astana-view

Ауыл шаруашылығындағы кейбір талап қисынға келмейді – Ұлттық палата

2022 жылғы 31 Тамыз
10011 просмотров

Дереккөз: pixabay.com

«Атамекен» ҚР ҰКП сарапшылары «таза парақтан реттеу» реформасын  іске асыру аясында ұлттық экономика және ауыл шаруашылығы министрліктерімен бірлесіп, кәсіпкерлерге қатысты қисынсыз және қайталанатын нормаларды анықтады. Ауыл шаруашылығы саласында жүргізілген жұмыс нәтижесінде қайта қарауға немесе жоюға жататын 763 талап анықталып, 192 нормативтік құқықтық актіге талдау жасалды.

Бұл туралы «Атамекен» ҰКП алаңында тікелей эфир кезінде айтылды. Сарапшылардың айтуынша, ауыл шаруашылығы саласындағы кейбір талаптар қисынға келмейді және бизнестің дамуына кедергі келтіреді.

«Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» заңда субъектілер үшін субъектілер персоналын алдын ала және мерзімдік медициналық қарап-тексеру және гигиеналық оқытуды қамтамасыз ету жөніндегі талап көзделген. Қолданыстағы белгіленген ережелер кәсіпкерлерді жыл сайын қызметкерлерді ақылы негізде гигиеналық оқудан өтуге міндеттейді. Мұның бәрі кәчіпкелерге қосымша қаржылық жүктеме. Кәсіпкер ең алдымен өзі қызығушылық танытып, аккредиттелген оқу орталықтарының көмегінсіз қызметкерлер үшін оқуды өзі ұйымдастыра алады», – деді «Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Еркен Наурызбеков.

Осыған байланысты қызметкерлерді міндетті түрде оқытуды алып тастау ұсынылды. Оқыту мәселесін кәсіпкердің өзі шешуі керек. Кәсіпкер өзі оқытуды ұйымдастырады немесе оқытумен айналысатын мердігерді тартады.

Тікелей эфир барысында өсімдіктерді қорғау және карантин бойынша қайталама карантиндік фитосанитариялық бақылау және қадағалау жүргізу регламенттерінің болмауына қатысты туындайтын мәселелер талқыланды.

«Бүгін инспекторлардың жүк иелерін хабардар ету мерзімдері (1 жұмыс күніне дейін), осы мерзімдерді бұзғаны үшін кәсіпкерлердің жауапкершілігі белгіленді. Бірақ мемлекеттік инспектор хабарламадан кейін тауарды жеткізу орнына қанша уақыт ішінде келеді, барлық тиісті рәсімдерді қалай жүргізетіні туралы регламент белгіленбеген. Заңнама аясында жүк иелеріне мемлекеттік инспекторлар келгенге дейін көлік құралдарын ашуға тыйым салынады», – деді Еркен Наурызбеков.

Спикердің айтуынша, бұл жайт жоғары сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудырады, ал қайта тексеруге уақтылы бармау, кәсіпкерлер үшін автокөлік пен вагондардың тоқтап қалуы қосымша қаржылық шығындарға әкеледі.

 Осыған байланысты, жұмыс тобы өсімдіктер карантині саласындағы нормативтік құқықтық актілерге мемлекеттік инспекция қызметкерлерінің әрекет ету мерзімдерін регламенттеу бөлігінде түзетулер енгізуді ұсынды.

«Атамекен» тарапынан «таза парақтан» реформаны іске асыру шеңберінде қолданыстағы реттеуді түбегейлі қайта қарау бойынша толық ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Еске салсақ, 2023 жылдың қаңтарынан бастап, егер талап тізілімге енгізілмеген болса, онда ол бойынша мемлекеттік орган бизнесті тексеріп, жазалай алмайды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер