astana-view

Ұлттық палатада ауыл шаруашылығы техникасының салық мәселесі талқыланды

2022 жылғы 31 Мамыр
8431 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына бірқатар шаруа қожалықтың басшылары және жеке тұлғалар Toyota Tundra (пикап) көлігіне салынатын салыққа қатысты проблемасын көтеріп жүгінді. Мәселенің мән-жайын анықтау үшін бүгін палата мамандары, шаруалар, Мемлекеттік кірістер комитеті, Ішкі істер және Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері онлайн талқылау өткізді.

Ұлттық палатаның  Агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенеев заңнамада бірізділік жоғын айтып, мамандардың пікірін сұрады.

«Қазіргі заңнамада мұндай көлік адам және жүк тасымалдауға арналған деп бекітілген. Ал, мал шаруашылығындағы фермерлер бұл көлікті жиі пайдаланады, оның ішінде жүк те тасымалдайды. Мәселе салыққа қатысты болғандықтан Мемлекеттік кірістер комитетіне ұсыныстарымызды жолдадық», – деп бастады талқыны Ербол Есенеев.

Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі Арман Тянның айтуынша, бұл норма 2011 жылдан бері бар. Бүгінде азаматтар мұндай көлікке салықты жеңіл көлікке төлегендей өтейді. Маман салық кодексінде солай бекітілгенін атады.

«Салық заңының 492-бабына сәйкес, пикап көлігі тікелей жеңіл көлік санатына жатады. Тек кейбір заңда бұл көлік екі түрлі санатқа жатқызылған. Алайда біз салық кодексін басшылыққа аламыз. Сонымен қатар, қазір сараптамадан бірқатар құжат алдық. Сондықтан  техникалық талаптарын нақтылау үшін уақыт керек. Мұны мемлекеттік органдармен талқылап, бір ай ішінде нәтижесін айтамыз», – деп баяндады Арман Тян.

Салық органының өкілі мәселені салық заңнамасына өзгерістер енгізіп шешуге болатынын атап өтті.

Ішкі істер министрлігінің өкілі Алтынбек Жамалиев та пикап көлігі Салық кодексіне сәйкес тіркелетінін жеткізді. Яғни, пикап көлігіне салық жеңіл көлікке төленетіндей өтеледі.

Алайда KazStandard РМК Техникалық хатшылықтың басшысы Мирғали Омаров мұндай талаппен келіспей, Toyotа Tundra көлігі Кеден одағының көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы техникалық регламентке сәйкес, жүк тасымалдайтын көлікке жататынын айтты.

«2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Кеден одағының көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы техникалық регламент күшіне енді. Осы құжатқа сәйкес, Toyotа Tundra жүк тасымалдайтын көлікке жатады. Бірақ салық кодексінде басқаша болса, онда біз жоғарыдағы техникалық регламентті басшылыққа алуымыз керек», – деді Мирғали Омаров.

«Атамекен» ҰКП Техникалық реттеу департаментінің директоры  Жазира Шүйкебаева жоғарыдағы спикердің сөзін растап, ел ішіндегі заңнама халықаралық шарттардың талабымен сәйкес келмесе, халықаралық құжат басшылыққа алынатынын атап өтті.

«Көлік пайдалануға дейін Ішкі істер органында екі құжат арқылы тіркеледі.Сол құжаттарда Toyotа Tundra салмағына сәйкес жүк көлігі ретінде бекітілген. Ал, салық кодексінде бұл көліктің категориясы көрсетілмеген. Яғни, салық кодексін ЕАЭО-ның техникалық регламентіндегі нормаларға сәйкестендіру керек», – деді Жазира Шүйкебаева.

Бұдан бөлек көлік иелері пикаптың қалаға еркін кіріп-шығуына рұқсатты заңнамаммен бекітуді сұрады.

Ербол Есенеев жиынды қорыта келе, пикаптың техникалық категориясын және оған қойылатын салық талабын реттеуді ұсынды. Мемлекеттік органдар мәселені әрі қарай жұмыс тәртібінде қарастырады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер