astana-view

Қазақстан мен БАӘ іскерлік палаталарының басшылары екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың келешегін талқылады

2023 жылғы 18 Қаңтар
6073 просмотров

Қазақстандық делегацияның Бірікeен Араб Әмірліктеріне сапары барысында «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов және БАӘ Сауда-өнеркәсіп палаталары федерациясының басшысы – Абу-Даби сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Абдулла әл Мазруи екі елдің іскерлік ынтымақтастығын дамыту мәселелерін талқылады.

«Атамекен» ҰКП төрағасы Райымбек Баталовтың айтуынша, екі ел арасындағы екіжақты сауда-экономикалық қатынастар қарқынды дамып келеді және одан әрі дамытуда зор әлеуетке ие. Мәселен, 2022 жылы Қазақстан мен БАӘ арасындағы тауар айналымы 592 млн долларды құраған.

 Қазақстан кәсіпкерлер палатасының басшысы Қазақстан – мемлекет тарапынан да, бизнес тарапынан да, әмірлік капиталын тарту және ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі екенін айтты.

 «Қазіргі кезде Қазақстан үкіметі және бизнесі арасында тиімді диалог жолға қойылған. Мемлекет басшысы елдің стратегиялық шешімдерін қабылдау кезінде бизнестің пікірін ескерудің маңызын атап өтеді. Мұндай өзара іс-қимыл Қазақстанға инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдай жасап, сондай-ақ елдегі бизнесті тұрақты дамыту үшін негіз қалыптастырады», – деді Райымбек Баталов.

 2022 жылдың 28 желтоқсанында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңға қол қойды.

 «Бұл заң – екі елдің инвестициялық ынтымақтастығын белсендіруге арналған екіжақты негізгі құжаттардың бірі. Бұл келісім мемлекеттеріміз арасындағы серіктестікті дамытуға жаңа серпін береді», – деп атап өтті кездесу барысында Райымбек Баталов.

 Келісім екі мемлекеттің аумағындағы инвесторларды көтермелеу және қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ қорғау мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді. Құжат инвестицияларға қатысты төлемдерді еркін аударуды реттейді.

 Қазақстанның ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы 2017 жылы  Қазақстан және БАӘ арасында Қазақстан-БАӘ Іскерлік кеңесін құру туралы меморандумға қол қойылғанын атап өтті.

 «Өкінішке қарай, іскерлік кеңес құрылғалы бері кеңес отырысы өтпеді. Алдағы уақытта осы диалог алаңы елдеріміз арасындағы іскерлік қатынасты дамытудың негізі болады деп сенемін», – деп, Райымбек Баталов кеңестің алғашқы отырысын Қазақстанда өткізуді ұсынды. 

 Сондай-ақ, сапар барысында Райымбек Баталов Абу-Дабидегі World Future Energy Summit 2023 саммитіне қатысты.

Айта кетейік, Қазақстанның сыртқы сауда палатасының деректеріне сәйкес 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда Әмірліктердің қатысуымен 273 заңды тұлға, филиалдар мен өкілдіктер тіркелген. Олардың ішінде 219 компания жұмыс істейді, оның 58-і көтерме және бөлшек сауда, 20-сы – кәсіби ғылыми және техникалық қызмет, 26-сы – көлік және қойма, 15-сі – құрылыс саласымен айналысады. Сонымен қатар, қазіргі кезде елімізде бірлескен меншік нысаны бар 94 ұйым жұмыс істеп жатыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер