astana-view

Ұлттық палатада қант саласын дамыту тұжырымдамасы талқыланды

2022 жылғы 03 Маусым
10026 просмотров

Қазір қант нарығындағы алыпсатарлар бағаны өз бетінше құбылтып, тұтынушылардың қалтасын қағып отыр. Ал, кейбір өңдеуші зауыттың қантына кезекке тұруға мәжбүр. Қазақстан әлі күнге дейін қант пен оның шикізатының импортына тәуелді. Кәсіпкерлер мәселені шешу жолдары мен саланы дамыту жоспарын талқылау үшін Ұлттық палата алаңында жиналды.

Қазақстан қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Айжан Наурызғалиева саладағы өзекті проблемаларды атады. Кәсіпкер елімізде қант бойынша азық-түлік қауіпсіздігі жоғын атап өтті. Себебі қант және оның шикізатын импорттауға тәуелдіміз. 2021 жылы елімізде қантты тұтыну көрсеткіші 501,5 мың тонна болған. Оның ішінде, өндіріс көлемі 195,8 мың тонна, импорт 308,4 мың тонна. Бар болғаны 2,7 мың тонна экспортталған. Сондай-ақ, қант шикізатының көп бөлігі импортпен келеді.

«Өкінішке қарай, қант саласын дамытатын арнайы бағдарлама әзірленбеген. Соған сәйкес қант бойынша азық-түлік қауіпсіздігі жоқ. Өйткені, нарық көлемі 500 мың тоннадан асса, импорт көлемі жоғары. Ішкі өнім де импортпен келген шикізаттан жасалады», – деді Айжан Наурызғалиева.

Оның айтуынша, қант зауыттары мемлекет тарапынан жеткілікті деңгейде қаржыландырмайды. Әсіресе, күзде айналымда қаражат болмайды. Маман шешу жолын ұсынды.

«Зауыттардың көбінде несие бар және оның пайыздық мөлшерлемесі жоғары. Үстесіне, төлемді кейінге шегеру мүмкіндігі қарастырылмаған. Мұны шешу үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар немесе азық-түлік корпорациясы арқылы қаржыландыру тетігін әзірлеу,  екінші деңгейлі банктер мен факторинг компанияларды тарту керек», – деді Айжан Наурызғалиева.

Сонымен қатар, кәсіпкерлер шикізат көлемін арттыру үшін жаңа суармалы жерлерді кезең-кезеңімен іске қосу керегін жеткізді. Бұдан бөлек қант қызылшасының тұқым шаруашылығын дамытудың жеке бағдарламасын әзірлеуді, жалпы жеке өндірісті дамытуды ұсынды. Атап айтқанда, мамандар ішкі нарықты қорғау, қант қызылшасы үшін тұрақты ауыспалы егіске 104 мың га суармалы жер енгізу, жеке тұқым шаруашылығын дамыту, шаруалар мен зауыттарды айналым қаражатымен қамтамасыз ету керек деген жоспарын ортаға салды.

Бұл ретте Ұлттық палата төралқа төрағасы Райымбек Баталов саланы дамыту жоспарында маңызды екі құжат болу керегін атап өтті. Біріншісі, саланың негізгі маңызды көрсеткіштері. Осы көрсеткіштерді және оның дереккөзін үкімет құжат түрінде бекіткені керек. Екіншісі, мемлекеттен нақты қандай қолдау шаралары және қанша уақытқа керек. Соны бекіту керегін айтты.

«Ауыл шаруашылығы министрлігінің салалық даму бағдарламаларындағы механизмдерді сапалы өзгерту керек. Ол үшін алдымен, сарапшының сапалы талдауы керек. Сондықтан қазір кәсіпкерлер бірігіп, «саланы дамыту үшін мына қадамдарды мына уақыт ішінде орындалуы керек» деген нақты тұжырым жасауы керек», – деп қорытындылады жиынды төраға.

Кәсіпкерлер ұсыныстарын қорытындылап Ұлттық палатаға жолдайды. Әрі қарай палата мамандары мемлекеттік органмен жұмыс тәртібінде талқылайды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер