astana-view

Бизнесті қорғаудағы жаңа шешімдер: министрліктер жанынан апелляциялық комиссиялар құрылды

2022 жылғы 11 Шілде
6524 просмотров

 2021 жылғы Құқықтық статистика деректеріне сәйкес Экономикалық қызмет саласындағы құқық бұзушылықтар бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде 1707 қылмыстық іс тіркеліп, тергелді. Соның ішінде 444 іс ақтау негізі бойынша тоқтатылды. 115 жағдайда сотқа дейінгі тергеу 6 айдан астам уақытқа созылды. Бұл статистика экономикалық қылмыстар бойынша қозғалған қылмыстық істердің 40%-ға жуығы тоқтатылғанын, ал 26%-ы негізсіз қозғалғанын көрсетеді.

Осыған байланысты, қазіргі кезде Ұлттық палата Бас прокуратурамен бірлесіп, бизнесті қорғаудың экожүйесін құру жөнінде жұмыс жүргізіп жатыр. Қорғау экожүйесі апелляциялық комиссиялардың жұмысы арқылы кәсіпкерлердің өтініштерін қарауды көздейді. Комиссия Қазақстан Республикасы министрліктерінің жанынан құрылды.

«Мемлекеттік органдардың әрекеттерімен келіспеген бизнес субъектілері апелляциялық немесе келісім комиссиясының жұмыс органына тікелей шағыммен жүгіне алады. Мысалы, СЭҚ-тің заңсыз тексеруі бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне, салық және кедендік тексерулер мәселелері бойынша – ҚР Қаржы министрлігіне, қоршаған ортаны қорғау саласындағы тексеру нәтижелері туралы актілер бойынша –  Экология министрлігіне, медициналық қызметтер, дәрілік заттар және медициналық бұйымдар саласындағы тексерулер бойынша  – Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне жүгінуге болады», – деп атап өтті Ұлттық палата мамандары.

2021 жыл ішінде ҚР Қылмыстық кодексінің  189-бабы 3-тармақашасы – «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу»  бойынша барлығы 2342 құқық бұзушылық тіркелді. Соның ішінде ЖШС және АҚ лауазымды қызметкерлеріне қатысты – 119. Алайда, бизнес субъектілері бойынша статистика объективті болмауы мүмкін, өйткені Құқықтық статистика жүйесінде осы өлшемнің арнайы есебі жоқ.

Осыған байланысты, ҰКП сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде карточканың 36-деректемесіне залалды кім келтіргенін ескеретін жолдан кейін қосымша жол енгізуді ұсынады. Ол заңды тұлғаның залал келтіргені туралы мәліметтерді көрсетеді. Бұл шара кәсіпкерлік қызметке араласу ауқымын және құқық қорғау органдарының бизнес субъектілеріне тигізетін нақты қысымын объективті бағалауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, құқық қорғау органдарының бизнес субъектісінің қызметіне араласуының себеп-салдарын зерттеумен қатар, тексеруден кейін бизнеске келітірген салдарын зерделеу ұсынылады. Бұл мәселе кәсіпкерлерді негізсіз немесе мерзімінен бұрын қылмыстық қудалауға тарту арқылы қылмыстық қудалау органдарының бизнеске келтірген залалын  жалпылау үшін қажет.

Бизнесті қорғау экожүйесіне адвокаттар және заң қоғамдастығы тартылатын болады. Құқық қолдану практикасын қорыту бойынша бірлескен жұмыс жоспарланып жатыр. Жұмыс қорытындысы кәсіпкерлік қоғамдастық, прокуратура, Мемлекеттік кірістер департаменті, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің қатысуымен әкімдіктердің алаңдарында тоқсан сайын талқыланады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер