astana-view

«Ұлы дала елі» ортақ брендін иеленуге лайықты компаниялар анықталды

2022 жылғы 07 Желтоқсан
7966 просмотров

Бүгін Астанада «Ұлы дала елі» ортақ брендін иеленуге лайықты компаниялар анықталды.  Биыл бренд құқығын пайдалану байқауына 14 компания өтінім білдірді.

Жеңімпаздар үш кезеңде сыналды. Бірінші кезеңде өтінімдер қаралды. Екінші кезеңде комиссия мүшелерінің өндіріс орнына барып, компаниялардың қызметін бағалады. Содан кейін онлайн дауыс беру арқылы «Ұлы дала елі» ортақ брендін пайдалану құқығын төрт компания алды. Атап айтқанда: 

  • «МедиДез» ғылыми-өндірістік бірлестігі» ЖШС (эндоскоптар мен бал жабдықтарын зарарсыздандыру үшін дезинфекциялау ерітінділері, медициналық және тамақ өнеркәсібіне арналған дезинфекциялау құралдарын өндіру, тұрмыстық химия өндірісі);
  • «Асыл дән LTD» ЖШС (күріш өнімдері);
  • «Ультрастаб-Қазақстан» ЖШС (тоқылған геосинтетикалық бұйымдар өндірісі);
  • «Сартаев» жеке кәсіпкерлігі (балық өнімдері, тұщы су шаяндарын өсіру).

«Біз күріш ақтаумен айналысамыз. «Ұлы дала елі» брендінің жеңімпазы болдық. Осындай республикалық деңгейдегі байқауға бірінші рет қатысып жатырмыз. Бұл – бізге өте үлкен марапат. Бұның барлығы ұжымымыздың арқасында. Үлкен жұмыс жасалды. Соның нәтижесін осындай жетістікке жетіп жатырмыз. Алдағы уақытта бұдан да жоғары байқауларға қатысып, нәтиже көрсетуді мақсат етіп отырмыз. 45 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Өнімнің 60 пайыздан астамын Украина, Тәжікстан, Қырғыстан, Ресей, Түркияға экспортқа шығарамыз. Әлі кеңейткіміз келеді. Сапа біз үшін бірінші орында. Қуаныштымыз. Ұйымдастырып жатқан «Атамекенге», дауыс беріп қолдаған халыққа алғысымызды білдіреміз. Бұл бізге стимул береді», – деді Қызылорда облысы «Асыл дән ЛТД» ЖШС өкілі Нұрлан Алдамжаров.

 Байқау мақсаты – отандық компанияны ынталандыру және экспортқа шығаратын сапасы жоғары өнімдерді «Ұлы дала елі» ортақ брендімен таныстыру, шетелдегі танымалдылығын арттыру. «Ұлы дала елі» ортақ бренді Қазақстанның брендін халықаралық нарыққа шығарып отырған отандық үздік тауар өндірушілерге табысталады.

Байқауға қатысушылар келесі критерийлерге сай болуы қажет:

- экспорт көлемінің үлесі өнімнің бір түрінің жалпы өндірісі көлемінен 10%-дан кем емес;

- тауар өндіру, қызмет көрсетуде жергілікті қамту үлесі (кемінде 30%);

- халықаралық бизнес-қоғамдастықтарға мүше болу;

- лицензия, рұқсат, патенттердің болуы;

- халықаралық марапатар, дипломдардың болуы;

- бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша  қаржылай емес есептілікті жариялау тәжірибесінің болуы.

Өткен жылдардың жеңімпаздары туралы ақпарат сілтемеде:   http://www.ulydalaeli.kz/ru/index.html


Еншілес ұйымдар

Серіктестер