astana-view

Бизнеске қойылған он мыңнан аса артық талап анықталды

2023 жылғы 31 Қаңтар
6603 просмотров

Дереккөз: primeminister.kz

Бүгін Үкімет отырысында «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов бизнеске қойылатын он мыңнан аса талап артық екенін мәлімдеді.

Бүгінде 44 саладағы нормаларға талдау аяқталды. Қорытындысына сүйенсек, бизнеске қойылатын 128 119 талап анықталды. Соның ішінде 10 108 талап жаңа реттеуші саясаттың базалық шарттарына сәйкес келмейді және жойылады немесе қайта қаралады. Талаптарды қайта қарау бойынша жұмысқа бизнестен 100-ден астам сарапшы тартылды. Олардың айтуынша, бизнеске қойылатын кейбір талап орынсыз және бизнестің дамуына кедергі келтіреді.

Ұлттық палата басшысы кәсіпкерлер тізілім мүмкіндіктерін оң қабылдап, бұл жайт елдегі іскерлік белсенділіктің өсуіне түрткі болатынын атап өтті.

«Таза парақтан реттеу бойынша жүргізілген жұмыс реттеу саласынынң барлық ауқымын түбегейлі қайта қарауда таптырмас мүмкіндік болды. Талдау барысында қисынсыз, ескірген, бірін-бірі қайталайтын талаптар анықталды. Нәтижесінде, бизнеске қатысты реттеуші актілер мен талаптардың толық тізімі жасалды. Бұл өзгерісті бизнес оң қабылдады», – деді Райымбек Баталов.

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов «Таза парақтан» реформасы бизнес-ортаны реттеудің тиімділігін арттырып, кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасайтынын айтты.

«Сондықтан осы бағытта бірлескен жұмыстарды әрі қарай жалғастырамыз. Үкімет бизнестің сындарлы ұсыныстарын қолдауға дайын. Бизнестің тұрақты да табысты қызметіне, бірінші кезекте, мемлекеттің өзі мүдделі. Кәсіпкерлер осыны сезінуі керек», – деді премьер-министр.

Сондай-ақ, ол реформа 2029 жылға қарай шағын және орта бизнесте   жұмыс істейтіндер санының   4,7 млн адамға дейін өсуіне және мемлекеттің экономикадағы үлесін 14 %-ке дейін төмендетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

 Бұдан басқа, «Атамекен» ҰКП қатысуымен Мемлекеттік органдардың тәуекелдерді бағалау және басқару жүйесін қалыптастыру қағидалары, тексеру парақтарының формасы және кәсіпкерлік саладағы міндетті талаптардың тізілімін жүргізу қағидалары, сондай-ақ бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасау жөніндегі заңнамалық түзетулер әзірленді.

Сонымен қатар, отырыста Райымбек Баталов Денсаулық сақтау, Энергетика, Экология және табиғи ресурстар министрліктерінің бизнеске қойылатын талаптарын қайта қарау бойынша үйлесімді және тиімді жұмысты атап өтті.

«Тізілімнің іске қосылғанына небәрі ай болды. Әзірге бизнес оның практикалық қолданысын сезбеді. Қазір мемлекеттік органдар жұмысының кезекті кезеңі басталды. Атап айтқанда, салалық заңнамалық және нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жұмыстары. Палата тарапынан жобаларды қысқа мерзімде қарауға дайынбыз», – деп қорытындылады Ұлттық палата басшысы.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер