astana-view

Мемлекеттік аудит және қаржы секторы туралы заңда Ұлттық палатаның ұсыныстары ескерілді

2023 жылғы 13 Қаңтар
6356 просмотров

«Атамекен» ҰКП мен бизнес-қоғамдастықтың ұсыныстары ескерілген «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Заңға жасалған түзетулер 11 қаңтардан бастап күшіне енді.

30 желтоқсанда Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға түзетулер енгізілді.

«Атамекен» ҰКП мамндары жаңашылдықтар қылмыстық қудалау органдарының сотқа дейінгі тергеуді негізсіз бастау қаупінсіз бизнесті жүргізу үшін кәсібін адал жүргізетін кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді деп санайды.

Заң жобасы шеңберінде ҚР Қаржы министрлігі мынадай ұсыныстарды қолдады:

 1. Мемлекеттік аудит объектісінің басшысына кәсіпкерлік субъектілері және мүддесі аудиторлық іс-шаралармен қозғалған өзге де тұлғалардың анықталған қаржылық бұзушылықтары туралы хабарлауды міндеттеу;

2. Дауларды реттеудің апелляциялық және сот тәртібін сақтағаннан кейін прокуратура органдары арқылы қылмыстық құқық бұзушылық белгілері анықталған жағдайларда құжаттарды тиісті аудиторлық дәлелдемелермен қылмыстық қудалау органдарына беру.

 «Түзету сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанға дейін дауларды реттеу жолымен мемлекеттік аудит қорытындысына шағымдану механизмін іске асыруға мүмкіндік береді. Аудит объектісі аудит нәтижелері бойынша қаржылық бұзушылықтар туралы кәсіпкерлік субъектілерін хабардар етуге міндетті. Егер кәсіпкерлік субъектілері бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаларды орындауға келіспесе, онда оларға мемлекеттік аудит нәтижелеріне ҚР Қаржы министрлігі жанындағы апелляциялық комиссияға және (немесе) сот тәртібімен шағымдану құқығы беріледі», – деп түсіндірді ҰКП мамандары.

Жаңа механизм бойынша қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бар мемлекеттік аудит материалдары прокуратура органдары арқылы қылмыстық қудалау органдарына дауларды реттеудің апелляциялық және сот тәртібі сақталғаннан кейін ғана берілетін болады. Бұған дейін аудиторлар қаржылық бұзушылықтар анықталған кезде қылмыстық қудалау үшін материалдарды құқық қорғау органдарына тікелей тапсырып келген.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер