astana-view

Қолөнершілер шеберханасы бар орталықтарды ашуды сұрайды

2022 жылғы 16 Тамыз
9031 просмотров

 Мәселені мемлекеттік органдар, Премьер-министрдің орынбасары деңгейіндегі тұрақты талқылауға қарамастан, қолөнершілердің  проблемалары әлі шешілген жоқ.

 «Қолөнер мәселелері – кәсіпкерлікті дамыту ғана емес, сонымен қатар мәдениет, мұраны сақтап қалу. 2022 жылғы 25 наурызда премьер-министр орынбасарының деңгейінде жиын өтіп, біздің ұсыныстарымыз қолдау тапты, мемлекеттік органдар мәселелерді шешу бойынша тапсырмалар берді. Өкінішке қарай 5 ай өткен соң ештеңе өзгерген жоқ, сондықтан біз мәселені Үкімет қарауына қайта шығаруға ниеттіміз», – деп атап өтті «Атамекен» ҚР ҰКП Туризм департаментінің директоры Дамиля Құнанова.

 Мәселе қолөнершілер жұмыс істейтін және өнімді өтеусіз негізде сататын орталықтар құру туралы болып отыр. Кәсіпкерлердің айтуынша, мұндай орталықтар туристерді тартатын орындарға айналады. Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Арғынбековтың айтуынша, ведомствода Нұр-Сұлтанда Ұлттық музей базасында орталық ашу жұмыстары басталды. Жобаны жыл соңында аяқтау жоспарланған. Шығармашылық кеңістік бірінші қабатта ұйымдастырылады, шығыс стилінде дизайн-жоба әзірленді, онда павильондар, киім өлшеу орындары мен перформанстарға арналған аймақтар көзделген.

«Жобаға 40 млн теңге бөлінді, қазір біз қажетті стендтер мен павильондар дайындау және орнату үшін сатып алуға байқау жариялау сатысында тұрмыз. Қолөнершілерді орналастыру мен таңдау құнына келетін болсақ, ҰКП-ға бизнес және Kazakh Tourism-мен бірлесіп, жеке кездесіп, пысықтау қажет», – деді Мақсат Арғынбеков.

 Ведомство өкілі 2022 жылға жұмыс орындарын құруға бюджет қарастырылмағанын, сонымен қатар экспонаттарды бүлдіріп алмау үшін мұражайдың ерекшелігін ескеру қажеттігін айтты. Сондай-ақ, қолөнершілерді орналастыруға арналған объект ретінде ЭКСПО аумағы қарастырылды, онда шеберлерге Nur Alem мұражайында көрмелерге арналған алаң берілуі мүмкін.

«Мұражай ішінде өнім сатуға тыйым салынған, қалған нысандарға келетін болсақ, олар жалға беріледі», – деді «QazExpoCongress» ҰК» АҚ конгрестік іс-шаралар департаменті директорының міндетін атқарушы Шынар Тәкенова.

Кәсіпкерлер орталықты мәдени және туристік нысан ретінде ойластырып, жұмыс орындарын ұйымдастыруды бірден жоспарлау керек деп санайды.

 «Бұл бюджет қаражатын жұмыс істемейтін нысандарға жұмсамау үшін қажет. Сондықтан шеберлер өз өнімдерін сата алады және ұзақ уақыт жұмыс істемей-ақ шеберлік сабақтарын өткізе алады. Мысалы, Түркістанда этноауыл ашылды – бұл бутафория. «Әзірет-Сұлтан» музейінің жанында орналасқанына қарамастан, онда жұмыс істеу мүмкін емес», – деп атап өтті қолөнершілер одағының жетекшісі Айжан Бекқұлова.

Ескерткіштің аумағы ЮНЕСКО-мен қорғалған, сондықан бұл объектіге инфрақұрылымды жеткізуге мүмкіндік емес, нәтижесінде объект сауда алаңы ретінде қызмет етеді. Өз кезегінде туризм басқармасының басшысы Гүлмира Ахбердиева Түркістанда жұмыс орындары орналасатын жеке орталық салу жоспарланғанын айтты.

 «Түркістан облысы әкімдігінің тапсырмасы бар, осы процеске бизнес өкілдерін қосылып, Qazaq Oner орталығының тұжырымдамасын және халықаралық тәжірибені зерделеуге көмектесуді сұраймыз», – деді Гүлмира Ахбердиева.

Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рысбеков мемлекеттік орган туризм саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы жобасына қолөнершілерге арналған НҚА-ны жетілдіру, дамыту мәселелерін енгізетінін айтты. Сонымен қатар, жиын барысында қолөнер саласын мемлекеттік қолдау; Алматы қаласына «World Crafts City» атағын беру мәселелері көтерілді. Алматы қаласындағы «Qazaq Oner» қолөнершілер орталығының жетекшісі Айгүл Жансерікованың айтуынша, қолөнер шеберлеріне мемлекеттік қолдау қажет.

 «Менің 20 жылдық тәжірибем, тұрақты бизнесім, жүн өңдеу зауытын салу және киіз бұйымдарын жасау үшін әкімдік бөлген жер учаскесіне қарамастан, мен несие ала алмадым. Мұның себебі кепілдік мүліктің болмауы және менің банк үшін шағын бизнес субъектісі ретіндегі статусым болды. Сонда шағын бизнес қалай орта бизнеске айналады?!», – деді Айгүл Жансерікова.

ҰКП мамандары көрші Өзбекстан мен Қырғызстан үлгісімен қолөнер саласын мемлекеттік деңгейде дамытуға ерекше назар аудару қажет деп санайды. Туризм тұрғысынан алғанда, қазақстандық қолөнершілердің бұйымдары – Қазақстанға келуді еске алуға арналған жағымды және пайдалы кәдесыйлар мен сыйлықтар ғана емес, сонымен қатар елдің туристік имиджінің маңызды құрамдас бөлігі.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер