astana-view

Алматыда жекеменшік жоғары оқу орындарын дамыту мәселесі талқыланды

2022 жылғы 31 Тамыз
- Алматы қаласы
6823 просмотров

Тұран университеті алаңында «Жаңа Қазақстандағы жеке меншік жоғары оқу орындарының рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Ғылым министрі Саясат Нұрбек, Тұран университетінің ректоры Рахман Алшанов, "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбековтың қатысуымен өткен іс-шара Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындары қауымдастығының 20 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Дөңгелек үстел модераторы, Тұран университетінің ректоры Рахман Алшанов қоғамның жеке білімге деген сенімсіздігі мәселесін көтерді.

«Бүгінде жекеменшік университет капиталистік жүйенің меншігі болып саналады. Олар бізге тура осылай айтады: сіздер капиталистсіз, адамдар арқылы ақша табасыз дейді. Капиталистік жүйенің басында көптеген адам мемлекеттік нысандардан кем емес оқу ғимараттарын салды. Біз бізді бөлмей тең қарым-қатынас болғанын қалаймыз. Егер гранттарды бөлу туралы айтатын болсақ, онда мемлекеттік жоғары оқу орындарына 10%, жеке секторда небәрі 8% тиесілі», - деп мәлімдеді Рахман Алшанов.

Спикердің айтуынша, мемлекеттік жоғары оқу орындарына көмек көрсетіледі, ал жекеменшік жоғары оқу орындары шетте қалады. Екінші мәселе білім туралы заңдағы қайшылықтармен байланысты.

«Кәсіптік бағдар алған жоғары оқу орындары өз үлгісінде диплом бере алады, өтпегендері оны бере алмайды, заңда бұл ерікті іс деп айтылған. Қарама-қайшылықты жоюды сұраймыз. Мысалы, студенттер оқуды аяқтады, диплом берілмеді.  Мемлекеттік университет бұл адамдарды оқуға алып, диплом берсін», – деп толықтырды ректор.

 Білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек жоғары оқу орындарының қызметіне жаңа көзқарас қолданылатынын атап өтті.

«Таза парақтан реттеу»  – 2023 жылға Қазақстандағы басты жаңалық, жаңа саясат. Атап айтқанда жоспарлы тексерулерден профилактикалық бақылауға көшу болады. Тәуекелдер жүйесі әзірленеді, индикаторлар айқындалады. Бұл жерде бізге бақылау жүйесінде дұрыс тепе-теңдікті табу өте маңызды»  – деді министр.

Сонымен қатар, тексерулер тәуекелдер жүйесі жұмыс істегеннен кейін жасалады.

«Мен қазір тепе-теңдікті талқылауға қатысты аздап тоқталамын. Егер біз сізбен тым қатаң индикаторды орнатсақ, жиі тексеру болады ал индикатор жұмсақ болса, онда сапа зардап шегеді. Сондықтан мен ішкі, азаматтық жауапкершілікке, болашақ ұрпақ және әрбір ректор, ЖОО-ның әрбір иесінің жауапкершілігіне сенемін», – деп толықтырды министр.

Сондай-ақ, министрлік құрылымында студенттердің құқығы жөніндегі уәкіл пайда болады. Министрлік жанынан өзін-өзі реттейтін ұйымдар кеңесі құрылады.

Дөңгелек үстелде «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков жеке білім беру ұйымдары үшін мемлекеттік ұйымдармен қатар тең жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті.

«Бұл жекеменшік балабақшалардан бастап, жекеменшік жоғары оқу орындарына дейінгі білім берудің барлық деңгейіне қатысты. Жеке сектордың да мүддесін ескеру қажет. Өйткені бизнес жұмыс орындарын ашып, салық төлейді», – деп атап өтті Тимур Нақыпбеков.

Сондай-ақ, спикер нарық үшін сапалы кадрлар дайындау мәселелеріне тоқталды. Бүгінде жұмыс берушілер жұмыс орнына үміткерлерге өте талапшыл. Бұл бағытта «Атамекен» дуальді оқытуды дамыту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының жұмыс бағыттарының бірі дуальді оқыту. Бүгінде Алматы қаласында 83 колледж жұмыс істейді, оның 23-і – мемлекеттік, 60-ы – жекеменшік. Жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес мамандарды дайындау сапасын арттыру, 2021-2022 оқу жылында дуальді оқыту инфрақұрылымын дамыту мақсатында Алматы қаласында жол картасын іске асыру шеңберінде дуальді білім беру жүйесімен 46 колледж және 465 кәсіпорын қамтылған. Осыған байланысты, 7757 үшжақты келісімшарт жасалды.

«Елімізде дуальді білім беру жүйесі алғаш рет 2012 жылы енгізілді. Бұл оқыту жүйесі дайындықтың теориялық бөлігі білім беру ұйымының негізінде, ал практикалық бөлігі жұмыс орнында өтуге негізделген. Осылайша, оқу орталықтарын құратын жұмыс берушілер кадрларды өз өндірісі үшін дайындайды», – деп атап өтті спикер.

Қауымдастық пен Ұлттық палатаның бастамасымен жекеменшік жоғары оқу орындарының басшылығымен осындай кездесулер тоқсан сайын өтетін болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер