astana-view

Кәсіпкерлер Ұлттық палата трансформациясының тұжырымдамасын қолдады

2022 жылғы 04 Қараша
10136 просмотров

«Атамекен» ҰКП X съезі аясында 284 делегат трансформациялаудың жаңа тәсілдерін қолдап дауыс берді.

Дауыс беруге барлығы 307 делегат қатысты, соның ішінде қызмет тәсілдері бойынша – 6 адам дауыс беруден бас тартты, 17 дегелат қарсы болды, қалған 284 делегат «қолдап» дауыс берді.

Ұлттық палата Төралқа төрағасы Райымбек Баталов қаңтардағы оқиғалар мемлекеттік жүйені өзгертуге сұраныс тудырғанын атап өтті.

«Съезд ақпанда Президенттің ҰКП қызметін шағын бизнеске бағыттауға қатысты ұсынысын қолдады. Бизнес өкілдері Ұлттық палатаны трансформациялау бойынша мәселе қойды», – деді спикер.

 Трансформация процесі 2022 жылдың қаңтарында кәсіпкерлер палатасында 90 адамнан тұратын жұмыс тобы құрылған кезде басталды. Оған өңірлік кеңестер, салалық қауымдастықтардың өкілдері кірді. Төрт блокқа бөлінген 42 мәселе бойынша ұсыныстар жиналды. Атап айтқанда, концептуалды мәселелер, мүшелік жарна, Төралқа мен оның комитеттерінің қызметі, ҰКП орталық аппараты және өңірлік кәсіпкерлер палаталарының қызметі.

Сондай-ақ, Төралқа төрағасы палатаны трансформациялау жөніндегі жұмыс тобының ұсыныстарын таныстырды. Трансформацияны 2022-2025 жылдарға – үш кезеңде өткізу жоспарланып отыр.

Съезд делегаттары ҰКП жүргізіп жатқан жұмыстарға қатысты пікірін білдірді. DALA-FRUIT компаниялар тобының иесі Болатбек Нәжметдинұлы кейде департамент директорлары, басқарма төрағасының орынбасарларымен келіспеушіліктерге қарамастан, бүгінде кәсіпкер ымыра тауып, мәселелерін үкімет деңгейінде шеше алатынын айтты.

«Сондықтан біз Райымбек Баталовтың қолдауымен мәселелерімізді премьер-министр, оның орынбасары деңгейінде көтердік. Министрліктермен бір деңгейде сөйлесуді жетістік деп санаймын», – деді спикер.

«ҚР Ұлттық кооперативтері мен экономикалық қоғамдастықтардың басқа да нысандарының ұлттық қауымдастығы» ЗТБ президенті Қазыбек Шайх Ұлттық палатаның трансформациялау тәсілдерін қолдап, тұжырымдамаға ауыл кәсіпкерлері және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту проблемаларын шешу стратегиясын енгізуді ұсынды.

Тағы бір бастаманы ҚР Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының президенті Наталья Ахшабаева көтерді.

«Біз Кәсіпкерлер палатасына жолдаған проблемалар өте шұғыл және шұғыл, бірақ дәл қазір шешуді талап етпейтін мәселелер болып бөлінді. Мысалы форс-мажорды алсақ, бұл маңызды әрі шұғыл мәселе. Өйткені, кәсіпкерлер  соттарға баруға мәжбүр, оларға анықтама ауадай қажет болады», – деді Наталья Ахшабаева.

Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюков да пікірін ортаға салды.

«Біз трансформацияны қолдаймыз және жұмысқа қосылғанбыз. Бұл бағытта бірге жүрейік», – деді спикер.

Съезд жұмысын аяқтаған Райымбек Баталов барлық  делегатқа қатысқаны, ашық диалог жүргізіп, бизнес мәселелеріне немқұрайлы қарамағаны үшін алғыс білдірді.

«Сіздер, шын мәнінде, нағыз патриоттар, ісіне берілген азаматтар ретінде, уақыт пен күш-қуатыңызды елімізде жақсы бизнес-ортаны құруға жұмсап отырсыз. Сіздерге қолдау көрсеткеніңіз үшін ризамын. Әр делегаттың ашық пікір білдіргені үшін ризашылығымды білдіремін. Жұмылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып қана елімізді шынымен өзгерте аламыз. Бірге әділ Қазақстан құра отырып, елді жақсы жаққа өзгертуге тырысайық», – деді «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы.

Бүгін елордада «Атамекен» Ұлттық палатаның X съезі өтті. Съезд жұмысына республиканың барлық өңірінен үш жүзден астам делегат қатысты. Қатысушылар 9 мәселені талқылады. Палатаның атқарылған жұмысының есебі, трансформациядан кейінгі Ұлттық палатаның жаңа тәсілдері және Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында өңірлік кәсіпкерлер палатасын құру қаралды. Сондай-ақ, ҰКП Төралқасының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату және жекелеген мүшелерін сайлау, басқарманың өкілеттік мерзімі бекітілді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер