astana-view

Ұлттық палатада құс шаруашылығын дамыту талқыланды

2022 жылғы 02 Маусым
5068 просмотров

Бүгін Ұлттық палата алаңында Төралқа төрағасы Райымбек Баталовтың қатысуымен Қазақстандағы құс шаруашылығын дамыту мәселелері талқыланды. Жиынға құс еті және жұмыртқа өндірушілер қатысып, саланың проблемалары мен даму жоспарын бөлісті.

Қазақстанда 59 құс фабрикасы бар. Оның 34-і жұмыртқа, 25-і құс етін өндіру бағытында жұмыс істейді.

2020 жылы құс тұмауы өршіп, салдарынан құс саны азайды. 2019 жылы елімізде 44,9 мың құс болса, 2020 жылы 43,3 мыңға қысқарған. Дегенмен 2021 жылы 47,7 мыңға жетті. Бұл деректер құс фабрикаларының статистикасына сүйеніп жасалды.

Аграрлық саланың ішінде құс өндірісі мемлекетке салық төлейтін ірі бағыт болып саналады. Өткен жылы 11,7 млрд теңге салық төледі. Оның ішінде 8,6 млн теңге құс еті, 3,1 млн теңге жұмыртқа өндірушілерден түсті.

Дегенмен саланың проблемасы көп. Кәсіпкерлердің мәліметінше, биыл елдегі 6 құс фабрикасы Батыс Қазақстан, Атырау, Ақмола, Қарағанды облыстарында жабылды деуге болады. Мұндай мәселе көршілес Қытайда, Еуропада да кеңінен таралған.

Шаруалар екі мәселені өзекті деп атады. Біріншісі – қауіпсіз жем-шөп қоры, екіншісі – тұқым өсіруді арттыру. Елдегі көптеген құс фабрикасы жем, дәрумендері, балапандарды және т.б. шығындары сырттан импорттайды. Сондықтан шаруалар шикізат базасын арттыру керегін баса атап өтті.

«Біз асыл тұқымды құс өндірісін оңтүстікте біреу, солтүстікте біреу жандандыруды ұсынамыз. Жұмыртқамен де сондай практиканы қарастыруға болады... Сондай-ақ, саладағы ғылыми мамандарды көбейтуіміз керек. Олар бізге сапалы жем өндіруге көмектеседі. Ресей нарығы жабылып қалса, өзіміздің шикізатымыз дайын болу керек», – деп ұсынды фермерлер.

Төралқа төрағасы Райымбек Баталов шаруалардың ұсынысын тыңдап, мәселерді шұғыл және стратегиялық деп жіктеп қарастырды. Үкіметке нақты стратегияны көрсету керегін айтты.

«Қысқа мерзімдегі жоспарға сүйенсек, бізге 2023 жылға субсидия мәселесін шешу керек. Министрлікке қажеттілігімізді жеткізуіміз керек. Біз барынша субсидия көлемін сақтап қалғымыз келеді. Сондай-ақ, жем-шөп қоры бола ма? Я болмаса, басқа жолы табыла ма деген сұрақ бар. Асыл тұқымды дамыту керек болса, соған да нақты стратегиямыз болу керек», – деді Райымбек Баталов.

Айта кетейік, елдегі жұмыртқа өндірісі де құс тұмауының салдарынан қысқарған. 2019 жылы 4,2 мың дана жұмыртқа, 2020 жылы 3,7 мыңға азайды. Ал былтыр 3,5 мыңға түсіп қалған.

Райымбек Баталов жиынды қорытындылай келе, Үкіметке бірінші ұсыныс ретінде субсидияны қалдыру мәселесі болатынын айтты. Екінші – қаржылай немесе қаржылай емес қолдау жолдарын қарастыру. Бұл ретте саладағы өзгерістерді ескере отырып, даму бағларламарын әзірлеу керек. Кәсіпкерлер екі бағыттағы мәселелерге қатысты ұсыныстарын жолдайтын болады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер