astana-view

Кәсіпкерлер жылына 60 мың тонна ПЭТ қалдықтарын қайта өңдеуге дайын

2022 жылғы 15 Маусым
7900 просмотров

Дереккөз: pixabay.com

Кәсіпкерлер полиэтилентерефталат (ПЭТ) қалдықтарын елден шығаруға жарты жылға салынған тыйым қайта өңдеу кәсіпорындарын толық жүктеуге мүмкіндік беретініне сенімді.

14 маусымнан бастап Қазақстанда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушының бұйрығы күшіне енеді. Бұл құжат сыйымдылығы 2 литрден аспайтын құтылар, шөлмектер, сауыттар және соған ұқсас бұйымдар, сондай-ақ пластмасса, полимерлер, пропилен қалдықтары, қиықтары мен сынықтарын елден сыртқа шығаруға тыйым салады.

Green Technology Industry ЖШС атқарушы директоры Клара Әбдірахманова бұл тыйым бірқатар кәсіпкерді көлеңкеден шығарады деп санайды. Кәсіпкерлер қалдықтарды ішкі нарыққа сата бастайды, ал қалдықтарды жинайтын ірі кәсіпорындар ПЭТ шикізатын қайта өңдеу бойынша жеке тізбек құруды қолға алады.

  «Сондай-ақ, полиэфирлі талшықтардың өзіндік өндірісі іске қосылады. Полиэфир талшықтарын шығару саладағы тоқыма кәсіпорындарының өнім ассортиментін ұлғайту бойынша бизнестің мүмкіндіктерін кеңейтеді. Тұтынушылар қолжетімді бағадағы өніммен қамтамасыз етіледі. Біздің зауыт 50 мың тоннаға дейін талшықты өңдеп, шығара алады. Жиналатын ПЭТ қалдықтарын бір бөлігін кәсіпорынның жарты қуатында өңдей аламыз», – деді зауыт өкілі.

Полиэфир талшығын тоқыма емес материалдар, геотекстильдерді шығару үшін пайдалануға болады. Мұндай материалдар тұрғын үй құрылысында, аграрлық секторда, автожолдарды жөндеу және салу кезінде қолданылады.

Қазақстанда ПЭТ қалдықтарын өңдейтін 15-тен астам компания жұмыс істейді. Соның ішінде алты компания 50%-ға, төртеуі 30%-ға, қалғаны 10%-ға ғана жүктелген. Қалдықтарды сыртқа шығаруға тыйым салынғаннан кейін кәсіпкерлер жылына шамамен 60 мың тонна қалдықты  өңдеуді жоспарлап отыр.

Ұлттық палата мамандары кәсіпорындардың қуатын арттыруға бағытталған тыйым салуды қолдады. Сондай-ақ қайта өңдеушілер өндірістік қуатты ұлғайту және өндіріске инвестиция салу, фандоматтар, контейнерлер орнату секілді қалдықтарды бөлек жинау инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құру сынды тиісті міндеттемелерді алуға дайын екенін жеткізді.

 «Қазақстан қаптаушылар қауымдастығы» ЗТБ басқарма төрағасы Батырбек Әубәкіровтің айтуынша, Қазақстанда шикізат жинау жүйесін өзгерту қажет.

 «Егер сізде минералды судан босаған шөлмек болса, оны қоқыс жәшігіне тастамаңыз. Пластикті апарып, өткізетін орын болуы керек. Мұндай тор жәшіктер әр аулада, кеңселер жанында орнатылуы тиіс. Шөлмек өткіздің – ақша алдың формасында төлем мәселесін де қарастыруға болады. Бізде мұндай жүйе мүлде жетілмеген, сондықтан экология жаппай ластанып жатыр. Міне, осы мәселені қайта өңдеушілер шешуге дайын. Өтйкені пластик қалдығы біз үшін қоқыс емес, зауыттарға жұмыс істеуге мүмкіндік беретін шикізат», – деп атап өтті Батырбек Әубәкіров.

Қазіргі кезде бірден екі инновациялық жоба: Түркістан облысында инвестиция көлемі 20 млн долларды құрайтын тоқыма полиэфир талшығы өндірісі және Жмбыл облысында инвестиция көлемі 4,5 млрд теңгені құрайтын қайта өңделген ПЭТ қалдықтарынан тамақ саласында қолдануға болатын түйіршіктер өндірісі іске қосылмақ.

Саланы ұзақ мерзімді дамыту мақсатында Кәсіпкерлер палатасы қайталама қалдықтарды қайта өңдеу секторын дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірлеуді ұсынды. Онда қалдықтарды жинаушылар, қайта өңдеушілер мен инвесторлардың ұсыныстары, сондай-ақ кәсіпорындарды қолдау және ынталандыру шаралары ескерілуі тиіс.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер