшыларымен онлайн жиын өткізіп, жергілікті атқарушы органдар және прокуратурамен бірлесе қызмет атқарудың тетігін талқылады.

Айта кетейік, 2022 жылғы 19 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен кездесті. Онда Мемлекет басшысы тартымды бизнес-ахуалды қалыптастыру барлық қабылданған шешім мен рәсімді өңірлік, жергілікті деңгейде тиімді іске асыру айқындаушы рөл атқаруы тиіс екенін атап өтті. Президент өңірдің әкімдеріне ескертулерді назарға алуды және шұғыл міндеттерді шешуді тапсырды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында жергілікті атқарушы органдардың кәсіпкерлердің құқығын қолдау мен қорғау, қолайлы инвестициялық ахуал жасау саласындағы жауапкершілігі мен мүмкіндіктерін арттыру керек. Сондай-ақ, бақылаушы органдардың қызметі процесінде жеке кәсіпкерлік субъектілерінің құқығы мен заңды мүддесін бұзу фактілерінің профилактикасына және оларды барынша азайтуға бағытталған ұсыныстар әзірлеу керек», – деп бастады жиынды басқарма төрағасының бірінші орынбасары.

Сонымен қатар, Мақсат Қиқымов бақылаушы органдардың қызметінде бұзушылықтардың нақты фактілерін қарау мақсатында үкіметпен, оның ішінде, әкімдік, прокуратура, мемлекеттік кірістер департаменті, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау, басқа да жауапты мемлекеттік органдардың қатысуымен кездесулер өткізу керегін атап өтті.

Бұдан бөлек Палата қызметінің маңызды бағыттарының бірі – бизнесті қорғаудың экожүйесін құру. Осы мақсатта Бас прокуратурамен тоқсан сайын бизнесті қорғау жөніндегі заңның орындалуын талқылап, өзара іс-қимыл тетіктерін одан әрі жетілдіру жоспарланған.

Бұл ретте өңірлік палата басшылары ЖАО және прокуратурамен бірлесе қызмет етуге қатысты пікір білдіріп, ұсыныстарын жеткізді.

«Біз кеше ғана облыстың прокуратурасымен жиын өткіздік. Алдағы уақытта жарты жылда бір рет бизнес қорғау бойынша форум өткізуге келістік. Былтыр да мұндай форум өткіздік. Сонымен қатар, кәсіпкердің құқығын қорғауға арналған, бірнеше нақты индикатор әзірлейміз», – деді Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нахипбеков.

Еске салайық, Ұлттық палата жергілікті атқарушы органдар және прокуратура өкілдерімен тұрақты негізде кездесіп, бизнес мәселелерін талқылайды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер