astana-view

Кәсіпкерлер қалдық жинау тарифін төмен деп санайды – Ұлттық палата

2022 жылғы 04 Қазан
9306 просмотров

«Атамекен» ҚР ҰКП және «KazWaste» қалдықтарды басқару жөніндегі  қауымдастықтың өкілдері экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Зульфия Сүлейменовамен кездесті.

Кездесу эко-полигон және қоқыс өңдеу зауытының аумағында өтті. Онда қатысушыларға кәсіпорындардың жұмыс жағдайы мен техникалық жарақтандырылуы көрсетілді.

Кездесу барысында кәсіпкерлер Үкімет деңгейінде шешуді талап ететін саланың түйткілді мәселелерін айтты.

 «Маңызды мәселенің бірі – тарифтің төмендігі. Соның салдарынан ағымдағы шығындардың бәрін жабу мүмкін болмай отыр. Осы ретте зауытқа барлық экологиялық талапқа сәйкес келу үшін жаңарту жұмыстарын жүргізу қажет», – деді «Astana Recycling Plant» бас директоры Асыл Батыргереев.

Сала өкілдері тарифтерді жыл сайын индекстеу немесе оларды қайта қараудың нақты мерзімдерін белгілеу қажет деп санайды.

«Жанармай бағасы көтеріліп жатыр, ал қоқыс шығару тарифтері жоғарыламайды. Тарифтерді есептеуді АЕК-ке байланыстырып, оларды қайта қарау кезеңділігін белгілеу қажет», – деп атап өтті қоқыс шығаратын компанияның басшысы.

«KazWaste» қауымдастығының төрағасы Шынболат Байқұлов жедел шешуді талап ететін мәселелердің қатарына жұмыс күшін тарту мәселесі де кіретінін айтты.

 «Саланың ерекшелігіне байланысты жұмысқа деген сұраныс төмен. Сондықтан кәсіпорындарда жұмыс күші жеткіліксіз», – деді спикер.

Сондай-ақ, кәсіпорындар шағын және микробизнесті тартуды едәуір кеңейтуге мүмкіндік берген EcoQolday бағдарламасын қайта бастау қажеттігін бірауыздан қолдады.

«Министрлік «Жасыл Даму» АҚ-пен бірлесіп, қалдықтарды басқару саласындағы кәсіпорындарға субсидиялар беру мүмкіндігі үшін заңнаманы түзету енгізу бойынша жұмысты жүргізіп жатыр», – деді вице-министр Зульфия Сүлейменова.

Кездесу қорытындысы бойынша бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп түйткілді мәселелерді шешу жөнінде шаралар әзірлеу және мүдделі мемлекеттік органдармен талқылауға шығару туралы шешім қабылданды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер