astana-view

Кәсіпкерлердің шоттарынан ақша шешу ең соңғы шара болуы керек – Тимур Жаркенов

2022 жылғы 15 Шілде
6278 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Салық кодексіне енгізіліп жатқан шығыс операцияларын тоқтата тұру және пилоттық жобалар бойынша түзетулердің жаңа редакциясын қолдамайды. Бұл туралы ҰКП өкілдері Салық кодексіне толықтырулар мен өзгерістер енгізуге Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлескен кеңес барысында мәлімдеді. Талқылауға кәсіпкерлер мен өңірлік палаталардың мүшелері қатысты.

Мемлекеттік кірістер комитеті Салық кодексінің үш бабына ұсынған толықтырулар (№116,№118,№122) шығыс операцияларын тоқтата тұру түріндегі салық міндеттемесін қамтамасыз ету тәсілін алып тастайды. Алайда, оның орнына кәсіпкерлердің банктік шоттарынан қарызды дереу есептен шығару, яғни ақша шешу ұсынылып отыр.

«Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мамандары мұндай тәсіл қисынсыз деп санайды. Кәсібін адал жүргізетін бизнес зардап шекпеуі керек. Егер салық төлеушіде түрлі банктерде бірнеше жұмыс істейтін шот болса, қандай шоттан ақша шешілетіні түсініксіз. Өйткені қолданыстағы нормалар бойынша нұсқама барлық шоттарға бір уақытта шығарылады, демек, қарыз сома барлық шоттардан бір уақытта алыну ықтималдығы бар және қарыздың сомасынан асып түсуі мүмкін. Немесе, мысалы, егер салықтар бойынша борыш сомасы бар болғаны 1000 теңгені құраса, ал салық төлеушінің бірнеше шоты болса, яғни әрбір шоттан 1000 теңгеден есептен шығару ықтималдығы бар. Жалпы, біз барлық басқа мүмкіндік таусылған кезде ғана кәсіпкерлердің шоттарынан қарызды есептен шығару соңғы шара болуы керек деп санаймыз», – деді ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов.

ҰКП мамандары қарызды барлық шоттардан бір мезгілде есептен шығаруды болдырмау және артық есептен шығарылған ақшаны кері қайтару бойынша бюрократиялық әрекеттерді болдырмау үшін Мемлекеттік кірістер комитеті түзетулерді пысықтауы керек деп санайды. Салық кодексі түзетулерінің бірі (№118-бапқа) алты еселенген АЕК мөлшеріндегі салық берешегінің шегін алып тастайды. Ұлттық палата мұндай шек Салық кодексіне енгізілген бұрынғы өзгерістерде қалпына келтірілгенін және барлық мүдделі органдармен келісілгенін атап өтті. «Атамекен» өкілдері пилоттық жобаларды қабылдауға байланысты қатынастарды реттейтін «Құқықтық актілер туралы» заңның №17-1 бабының ережелерін сақтау қажеттігін атап өтті. ҰКП мамандары салық заңнамасына жиі енгізілетін өзгерістер Мемлекет басшысының 2022 жылғы 19 мамырдағы салық заңнамасын тұрақтандыру және кездейсоқ өзгерістер тәжірибесін тоқтату туралы тапсырмасына қайшы келетінін алға тартты.

 Мемлекеттік кірістер комитетінің Салық кодексіне жасаған түзетулер пакеті Салық кодексінің пилоттық жобаларды енгізуді реттейтін №68 бабына қатысты. Бұған дейін «Атамекен» ҰКП-да кодекстің 68-бабы 1-тармағын қайта қарау оның күшін жою қажеттілігіне дейін көтерілген болатын.

 «Әдетте пилоттық жобалар пысықталмаған болып жатады, мұндай жайтты кеше енгізілген Тауарға жөнелтпе құжат және ЭШФ бойынша білеміз. Бұл дұрыс емес қой. Бұл идея нашар деген мәселе емес, идея жақсы, бірақ іске асыру кезінде норма бизнесті әуре-сарсаңға салғаны анық. Көлеңкелі бизнеспен күрес – дұрыс, ал бизнес содан зардап шегуіне жол бермеу керек. Көп жағдайда бизнес наразылығын білдіреді, сондықтан біз осылай жеткіземіз», – деді Тимур Жаркенов.

Ұлттық палата пилоттық жобаларға кәсіпкерлердің тек қана ерікті қатысуын көздейтін және қатысушыларға шектеу сипатындағы шараларды қолдануға жол бермейтін түзетулерді енгізуді талап етеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер