Фармөндіріс бағасын реттеу сала дамуын тежеп, дәрі-дәрмек пен медициналық заттарды қолжетімсіз етеді – Ұлттық палата
«Атамекен» ҰКП алаңында бизнес-қоғамдастық, Денсаулық сақтау министрлігі, Бәсекелестікті қорғау агенттігі, сондай-ақ Дәрілік заттарды сараптаудың ұлттық орталығының өкілдері медициналық бұйымдар (in vitro), жеке қорғану құралдарына шекті бағаларды енгізу, сондай-ақ дәрі-дәрмектер мен медициналық техникаға шекті бағаларды қалыптастыру үшін бірыңғай үстеме бағаны енгізу мәселелерін талқылады.
Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға баға белгілеу механизмін қатаңдататын бұл жаңалықтарды Денсаулық сақтау министрлігі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде реттеу қағидаларын өзгерту, шекті бағалар мен үстеме бағаларды қалыптастыру шеңберінде енгізуді жоспарлап отыр.
Бұл өзгерістер ең алдымен тірі организмнен тыс диагностикалау үшін медициналық бұйымдарға (in vitro) шекті бағаларды енгізуді көздейді. Мұндай бұйымдар көп компонентті болады, тек жиынтықтармен сатылады және дербес медициналық бұйымдар болып саналмайды. Алайда, «Атамекен» ҰКП медициналық қызметтер департаментінің басқарушы директоры-директоры Назгүл Қабдрахманованың айтуынша, мұндай жаңашылдық «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің нормаларына қайшы келеді.
«Кодекске сәйкес, медициналық бұйымдарға баға тіркеу куәліктері болған жағдайда ғана жүзеге асырылады, ал тірі организмнен тыс диагностикалауға арналған медициналық бұйымдар шығыс материалы болғандықтан, олар мемлекеттік тіркеуге жатпайды. Сондықтан оларға шекті баға қалай белгіленетіні түсініксіз», - деп атап өтті Ұлттық палата өкілі.
Бұдан басқа кәсіпкерлер in vitro диагностикасы үшін анализаторларда қолданылатын барлық реагентке шекті бағаларды тіркеуді әкімшілендіруде қиындықтар бар деп санайды. «Рош Диагностика» зертханалық анализаторларын өндіруші компанияның өкілі Тимур Ермекбаев жекелеген анализаторлар үшін қолданылатын реагенттердің 100-ден 200-ге дейінгі түрлерінің санын айтты.
«Біз бағаны реттеу және анализаторлар, ПТР бағасына талдау жүргізуден бас тартпаймыз және осыны жүзеге асырып келеміз. Біз шығындарды талдауға өтініш бердік, ол жүргізілді. Бірақ талдау анализаторда белгіленген формулаға сәйкес медициналық техниканың бірлігі ретінде жасалды. Бірақ реагенттерге мұны қалай жасауға болатынын және оны анализатордан бөлек қалай есептеуге болатынын түсінбейміз», - деп атап өтті Тимур Ермекбаев.
Жеке қорғаныс құралдарына шекті бағаларды енгізу жоспары да бизнес өкілдерінің сұрақтарын тудырды. «Жеке қорғаныс құралы» ұғымының өзі Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексте көзделмеген. Сонымен қатар, шекті мәнді I-teco, ОLX, satu.kz көрсетілген бағалар негізінде белгілеу жоспарланған.
«ҚР Еңбек кодексінде жеке қорғаныс құралдары – қызметкерді зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың әсерінен қорғауға арналған құралдар деп жазылған. Бұл ретте, егер ЖҚҚ пациенттерді немесе медициналық персоналды қорғауға арналған болса және медициналық мақсаттарда қолданылса, онда мұндай ЖҚҚ медициналық бұйымдарға жатқызылуы мүмкін. Демек, өндіруші пациенттерді немесе медициналық персоналды қорғау және медициналық мақсаттарда қолдану үшін ЖҚҚ-ның мақсатын анықтаған жағдайда ЖҚҚ-ны медициналық бұйым ретінде тіркейді. Сондықтан ЖҚҚ-ға шекті бағаларды қалыптастыру мәселелерін жеке шығаруға жол берілмейді деп санаймыз», - деді «Медициналық бұйымдарды өндірушілер қауымдастығының» төрайымы Гүлмира Мұхамеджанова.
Медициналық техниканың шекті бағаларын қалыптастыру үшін регрессивті шкала түрінде бірыңғай үстеме бағаны енгізу мәселесі көп пікір тудырды. Ұлттық палатаның мамандары медициналық техникаға шекті бағаны талдау жүргізудің заңдылығын қарастыру қажеттігін бірнеше рет айтты. Өйткені бұл норма ҚР Халық денсаулығы туралы кодексіне және халықаралық тәжірибеге қайшы келеді. Халықаралық тәжірибеде медициналық техникаға шекті баға қолданылмайды.
«Қазіргі кезде медициналық техникаға шекті бағаны қалыптастырудың қолданыстағы механизмі тиімсіз шекті бағаларды белгілейді. Соның салдарынан медициналық техниканы жеткізушілер нарығы ғана емес, сонымен қатар халыққа медициналық қызмет көрсету үшін қажетті жабдықты ала алмайтын ұйымдар қауіп-қатерге ұшырайды. Бұйрық жобасында белгіленген 5%-дан 15%-ға дейінгі мөлшердегі регрессивті шкала бойынша бірыңғай үстеме баға медициналық техниканы жеткізушілердің жағдайын одан әрі нашарлатады, сондықтан оны қабылдау дұрыс емес», - деп атап өтті «ELARUM Group» ЖШС директорының орынбасары Аяжанов Абылай.
Жиын барысында «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» бас директорының орынбасары Ержан Жүнісовтың айтуынша, процестерді автоматтандыру және бағаны тіркеуді жеделдету мақсатында енгізілетін үстеме бағалардың регрессивті шкаласына сәйкес дәрілік заттарға бірыңғай үстеме бағаны енгізу мәселесі талқыланды.
«Осы тұста бірыңғай үстеме бағаны енгізуді талқылауды сұраймыз. Екінші мәселе оның мөлшеріне қатысты – ұсыныстар болса, тақырыпты бизнестің ортақ пікірін ескере отырып, тағы да көтеруге дайынбыз», - деп атап өтті Ержан Жүнісов.
Алайда сарапшылық орган ұсыныған бірыңғай үстеме баға мен оның мөлшеріне қатысты ұсыныстар бизнес тарапынан қолдау таппады.
«Біз бұған дейін баға белгілеу механизмін қайта қарауға, өндіруші тіркеуін мемлекеттік қызметке ауыстыруға, содан кейін шекті бағаны қалыптастыруды автоматтандыруға уағдаластық. Бірақ бұл регрессивті шкала түрінде бірыңғай үстеме бағаны енгізу емес. Біз әдістемені қайта қарап, оны ақпараттық жүйеге алгоритм ретінде салғымыз келді. Біз әдістемені бірлесіп әзірлеуге дайынбыз», - деді Ұлттық палата өкілі Назгүл Қабдрахманова.
Шекті бағаны қалыптастыру және препараттарды нарыққа шығару кезінде Қазақстанда өндірілген дәрілерге бағаның шетелдіктерге тәуелділігін болдырмау бөлігінде дәрілік заттарға шекті баға мен үстемелерді реттеу, қалыптастыру қағидаларына өзгерістер енгізу туралы бұрын да бірнеше рет көтерілген мәселе айтылды. Қауымдастықтар бағаны шетелдік баламаға сілтеме жасау нәтижесінде отандық дәрі-дәрмек өндірушілер импорттаушылармен салыстырғанда нашарлау жағдайға тап болатынын атап өтті. Нәтижесінде елдегі фармацевтикалық өндірісті дамыту тежеледі.
«Бағаны реттеуге көшу, тек коммерциялық сегменттегі бағаны реттеуді алып тастаудың уақыты келді. Мәселе қордаланып қалған. 2023 жылдың соңына дейін талқылап отырсақ, ҚР халқы алдындағы қылмыс болмақ. Біз экономикалық қолжетімділік туралы емес, Қазақстан нарығында дәрілік заттардың физикалық қолжетімділігі туралы айтып отырмыз», - деп атап өтті «Қазақстан Республикасының фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының» басшысы Марина Дурманова.
Жиынды қорытындылай келе, «Атамекен» ҰКП медициналық қызметтер департаментінің директоры Назгүл Қабдрахманова Ұлттық палата №247 бұйрық жобасына теріс сараптамалық қорытынды беретінін және дәрі-дәрмек пен бмедицналық техниканың бағасын реттеу бөлігінде мемлекеттік органдармен бірлескен жиындар өтетінін хабарлады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: