astana-view

Қоғамдық тамақтанудағы бизнеске талаптың 33,4%-ы базалық шарттарға сәйкес емес – Ұлттық палата

2022 жылғы 20 Қыркүйек
7016 просмотров

«Атамекен» ҰКП мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің сарапшылары қоғамдық тамақтану саласындағы реттеу актілерін қайта қарау бойынша жүргізілген жұмыстың қорытындысын айтты. Тікелей эфир Ұлттық палатаның онлайн алаңында өтті.

Қоғамдық тамақтану – халық денсаулығының қауіпсіздік мәселелерімен тікелей байланысты әлеуметтік сезімтал қызмет көрсету саласы. Дәл осы салада кәсіпкерлік субъектілері орындауға міндетті талаптардың саны көп. Түрлі мемлекеттік органдардың талаптарынан тұратын 2400-ге жуық міндеттеме бар.

«Қоғамдық тамақтану» саласын қайта қарау қорытындысы бойынша алдын ала тізілім 94 реттеуіш актіден тұрады. Барлық реттеушілік акті бойынша талдау жүргізіліп, аяқталды. 2 397 талап белгіленген, оның ішінде 748-і немесе 31,2%-ы базалық шарттарға сәйкес келмейді. Соның ішінде 369-ы өзгертуді немесе толықтыруды, 379-ы – жоюды талап ететін нормалар.

«Нормативтік актілерді нөлден бастап түбегейлі қайта қарау бойынша мұндай жұмыс алғаш рет жүргізіліп жатыр. Енгізілетін кез келген талап негізділік, кәсіпкерлік субъектілерінің теңдігі, ашықтық, орындылық, айқындылық, мөлшерлестік және ұтымдылық, дәйектілік қағидаттарына сәйкес келуге тиіс. Тізілімде жаңа реттеуші саясатқа сәйкес келетін талаптар ғана қамтылатын болады», – деді «Атамекен» ҚР ҰКП «таза парақтан» реттеуді енгізу жөніндегі жобалау тобының жетекшісі Гүлнар Құрбанбаева.

Сарапшы атап өткендей, қоғамдық тамақтану саласының қызметін қайта қарау барынша тиімді өтті. Себебі негізгі уәкілетті орган бизнеспен белсенді жұмыс істеді және ұсынылған ұсыныстарға жедел әрекет етті.

«Барлық 2400 талап бір ғана қоғамдық тамақтану объектісіне қатысты емес. Тамақтану объектілеріне, олардың түрлеріне қарай, мейрамханалар, дәмханалар, көше дүңгіршектері, көліктегі дәмхана, білім беру, денсаулық сақтау мекемелеріндегі тамақтану объектілері үшін қойылады», – деп толықтырды Гүлнар Құрбанбаева.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасарының айтуынша, қоғамдық тамақтану орындарында тамақ ішумен байланысты халық арасында топтық улану саны өсіп жатыр. 2022 жылдың 6 айында 396 зардап шегушімен 22 жағдай тіркелді, оның ішінде – 92 бала, бұл 2021 жылы тіркелген барлық жағдайлардан 1,8 есе көп және сәйкесінше зардап шеккендер санынан 1,5 есе көп.

«Соңғы жылдары Үкімет кәсіпкерлікті дамыту үшін белгілі бір жеңілдіктер берді. Мысалы, бизнес субъектілері әділет органдарында тіркелгеннен кейін тексеруден 3 жылға дейінгі мерзімге босатылады. Сондай-ақ, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын және микрокәсіпкерлік субъектілерін Ерекше тәртіп бойынша тексеруге 3 жылдық мораторий енгізілді. Бірақ, өкінішке қарай, бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік шараларға қарамастан, айла ойлайтын жекелеген кәсіпкерлер бар. Олар заңды талаптарды орындамайды, бұл халықтың денсаулығына жаппай қауіп төндіреді, денсаулыққа, оның ішінде елдің ең кішкентай азаматтарының денсаулығына зиян келтіреді», – деді Марал Рахымжанова тікелей эфир барысында.

«Атамекен» ҰКП тарапынан «таза парақтан» реттеу реформасын іске асыру шеңберінде қолданыстағы реттеуді түбегейлі қайта қарау бойынша толық ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Еске салсақ, 2023 жылдың қаңтарынан бастап егер талап тізілімге енгізілмеген болса, онда ол бойынша Мемлекеттік орган бизнесті жазалай алмайды.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер