astana-view

Скотчтан бастап темірбетон құбырға дейін: Қазақстанның үздік тауарлары анықталды

2022 жылғы 07 Желтоқсан
8445 просмотров

Елордада «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының жеңімпаздары марапатталды. Байқау жыл сайын «өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар, халыққа арналған үздік тауарлар, үздік азық-түлік тауарлары» номинациялары бойынша өтеді. Әр номинацияда үш жеңімпаз анықталады.

«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясының дипломанттарына марапатты ҚР Парламенті Мәжілісінің экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Альберт Рау табыстады.

Бұл номинацияда скотч, барлық өлшемдегі жапсырма ленталарды өндіруші «KazTigerTape» ЖШС, телекоммуникация және электр энергетикасы желілеріне арналған кабель өндіруші «Kazcentrelectroprovod» ЖШС, жол салу, кәріз желісін салу, су бұру, сарқынды суды тазарту және кәдеге жаратуға арналған темірбетон бұйымдарын өндіруге бағытталған «Сапа Су» ЖШС жеңімпаз атанды.

«Семирамида» тігін фабрикасының әйелдерге арналған күз-қыс сырт киім топтамасы, «Адили текстиль» ЖШС матадан тігілген дастархандары және «Эдем» брендімен «Хабибулла-ата» жеке кәсіпкерлігінің жиһаздары халыққа арналған ең үздік тауарлар болып танылды.

«Компаниямыз «Адили» брендімен өнімдер шығарады. Біз нарықта 10 жылдан астам уақыт жұмыс істейміз. Биыл «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының номинанты болғанымызға өте қуаныштымыз. Біз үшін үлкен мәртебе. Демек, клиенттер бізді жақсы көреді, таңдайды, бізге дауыс береді. Бұл жеңіс, ең алдымен, әрі қарай жүруге, әрі қарай дамуға ынталандырады. Компанияның елімізде ғана емес, одан тыс жерлерде де әлеуеті зор», – деді «Адили текстиль» ЖШС құрылтайшысы Аделин Зира.

«Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясында «Зенченко және компания» коммандиттік серіктестігі, сүт өңдеу және сүт өнімдерін шығарушы «AYKAN» ЖШС және тауық етін өндіурші «ECO-Chickenә ӘКК  топ жарды.

«Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауы жыл сайын өтеді. Байқаудың басты мақсат-міндеті – жеке және заңды тұлғалардың отандық өнімнің сапасын арттыруға бағытталған қызметін жандандыру, Қазақстан нарығын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өніммен толықтыруға жәрдемдесу, отандық және халықаралық стандарттар негізінде сапаны басқару мен қамтамасыз етудің қазіргі заманғы әдістерін кеңінен енгізуге алғышарттар жасау және оған жәрдемдесу, сапа проблемаларын шешу қажеттілігіне өнеркәсіптік, коммерциялық және қоғамдық ұйымдардың назарын аудару, халық арасында сапа идеясын кеңінен таныту.

Биыл байқауға қатысуға 850-ге жуық компания өтінім берген.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер