astana-view

Райымбек Баталов «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа төрағасы және басқарма төрағасының міндетін қоса атқаратын болады

2022 жылғы 31 Мамыр
7832 просмотров

ҰКП Төралқа мүшелерінің 80%-дан астамы сырттай дауыс беру арқылы трансформация кезеңінде Ұлттық палатаның Төралқа төрағасы мен басқарма төрағасының міндеттерін біріктіруге қатысты ұсынысты қолдады.

 Райымбек Баталов трансформация кезеңінде оны тиімді іске асыру үшін бір мезгілде өзара байланысты стратегиялық және басқарушылық шешімдер қабылдау қажеттігін түсіндірді.

 «Палатадағы жұмыс барысында барлық мәселені көріп, проблемалардың деңгейін түсініп жатырмын. Бірқатар өңір бойынша сапарлар нәтижесі, бір жағынан Төралқа, комитеттер, қауымдастықтар және екінші жағынан мемлекеттік органдармен тығыз өзара іс-қимылдың қорытындысы бойынша осы проблемаларды стратегиялық және операциялық жолмен қалай шешуге болатыны туралы нақты пайым қалыптасты. Оны жүзеге асыру үшін палатаны трансформациялау кезеңінде екі қызметті біріктіру ұсынылды. Төралқа мүшелеріне бұл мәселеде мені қолдағаны үшін алғыс білдіремін», – деді Райымбек Баталов.

 Трансформация аясында бірқатар кадрлық өзгеріс жүргізіліп, ҰКП құрылымы қайта қаралды. Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Қиқымов қызметтерді ішкі бөлу, сондай-ақ өңірлік саясатқа жетекшілік етеді. Құқықтық блок мәселелеріне Ербол Өстеміров жауапты. Кедендік реттеу, экономикалық интеграция, техникалық реттеу және сатып алу мәселелері бұған дейін ҰКП Төралқасы мүшелігінде болған Тимур Жаркеновке жүктелді.

ҰКП меритократия қағидатын ұстанады. Басқарманың жаңа құрамына осы жылдың сәуіріне дейін Өңірлік даму департаментінің директоры қызметін атқарған «Атамекен» ҚР ҰКП аппарат басшысы Бауыржан Оразғалиев кірді. Басқармадағы салалық департаменттердің мәселелерімен атқарушы хатшы Нұрлан Сақуов айналысады. Оның жетекшілігімен жаңа Салалық әдіснама және жиынтық талдау департаменті құрылды. 

Бұдан басқа, басқарушы директорлар – департаменттер директорларының рөлі өзгерді.

 «Біз тиімділікті арттыру үшін департаменттердің жұмысын қайта қарадық. Енді директорлар орталық мемлекеттік органдармен тікелей жұмыс істеп жатыр. Бұл жұмысты атқару үшін директорларға басқарма төрағасы орынбасарларының мақұлдауы қажет етілмейді. Департаменттер комитет шеңберінде салалық қауымдастықтармен де жұмыс істейді. Негізгі мақсат – салалық сараптаманы күшейту, бизнес және мемлекеттік органдармен жұмыс істеу тәсілдерін қайта қарау», – деп атап өтті ҰКП басшысы.

 Райымбек Баталов өңірлік палаталардың жұмысына жеке тоқталды. Ол өңірлік кәсіпкерлер палаталары алдында бизнесті қорғау, ШОБ 2.0 бағдарламасы шеңберінде салалық саясатты дамыту, бизнес-қауымдастықтармен сапалы жұмыс жүргізу арқылы салалық сараптама сапасын арттыру сынды 3 негізгі міндет тұрғанын атап өтті.

 Сондай-ақ, Ұлттық палатаның Жоғарғы сот, прокуратура және әкімдіктермен өзара іс-қимыл механизмі пысықталды. Өңірлерде тоқсан сайын облыс әкімдері және прокурорларымен кездесулер өтеді. Одан әрі кездесулердің қорытылған нәтижелері мен кейстер жарты жылда бір рет бас прокурор деңгейіне шығарылады. ҰКП Жоғарғы сот төрағасымен бірлесіп, ай сайын кәсіпкерлердің бұзушылықтары мен проблемаларын одан әрі шешу үшін қарайтын болады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер