astana-view

Ұлттық палата мемлекеттік органдар және кәсіпкерлермен «таза парақтан» реттеу реформасын іске асыруды талқылап жатыр

2022 жылғы 28 Шілде
8406 просмотров

Дереккөз: pixabay.com

 «Атамекен» ҰКП сарапшылары  Мемлекет басшысының «таза парақтан» реттеуді енгізу жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде мемлекеттік органдармен реттеушілік актілерді қайта қарау және «таза парақтан» реттеудің жаңа тәсілдеріне сәйкес кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптардың тізілімін қалыптастыруға қатысты талқылауды жалғастырып жатыр.

Бүгін палата мамандары мен кәсіпкерлер ауыл шаруашылығы, индустрия, әділет, энергетика, цифрлық даму, мәдениет және спорт министрліктерінің өкілдерімен кездесті. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ербол Өстеміров өзінің Facebook парақшасында хабарлады.

 Сонымен қатар Ұлттық палата өкілі мемлекеттік органдардан осы мәселеге қатысты премьер-министрдің хаттамалық тапсырмаларын уақытылы орындауды сұрады. Еске салсақ, премьер-министр Қазақстанда кәсіпкерлік қызметке жаңа реттеу саясатын енгізуді іске асыру, мемлекеттік бақылау және қадағалау салаларын автоматтандыру барысы туралы ақпаратты назарға алуды тапсырған.

Ербол Өстеміров министрлер кабинетінің басшысы Әлихан Смайыловтың хаттамалық тапсырмасы негізінде бірқатар мемлекеттік орган төмендегі тармақтар бойынша НҚА-ға мұқият тексеру жүргізуге шақырды:

1️. барлық реттеуші актінің толық тізбесі. Бұл нормативтік актілер, сондай-ақ кәсіпкерлер үшін міндетті талаптарды (техрегламенттер, стандарттар және т. б.) қамтуы мүмкін өзге де құжаттар;

2️. осы актілерге жасалған талдау қортындылары, жойылуға жататын талаптардың және өзгертуге жататын талаптардың тізбесімен қоса;

3️. талаптардың күшін жою, оларды өзгерту бойынша реттеуші актілерге өзгеріс енгізу кестесі;

4️. сақталған талаптарды кейіннен қайта қарау мерзімдерін белгілеу;

5️. бизнес субъектілері арасында ақпараттық-ағарту жұмыстарын күшейту.

 «Реттеуші акт белгілі бір уақыт өткен соң: қосалқы заң актілері үшін 2-3 жыл, заңнамалық актілері үшін шамамен 5 жыл өткенде қайта қаралуы керек. Осы аралықта заң қаншалықты тиімді болды – ол қойылған міндеттерді шеше ме, тәуекелдерді азайта ма, зерделеу керек. Егер тиімділігі болмаса – мұндай актіні өзгерту немесе алып тастау керек», – деп жазды ҰКП өкілі.

 Сонымен қатар ҰКП өкілі бизнес өкілдері мемлекеттік органдармен барлық талқылауға қатыса алатынын және мемлекеттік органдарға ескертпелер туралы хабарлай алатынын атап өтті.

Еске салсақ, барлық мемлекеттік орган реттеуші актілерді қайта қарау бойынша жұмыстарды жүргізуге қажетті әдістемелік материалдарды алды. Олардың негізінде «Атамекен» ҰКП жобалық тобының кеңесшілері күн сайын офлайн және онлайн режимде мемлекеттік органдардың өкілдеріне әдіснамалық-консультациялық сүйемелдеуді, нақты түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер