astana-view

ЖОО түлектерінің небәрі 11,4 пайызы оқуын магистратурада жалғастырады

2023 жылғы 26 Қаңтар
4881 просмотров

 «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, бес жыл қатарынан қазақстандық жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына тәуелсіз бағалау жүргізіп келеді.

Ұлттық палата жоғары оқу орындарын 19 критерий бойынша бағалады. Критерийдің бірі –  оқуды магистратурада жалғастыру. Есеп қорытындысы бойынша түлектердің небәрі 11,4%-ы бакалавриатты бітіргеннен кейін білім берудің келесі сатысына өтеді,  81 393 түлек ішінен 9287-і магистрант болған.

«Бұл критерий жекелеген білім беру бағдарламалары ішінде магистратура тартымдылығының төмендігін көрсетеді. Осындай тенденция келешекте отандық жоғары оқу орындарында жоғары білікті оқытушылардың тапшылығына әсер етеді», - деп санайды «Атамекен» ҚР ҰКП Адами капиталды дамыту департаментінің басқарушы директоры Азамат Бейсенбенов.

 Мәдени-демалыс жұмысы мамандығы бойынша түлектердің тек 0,3%-ы оқуын магистратурада  жалғастырады. Оқуға түскендердің төмен пайызы мынадай білім беру бағыттары арасында байқалады: музыкалық білім, кітапхана ісі, стоматология 2%, дизайн, сәулет дизайны, графикалық дизайн, статистика, технология және жеңіл өнеркәсіп бұйымдарын жобалау, сән дизайны – 3%, мектепке дейінгі оқыту және тәрбие, бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі, мейрамхана ісі және қонақ үй бизнесі, дене шынықтыру және спорт, бастапқы әскери дайындық, қаржы – 4%, мейірбике ісі, есеп және аудит, құқықтану, бейнелеу өнері және сызу, психология, тасымалдауды ұйымдастыру, қозғалыс және көлікті пайдалану – 5%.

Түлектері магистратурада оқуды жалғастырған лидер университеттер:  

  • 1. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті.
  • 2. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті.
  • 3. С.Асфендияров атындағы ұлттық медицина университеті.
  • 4. Абай атындағы ұлттық педагогикалық университет.
  • 5. Астана медициналық университеті.

Рейтинг жұмысына 200-ден астам салалық сарапшы тартылды, барлығы 2040 білім беру бағдарламасы бағаланды, 81 393 түлектің деректері талданды, нәтижесінде 97 оқу орны бойынша 2 мыңнан астам сараптамалық қорытынды жасалды.

Рейтинг нәтижелерімен толығырақ Министрліктің және «Атамекен" ҚР ҰКП ресми сайттарынан танысуға болады https://atameken.kz/kk/university_ratings  

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер