astana-view

АЭА аумағындағы кәсіпорындар жер учаскелерін меншіктеу мүмкіндігін алды

2023 жылғы 13 Қаңтар
6781 просмотров

Дереккөз: ritmeurasia.org

Кәсіпкерлерге арнайы экономикалық аймақтар аумағында өндіріс объектілері тұрған жер учаскелерін сатып алу мүмкіндігін беретін заң күшіне енді.

Енді АЭА аумағында орналасқан өнеркәсіптік кәсіпорындар жер учаскелерін осы аймақта өз қызметін бастаған кезде жердің кадастрлық құны бойынша сатып ала алады.

«Атамекен» ҰКП Құрылыс және жер қатынастары департаменті директорының орынбасары Ернұр Әбжанның айтуынша, бұл шаралар жер үшін базалық мөлшерлеме көтерілген елді мекендерде ерекше өзекті. Мысалы, Шымкентте 2022 жылы жердің 1 ш. м. бағасы 2 есеге, 1275 теңгеден 2512 теңгеге дейін өсті.

«Мемлекеттен жер сатып алудың бір шарты бар – АЭА қатысушысының келісімшартында көзделген барлық объекті пайдалануға берілген күннен бастап үш жыл өткеннен кейін және кәсіпкер тиісті объектілерде өнім өндіруді жүзеге асырған жағдайда жерді сатып ала алады», – деп атап өтті Ернұр Әбжан.

Жерді сатып алу мүмкіндігі 2019 жылы («Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» ҚР Заңын қабылдаумен) АЭА аумағында жер учаскелерін бөлудің жаңа механизмге енгізуге байланысты проблеманы шешуге көмектеседі. Оған сәйкес арнайы экономикалық аймақтарда кәсіпкерлерге учаскелер беру әкімдіктерден емес, субаренда форматында басқарушы компаниялар арқылы жүзеге асырыла бастады. 

«Осыған байланысты қаржы институттары мұндай учаскелерді немесе олардағы ғимараттарды кепілге алудан бас тартып қана қоймай, жалпы қосалқы жалдау құқығымен жер учаскелерінде зауыттар мен цехтар салуды көздейтін жобаларды қаржыландырудан бас тартты. Бұл жайт өндіріске қомақты қаражат салған, одан әрі дамыту үшін қосымша қаржыландыру қажет болған кәсіпкерлер үшін күрделі проблемаға айналды», – деп түсіндірді «Атамекен» ҰКП өкілі.

Бұл мәселе Ұлттық палатада бірнеше жыл бойы көтерілді. ҰКП алаңында ҰКП, ИИДМ, қаржы институттары, ҚР Ұлттық банкі, ҚҚА және ҚҚҚ өкілдерінің қатысуымен көптеген жиын өткізілді. 2020 жылдың желтоқсанында мәселе бірінші вице-премьер деңгейінде де талқыланды. Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына жолдауындағы АЭА аумағындағы жер учаскелерінің меншігі мәселесін шешу міндетін қойып, проблемаға назар аударды.

  Мәжіліс қарауына түскен заң жобасының редакциясында толық іске асырылған жобалар үшін жер учаскелерін сатып алу мүмкіндігін көздейтін ғана емес, сонымен қатар арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар аумағында уақытша ұзақ мерзімді жер пайдалану (жалға алу) құқығын кепілге тыйым салуға бағытталған нормалар да қамтылды.

 «Бұл ретте мұндай норма АЭА және ИА қатысушыларының қаржылық жағдайының нашарлауына, өндіріс деңгейінің ғана емес, сонымен қатар аймақтардың жалпы инвестициялық тартымдылығының төмендеуіне әкелетіні ескерілмеді. Біз ҰКП сараптамалық қорытындысы шеңберінде тиісті ескертулер жібердік. Нәтижесінде АЭА және ИА аумақтарында жер учаскелерін жалға алу құқығын кепілге салуға бағытталған түзетулер заң жобасынан алынып тасталды», – деді Ернұр Әбжан.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер