Шенеуніктер «Атамекен» алаңында кәсіпкерлердің мәселелеріне жауап берді
Бүгін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының X съезі қарсаңында отандық бизнесмендер орталық мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесті. Жиында Мемлекет басшысы ұсынған реформалар, бизнес құқығын қорғау, субсидиялау және қолдау шаралары, салық реформасының мәселелерін талқылады. 200-ден аса кәсіпкер проблемаларын айтты.
Ұлттық палата алаңында вице-министрлерден бастап басқарма жетекшілерне дейінгі мемлекеттік қызметкерлер кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап берді.
Төралқа төрағасы Райымбек Баталовтың айтуынша, кәсіпкерлер палатасы бизнес мәселелерін тұрақты түрде жинап, апта сайын мемлекеттік органдардың өкілдерімен талқылайды. Шешімі күрделі проблемалар премьер-министр Әлихан Смайылов деңгейінде шешіледі.
«Бүгін шешімі созылып кеткен сұрақтарды көтеріп отырмыз. Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында көтерілген мәселелер палатаның түйткілді мәселелер тізілімінде барын көріп отырмыз. Сондықтан бүгін бірқатарын талқылай алатынымызға сенімдімін», – деп атап өтті ҰКП басшысы.
Кездесуде талқыланған мәселенің басым бөлігі салық кодексіне қатысты болды. Кәсіпкерлер салық заңнамасының олқы тұстарын атады – ҚҚС шегін 20 мың АЕК-ке дейін төмендету, Еңбекақы қорына жүктеменің артуы, күрделі әкімшілендіру, шот-фактураларды шығару, тауарларға жөнелтпе құжат бизнеске ауыр тиіп жатқанын жеткізді.
«Бизнеске түсетін жүктеме үлкен. Бухгалтері жоқ кәсіпкерлер үшін тіптен қиын. Бүгін отандық бухгалтерлер үш түрлі жүйені қолданады. Бірінде тауарға жөнелтпе құжатты жазады, екіншісінде электронды шот-фактураны рәсімдейді, үшіншсінде 328-форманы толтырады. Бұл құжаттар бірін бірі қайталайды», – деді Алматы ӨКП Өңірлік кеңесінің төрағасы Максим Барышев.
Спикер осы жылдың шілдесінде шұғыл заң жобасы қабылданғанын, оған дивиденттерге 10% салық енгізілгенін айтты. Сондай-ақ, ол шетелдік инвесторлар салық заңнамасы жиі өзгергендіктен Қазақстанмен қарым-қатынасқа пауза қойғанын атап өтті.
Сонымен қатар, балалар туризмі саласындағы кәсіпкерлер, оның ішінде балалар-жасөспірімдер туризмі мен демалысын дамыту жөніндегі қауымдастықтың төрағасы Қайрат Сұлтанов салық кодексіне түзетулер енгізу арқылы балалардың сауықтыру демалысын ұйымдастыру сапасын заңнамалық тұрғыдан жақсартуға болады деп санайды.
«Балалар демалысы коммерциялық болмауы тиіс, әлеуметтік жоба. «Балапан» бағдарламасы аясында барлық балабақша ҚҚС-дан босатылды. Бұл салық балалар демалысының қымбаттауына әкеп соқты. Сонымен қатар, мұндай бағыт кәсіпкерлер арасында сұранысты азайтады. Қазірдің өзінде теріс динамика байқалады. Осыған байланысты ҚР салық кодексінің 370-бабына – балалар демалысын дамытуды қолдау үшін балалар мекемелерін ҚҚС төлеуден босату туралы өзгерістер енгізу қажет», – деді Қайрат Сұлтанов.
Қазір Ақмола облысындағы 64 лагердің 11-і ғана балалар туризмі саласында қызмет етеді. Экономикалық тиімді мәселелерге байланысты көптеген ұйым ересек тұрғындарға арналған туристік нысандар болып қайта құрылды.
Ал, «Өңдеу өнеркәсібі» ЗТБ басқарма төрағасының орынбасары Әділбек Бектібаев мемлекеттік сатып алу мәселесін көтерді.
«Мемлекеттік сатып алуды шағын және орта бизнеске бермей, ШОБ-ты қалай қолдауға болады? Сондықтан сіздерден Қаржы министрлігімен бірге шағын және орта бизнесті қорғау жолдарын пысықтауды сұраймын», – деді Әділбек Бектібаев.
Тамақ өнеркәсібінің өкілдері де проблемаларын айтты. «Алкогольсіз сусындар мен шырындарды өндірушілер қауымдастығы» ЗТБ атқарушы директоры Әлия Мамытбаева осы жылы шикізаттың бағасы 50 пайыздан және одан жоғары өскенін атап өтті. Сондықтан спикер келесі жиынды Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында өткізуді ұсынды.
«Біздің мәселелер бірінші кезекте Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен шешіледі. Ал министрліктің бізбен диалог құруға құлқы жоқ екенін жеткізгім келеді», – деді Әлия Мамытбаева.
Осылайша съезд қарсыңындағы кездесуде кәсіпкерлер мемлекеттік органдар өкілдеріне қордаланып қалған сұрақтарын қойды. Кейбір сұрақ жиын барысында шешілді, тағы бір бөлігі пысықтауға алынды. Қосымша талдауды қажет ететін мәселелер бойынша тараптардың талап-тілегін қанағаттандыратын шешімді әзірлейтін жұмыс топтары құрылады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: