Ұлттық палата 22 мыңға жуық кәсіпкерге сервистік қолдау көрсетті
2022 жылдың қорытындысы бойынша «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес өкілдеріне 21 913 сервистік қызмет көрсетті. Сонымен қатар, кәсіпкерлер мен кәсіпкерлік бастамасы бар халыққа 136 129 кеңес берілді.
Ұлттық палата ШОБ субъектілері үшін «Сервистік қолдау» көрсетеді. Қызметтер барлық облыс орталығы, сондай-ақ аудандық деңгейде Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында тегін негізде ұсынылады.
Орталықтарда кәсіпкерлер мынадай қызметтер түрін ала алады: бухгалтерлік және салықтық есепке алуды жүргізу, статистикалық есептілікті жасауға байланысты қызметтер; заң мәселелері және конкурстық (тендерлік) рәсімдер жөніндегі қызметтер; қаржыландыру және мемлекеттік қолдау шараларын алу мәселелері бойынша көрсетілетін қызметтер; маркетинг мәселелері бойынша қызметтер.
Қызметтер менеджер-кеңесшілермен (кеңседе) қатар www.g4b.kz веб-порталы арқылы онлайн форматта да көретіледі.
Қолдаудың мұндай шаралары 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде ҚР Ұлттық экономика министрлігінің қолдауымен ұсынылады. Бұл шаралар кәсіпкерлерді қаржылай емес қолдаудың мынадай құралдарын қамтиды:
1) кәсіпкерлік қызметті жүргізуге сервистік қолдау көрсету;
2) кәсіпкерлер мен кәсіпкерлік бастамасы бар халықты ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету;
3) «Іскерлік байланыс» құралы.
2022 жылдың қорытындысы бойынша 22 мыңға жуық бизнес өкіліне немесе шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 124%-ына сервистік қолдау көрсетілді (онлайн – 7 973, офлайн – 13 940).
Ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету қызметтері аудандық деңгейдегі 190 қызмет көрсету орталығының базасында «офлайн» режимде, ал облыстық деңгейде қаржылай емес қолдау операторының (www.g4b.kz) веб-порталы арқылы «онлайн» режимде ұсынылады. Менеджер-консультанттар өтініш білдірген кәсібін жаңа бастаған және жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау шаралары туралы хабардар етеді және кеңес береді, өтініштердің өзіне сүйемелдеу көрсетіледі.
2022 жылдың қорытындысы бойынша 136 129 кеңес берілді (онлайн 10 101, офлайн 126 028).
Сондай-ақ, «Атамекен» ҰКП 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде «Іскерлік байланыс» құралын іске асырып жатыр. Бұл құрал шеңберінде халықаралық шетелдік ұйымдардың қолдауымен шетелдік әріптестермен іскерлік байланыс орнату есебінен экономиканың басым секторларында қызметін жүзеге асыратын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау көрсетіледі.
Бұл құрал ҚР Ұлттық экономика министрлігі және Германия Федеративтік Республикасының арасындағы үкіметаралық келісім шеңберінде іске асырылады. Осылайша кәсіпкерлерге ұқсас саладағы кәсіпорындарға бару және шетелдік әріптестермен технологиялар трансферті және жабдықтар сатып алу; тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді өзара жеткізу; франшизалар сатып алу; бірлескен кәсіпорындар құру мәселелері бойынша іскерлік байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Осы құрал шеңберінде Германияға тағылымдамаға шағын және орта бизнестен 32 өкіл жіберілді. Тағылымдама Германиядағы біліктілікті арттыру орталығында өтті.
«2022 жылдың қарашасында Германиядан келген делегация, серіктестер, «Іскерлік байланыс» құралына қатысушылар, сондай-ақ мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен кеңейтілген конференция өтті. Бұл құрал қатысушылар үшін жалпы нарықтық мүмкіндіктерді ашады, демек, отандық кәсіпкерлердің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін жақсартты», – деп хабарлады Жаппай кәсіпкерлік және микроқаржыландыру департаментінің сарапшылары.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: