«Елімізде кооперация тиісті деңгейде жүзеге аспады»: Павлодар облысының фермерлері тәжірибесін бөлісуге дайын
2006 жылы ауыл шаруашылығы саласында кооперациялық қозғалысты дамытуға алғашқы талпыныс жасалды. Кооперативтерге субсидиялауды есепке алмағанда 7,8 млрд теңге бөлінді. Алайда бұл қозғалыстың нәтижесі белгісіз. Өңірлерде коорациялардың табысты дамымай жатқаны туралы «Ертіс агро» АӨК басқарма төрағасы Ерлан Тоқтышақов пікір білдірді.
Павлодарлық фермерлердің айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі дамудың тиімді құралын іздеп жатқан кезде, саладағы жағдай қиындап барады.
«Соңғы екі жылда елімізде, соның ішінде ауыл шаруашылығында түбегейлі өзгерістер жүріп жатыр. Агроөнеркәсіп кешені және оның дамуында зор әлеует барын ауыз толтырып айтамыз. Алайда фермерлер үздіксіз жаңашылдықтар мен белгісіздіктен, құр сөзден шаршады», – деп атап өтті Ерлан Тоқтышақов.
Спикердің айтуынша, әлемде кооперация өзін тиімді, түрлі сын-қатерге қарамастан тұрақты әрі танымал құрал екенін көрсетті. Халықаралық кооператив альянсының деректері бойынша әлем халқының 12%-ы – кооператив мүшелері. Кооперация планетаның барлық еңбекке қабілетті халқының 10%-ын жұмыспен қамтамасыз еткен. Ал 300 ірі кооперативтің жылдық айналымы 2 трлн доллардан асады.
«Жыл сайын ауыл шаруашылығы саласындағы кооперацияның өзіне ғана 7 трлн доллардан астам қаражат тартылады. Кооперация экономикалық қатынастар жүйесін өзгертеді. Уақыт және қаржылық ресурстарды үнемдеуге, шағын шаруашылықтардың дамуына ғана емес, сонымен қатар ауқым мен синергияның тиімділігіне жағдай жасауға мүмкіндік береді, еліміздің АӨК саласын өндірістің мүлдем жаңа сапалы деңгейіне шығара алады», – деді спикер.
Ерлан Тоқтышақов кооперация үдерісі қалай қолға алынғанан еске салды.
«Елімізде кооперация тиісті деңгейде жүзеге аспады. 2006 жылы ауыл шаруашылығы саласында кооперациялық қозғалысты дамытуға алғашқы талпыныс жасалды. Кооперативтерге субсидяилауды есепке алмағанда 7,8 млрд теңге бөлінді. Әрі қарай не болғаны белгісіз», – деді спикер.
2016 жылы мемлекеттік органдар фермерлерге кооперация құруды жүктеп, өз көрсеткіштерін жасап алды. Осылайша «мәжбүрмен» құрылған кооперативтерге Павлодар облысында ғана 450 млн теңгеге жуық субсидия төленді. Ал салық көлемі 83,8 млн теңгені құрады. Демек, салық жұмсалған қаражаттан бес есе аз.
«Кооперацияның басты құрауышы – ерікті бірігу қағидаты бұзылды. Өйткені осы жобаның басы-қасында жүрген адамдардың осы саладағы білімі мен біліктігі төмен болды. Сондықтан кооперацияны дамыту бойынша жұмыс кооперация қағидаларына қайшы жүргізіліп жатыр. Қағидаттарды БҰҰ жанындағы консультативтік мәртебесі бар ұйым – Халықаралық кооперативтік альянс бекіткен», – деді Ерлан Тоқтышаков.
Өңірлерде бірең-сараң табысты тәжірибе де кездеседі. Мысалы «Ертіс агро» Әлеуметтік кәсіпкерлік кооперацияны атауға болады. Кооперация 2016 жылы ерікті формада 30 фермерді біріктірді. Кооперация қағидарттарын сақтау және нәтижеге жетуге деген талпыныс арқылы ұжым тиімділік көрсетіп, нәтижеге қол жеткізді.
«Ертіс агро» АӨК алты жыл ішінде 50 тұрақты жұмыс орнын құрды, қызметкерлерге еңбекақы ретінде 291,8 млн теңге, ел бюджетіне 252,7 млн теңге салық төледі. Кооператив өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша мүшелерінің біліктілігін арттыру, топырақтың құнарлылығын сақтау және қатысушылардың үштен бірінен тұрақты өнім алу үшін no-till технологиясын бейімдеп, енгізді», – деді фермер.
Бұл жұмыс павлодарлық шаруалардың қолынан келді. Олар осы бағыттағы тәжірибесін бөлісуге дайын.
«Осы тәжірибені отандық АӨК-ті дамыту үшін пайдаланып, мүдделі мемлекеттік органдармен бірге барлық қажетті жұмысты жүргізу керек. Мемлекет, бизнес және қоғамның мүддесін ескеретін кәсіпкерлік бастаманы тыңдап, қолдау керек», – деп санайды «Атамекен» ҰКП сарапшылары.
Еске салайық, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында аграрлық саланы дамыту үшін ауылдық кооперацияны қолға алуды, сала озық технологияға мұқтаж екенін атап өтті.
«Сәйкес пилоттық жоба іске асырылды. Оның қорытындысы бойынша жобаға қатысқан қожалықтардың өнім алуы екі есе артты, ал мал басы ¼-ке өсті. Табысты тәжірибені ел ауқымында өңірлердің ерекшелігін ескере отырып, кезең-кезеңмен қолға алу керек», – деп тапсырды Мемлекет басшысы.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: