Райымбек Баталов ШЫҰ елдері үшін экономикалық кооперацияның үш негізгі бағытын атады
«Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов бүгін ШЫҰ Іскерлік кеңесі басқармасының отырысында сөйлеген сөзінде ШЫҰ елдері үшін экономикалық кооперацияның күн тәртібіне енгізу үшін неғұрлым өзекті үш негізгі бағытты атады.
ШЫҰ Іскерлік кеңесінің Өзбекстан Республикасынан Ұлттық бөлімінің төрағасы, модератор Даврон Вахабов Өзбекстанда Қазақстан Республикасымен стратегиялық әріптестік пен көпжоспарлы ынтымақтастықтың қарым-қатынасын жоғары бағаланатынын атап өтті.
«Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық жоғары қарқынмен дамып, нығайып келе жатқаны сөзсіз. Жыл сайын Қазақстан Республикасы Өзбекстанның сыртқы саудасында жетекші орын алады», – деді Өзбекстан өкілі Даврон Вахабов.
Райымбек Баталов осындай кездесулердің маңызын айтып, қазіргі кезде өңірдегі өзекті мәселелерді атап өтті.
«Пандемия мен санкциялар салдарынан туындаған дағдарыс жағдайында азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп күшейе түсті. Бұл жайт әлемдегі кедейліктің жаңа өсуіне әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, жаһандық және өңірлік энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және энергия тасымалдаушыларға бағаның күрт өсуіне жол бермеу үшін дәстүрлі энергия көздеріне ішінара оралу ықтималдығы өзекті. Бүкіл әлем бойынша елдердің үкіметтері экономиканы қолдаудың және іскерлік белсенділікті ынталандырудың теңдессіз шараларын қабылдап жатыр», – деді Ұлттық палатаның Төралқа төрағасы.
Сондай-ақ Райымбек Баталов Шанхай ынтымақтастық ұйымының өңірдегі қауіпсіздік және экономикалық ынтымақтастық мәселелерімен айналысатын құрылым ретіндегі маңызын атап өтіп, өңірлік дамуға ықпал етуге шақырды.
«Украина-Ресей қақтығысы басталғанға дейін біз ұлттық валюталардағы өзара есеп айырысу жүйесіне көшу қажеттілігі туралы мәселені көтердік. Қазір бұл бірінші кезектегі мәселе. ШЫҰ қызметінің маңызды құрамдас бөлігі – тығыз экономикалық өзара іс-қимылды дамыту. Сауда, капитал мен жұмыс күші ағындарындағы кедергілерді жою, өндірістік және технологиялық ынтымақтастықты тереңдетуді жалғастыру қажет», – деді спикер.
Бұдан басқа, Ұлттық палата басшымсы Шанхай ынтымақтастық ұйымының елдері үшін экономикалық кооперацияның өзекті күн тәртібіне енгізуге үш негізгі бағытты атады.
«Біріншісі – азық-түлік қауіпсіздігі және ауыш шаруашылығын дамыту мәселесі. Екіншісі –шикізат секторындағы, ең алдымен мұнай мен газ кіретін энергетика, сондай-ақ жасыл энергетикада сұранысқа ие сирек жер элементтерін, түсті металдар мен элементтерді өндірумен байланысты өндіруші сектормен ынтымақтастық мәселесі. Үшінші бағыт – көлік саласы мен цифрландыру. Қазіргі кезде біз белгілі бір дәстүрлі транзиттік бағыттарда пайда болған артық жүктемені көріп отырмыз. ШЫҰ-ның сауда-экономикалық өлшемі шеңберінде көліктік-логистикалық дәліздерді жаңғырту бойынша нақты шаралар қабылдау, өзара сауда процестерін жеңілдету үшін электрондық коммерция мен цифрландыруды дамытуға күш салу қажет деп санаймын. Бұл үш мәселе біздің бизнесіміздің күн тәртібінде тұр және ерекше назар аударуды талап етеді», – деп атап өтті спикер.
Райымбек Баталов кедергілерді азайту үшін осы үш бағыт бойынша билік пен бизнестің қатысуымен қосымша консультацияларды өткізді ұсынды. Спикер Қазақстанда экономикалық реформалар беленді жүргізіліп жатқанын айтты.
«2024 жылы жаңа Салық кодексі күшіне енеді, «таза парақтан» реттеу іске қосылады, жер қойнауын пайдалану жөніндегі заңнама жетілдіріледі, сот жүйесін реформалау жоспарланған. Сондай-ақ, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өзінде трансформациялау процесі жүріп жатыр. Жалпы, жүргізіліп жатқан реформалар Қазақстандағы іскерлік ахуалды айтарлықтай жақсартып, экономикамыздың инвестициялық тартымдылығын арттырады», – деп атап өтті Райымбек Баталов.
Отырыс нәтижесінде ШЫҰ ДС басқармасы 2023 жылғы 1 қаңтардан 31 желтоқсанға дейін ШЫҰ Іскерлік кеңесінің төрағасы – Үндістан Республикасынан ШЫҰ ДС Ұлттық бөлігінің төрағасы – Шив Викрам Хемкті, сондай-ақ 2023 жылғы 1 қаңтардан 31 желтоқсанға дейін ШЫҰ Іскерлік кеңесі төрағасының орынбасары – Қазақстан Республикасынан ШЫҰ ДС ұлттық бөлігінің төрағасы – Баталов Раимбек Әнуарұлын сайлау туралы шешім қабылдады.
ШЫҰ-ның кезекті Іскерлік кеңесі Ташкентте онлайн/офлайн форматта өткенін айта кетейік. Қазақстан Республикасынан ШЫҰ СС Ұлттық бөлімінің төрағасы шараға Райымбек Баталов онлайн қатысты.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: